«100 оқулық»: Қазақ тіліне аударылған 18 кітап ЖОО-ларға қашан жеткізіледі

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы негізінде аударылған алғашқы 18 кітаптың еліміздегі жоғары оқу орындарына қашан жеткізілетіні анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кітаптардың университеттер мен институттарға жеткізілу мерзімін ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Қорының жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының оқулықтарды сараптауға арналған кездесуінде Ұлттық аударма бюросының жоба басшысы Әлібек Қисыбай айтты.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасында айтылып өткендей, бүгінде Қазақстанда инженерлер мен дәрігерлер ғана емес, болашақты терең түсінетін білікті гуманитарлық саланың мамандары да аса қажет. Сана модернизациясы гуманитарлық білімге тікелей байланысты. Осы орайда тарих пен саясаттану, әлеуметтану мен философия, психология, антропология, мәдениеттану, филология және педагогика ғылымдары бойынша студенттерге заманға лайық білім беру үшін жағдай жасау міндеті тұр. Осы міндетті іске асыруға мүмкіндік беретін негізгі тетік ретінде - «Жаңа гуманитарлық білім - қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы қолға алынды», - деді Әлібек Қисыбай.

Ол өз сөзінде аталған жоба бойынша алғашқы 18 кітап таныстырылғанын, Президент, Үкімет мүшелері және академиялық орта бұл оқулықтардың сапасын жоғары бағалағанын атап өтті.

«Аударылған кітаптарды таңдау үшін еліміздегі барлық оқу орындарынан ұсыныстар жиналып, біздің қорға барлығы 800-ден астам оқулықтың тізімі келіп түсті. Жинақталған тізімдердің негізінде бірнеше рет басылған, соңғы басылым кейінгі үш жылда шыққан, мазмұндық тұрғыдан бейтарап болуы қажет деген талаптарға сүйене отырып, 2017 жылы 18 оқулық таңдалды. Сонымен қатар, бұл оқулықтар дүниежүзіндегі ТОП-100 университеттің, мысалы Гарвард, Стэнфорд, Оксфорд, Колумбия университеттері секілді оқу бағдарламасында болуы тиіс еді», - дейді ол.

Іріктелген оқулықтарды аудару жұмысына Қазақстанның алдыңғы қатарлы оқу орындары мен 200-ге тарта маман қатысты. Әлібек Қисыбайдың айтуынша, аудармаға тек аудармашылар ғана емес, осы саланың білікті ғалымдары, академиктері мен профессорлары атсалысқан.

«Жоспарға сай, бұл оқулықтар мамыр айының соңына дейін ЖОО-ларға жеткізіледі. 2018-2019 оқу жылынан бастап аударылған оқулықтар жоғары білім беру жүйесіне енеді. Бұл оқулықтармен Қазақстанның барлық ЖОО-ларындағы студенттер оқытыла бастайды», - деді Әлібек Қисыбай.

Айта кету керек, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша қазақ тіліне 18 кітап аударылған болатын.