«100 нақты қадамға» түзетулер енгізілмейді - Н. Нығматулин

АСТАНА. ҚазАқпарат - «100 нақты қадамның» бір де біреуіне түзетулер енгізілмейді. Бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында алтыншы шақырылымның алғашқы сессиясын қорытындылаған Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин осылай мәлім етті.

Баяндама барысында Мәжіліс төрағасы Парламенттің алдындағы маңызды міндеттеріне де тоқталып өтті. Оның айтуынша, Ұлт жоспары «100 нақты қадамды» заңнама арқылы қолдау - заң шығарушы биліктің басым бағыттарының бірі болып қала береді. 

 «Жаһандық экономикалық және саяси қатерлер қаупі артып отырған бүгінгі күні Елбасы айқындаған бес институттық реформаны тиімді жүзеге асырудың маңызы зор. Парламенттің алдыңғы шақырылымы Ұлт жоспары аясында мемлекетті, экономиканы, қоғамды дамытуға бағытталған, жаңа құқықтық ортаны қалыптастыратын заңдарды қабылдап, ағымдағы жылдың қаңтарынан бастап 59 заң күшіне енді. Алайда, ағымдағы сессияны ашу барысында Елбасы қандай да бір міндеттерді орындау тежеліп қалуы мүмкін екеніне алаңдаушылық білдірген болатын. Атап өтерлігі, Елбасы айқындап, жүзеге асыруды тапсырған «100 нақты қадамның» ешқайсысына түзету енгізілмеуі керек. Сондықтан да, депутаттар бірінші сессия барысында Ұлт жоспарын жүзеге асыруды қамтамасыз ететін онға тарта заңды қабылдаған болатын», - деді Н. Нығматулин.

Спикердің айтуынша, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыруға бағытталған жұмыстар алдағы уақытта жалғасып қана қоймай, салмақты әрі жүйелі деңгейге шығатын болады.  «Бұл үшін барлық 59 заңның жүзеге асырылуын бақылау үшін Мәжіліс депутаттары нақты бекітілетін болады. Олар осы заңдардың орындалуына мониторинг жүргізеді. Қажет болған жағдайда біз аталған заңдарды жетілдіру мәселесін де қарастыратын боламыз. Бұл маңызды шараларды үйлестіру жұмысы комитет төрағаларына жүктеледі», - деді Н.Нығматулин.