— Бұл жолы қатысушылар табиғат аясында, Бурабайда сыналған. Жобаға еліміздің түрлі әскери құрылымдарының сарбаздары қатысты. Олардың қатарында десантшылар, құтқарушылар, арнайы жасақ өкілдері мен әскери кадеттер бар. Сонымен бірге танымал спортшылар, актерлер мен блогерлерден құралған команда да өз күшін сынады. Дала сайысында қиындықтар көп болды. Жарақат алған қатысушы да бар, — деді жобаның жүргізушісі Дәурен Серғазин.
Жобаға барлығы 10 команда қатысқан. Оның тоғызы Қарулы күштер, Ішкі істер министрлігі және Төтенше жағдайлар министрлігі сияқты әскери және күштік құрылымдардың өкілдерінен жасақталса, тағы бір команда спорт, өнер және мәдениет саласының өкілдерінен құралған.
Түсірілім тобы әскерилердің бір тәуліктегі тіршілігін барынша шынайы көрсетуге тырысқан.
— Табиғаттың тосын сыйына қарамастан түсірілім жалғасты. Ерекшелігі — әскерилердің 24 сағат жұмысын көрсетуге тырыстық. Далада өмір сүрдік. Шынайы, сапалы кадрлар қамтылды, — деді жобаның продюсері Ерғұлан Жанпейісов.
Жобаны дайындау жұмыстары бір жарым айға созылған. Осы кезеңде түсірілім тобы сынақтарды алдын ала пысықтап, қатысушыларды іріктеген. Ал негізгі түсірілім 11 күнге жалғасқан.
Сайыс бағдарламасына күш, ептілік пен төзімділікті талап ететін бірнеше кезең енгізілген. Қатысушылар от жағып, жүзіп, тауға көтеріліп, ауыр жүк көтеріп, тас домалатып, қалқан ұстаған. Бұдан бөлек, «Батырлар жүгі» деп аталатын арнайы кезең ұйымдастырылған.
— 10 сарбазға 10 түрлі батырдың жүгі тапсырылды. Оны 100 шақырым жүгіріп өтіп, эстафетада тапсыру керек. Бұдан бөлек, ситуациялық сәттер де қамтылды. Ұпайды сарапшылар қойды. Финалға мықты команда ғана жетті, — деді Дәурен Серғазин.
Осылайша, жобаның екінші маусымында қатысушылардың физикалық дайындығымен қатар, төтенше жағдайда әрекет етуі, командалық жұмысы мен шешім қабылдау қабілеті де сыналған. Жобаның жаңа маусымын көрермендер Jibek Joly арнасынан тамашалай алады.