100 тонна құрал-жабдық, сфера және отшашу: Алматыда Канье Уэстің концертіне қалай дайындалып жатыр

АЛМАТЫ. KAZINFORM – 14 тамызда Алматының Орталық стадионында танымал америкалық әртіс Канье Уэстің концерті өтеді. Ұйымдастырушылар бұл ауқымды шоуға дайындық қалай жүріп жатқанын айтты.

Коллаж: Kazinform / Freepik /ИИ / AFP 2024 / Kevork Djansezian

«Қайрат» футбол клубымен келіссөз

First Media Group концертік жобаларды дамыту жөніндегі директоры Айтуар Әлібеков бастапқыда Орталық стадионның кестесін ескере отырып, концертті басқа күні өткізу жоспарланғанын айтты. Алайда әртістің жоспары өзгеруіне байланысты Алматыдағы шоудың күнін ауыстыру қажет болған.

Айтуар Әлібековтің айтуынша, концерт күнін өзгерту мүмкіндігі келісімшартта алдын ала қарастырылған. Осыдан кейін ұйымдастырушылар «Қайрат» ФК жәнк Орталық стадион басшылығымен, Алматы әкімдігімен және іс-шараны дайындауға қатысатын басқа да құрылымдармен келіссөздер жүргізген.

– Ақпараттық кеңістікте «Қайратпен» болған келіспеушілік туралы көп айтылды. Ешқандай да қақтығыс болған жоқ, ешкім ешкімді стадионнан қуған жоқ. Қазіргі таңда барлық мәселе реттелді. Концерт 14 тамыз күні Алматының Орталық стадионында өтеді, - деп мәлімдеді Айтуар Әлібеков.

First Media Group атқарушы директоры Альфия Нұрғұмарова «Қайрат» клубының өкілдерімен байланыста екенін хабарлады. Ұйымдастырушылар стадиондағы шөптің жағдайы үшін жауапкершілікті өз мойнына алған. Бұл - Спорттық ғимараттар дирекциясымен жасалған келісімшартта қарастырылған.

– Қаншалықты қаржылай шығындар талап етілуі мүмкін екенін түсінеміз. Барлық монтаж жұмыстары шөптің жағдайын бақылайтын агрономның қадағалауымен өтеді. Біз бұған дайынбыз және бәрін талқылап қойдық, - деді ол.

Сахна кез келген орыннан көрінеді

Әлеуметтік желілерде ең көп талқыланған тақырыптардың бірі — сахнаның көрінуі болды. Желі қолданушылары арақашықтықты өздігінен есептеп, белгілі бір сектордағы көрермендер әртісті көре алмай қалуы мүмкін деген сызбаларды жариялай бастаған.

Алайда ұйымдастырушылар сахна 360 градустық форматта жұмыс істейтінін және трибуналардан да, би алаңынан да жақсы көрінетіндей арақашықтықта орналасатынын атап өтті. Қазір Алматыдағы шоуды өткізу үшін 100 тоннадан астам техникалық құрал-жабдық жеткізіліп жатыр.

– Көпшілігі Алматыдағы концерт басқа қалаларда секілді ауқымды болмайды-ау деп жазды. Мүлде олай емес. Алматыда бейімделген нұсқасы емес, ғаламтордан көріп жүргендей ауқымды шоу көрсетіледі. Сахна да, сфера да, отшашулар да болады, - деп Айтуар Әлібеков.

Келіссөздер жарты жыл бұрын басталды

Концерт өтетіні жақында белгілі болғанымен, әртістің командасымен келіссөздер жарты жыл бұрын басталған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Канье Уэстің жоспарланған әлемдік туры бар. Ол Алматыдан кейін негізінен АҚШ-та жалғасады. Қазақстан тарапы халықаралық агенттермен және әртістердің менеджерлерімен байланыстың арқасында гастрольдік кесте туралы ақпаратты алдын ала алған.

Келіссөздер ұзаққа созылып, күрделі өткен. Ұйымдастырушыларға техникалық талаптарды, логистиканы, қауіпсіздікті, тұрмыстық райдерді және басқа да мәселелерді келісу қажет болды.

— Оларда әр бағытқа әртүрлі мамандар жауап береді. Әрқайсысы өз жауабын беріп, барлығы келісілгенше көп уақыт өтеді. Содан келіссөздер ұзақ әрі күрделі болды. Жалпы біз келіссөздерді шамамен жарты жыл бұрын бастадық. Ал дайындық мерзімі мұншалықты қысқа болады деп өзіміз де күтпедік. Біз тіпті қазан, қараша айларын да қарастырдық. Дегенмен турдың осы бөлігінен кейін әртістің бүкіл командасы Америкаға ұшып кетеді. Егер концертті, мысалы, қазан айында өткізсек, барлық құрал-жабдықты бөлек жеткізіп, бүкіл командамен қайтадан келісуге тура келер еді. Ал қазір барлық құрал-жабдық өздерімен жүр және командамен бірге Алматыға келеді, — деді Альфия Нұрғұмарова.

Билеттердің құны мен шетелдік көрермен

Альфия Нұрғұмарова билет бағасы әртістің командасымен келісілетінін, ал олардың құны концертті өткізуге кететін жалпы шығындарды ескере отырып қойылатынын атап өтті. Оның айтуынша, билеттер ресми сатылымда әлі де бар, бірақ отыратын орындар қалмаған.

Сонымен қатар медиакомпания өкілдері көрермендердің қайдан елдерден келгені туралы концерттен кейін соң белгілі болатынын айтты. Осыған дейінгі халықаралық іс-шараларды өткізу тәжірибесі көрсеткендей, шетелдіктер әдетте аудиторияның кемінде 20%-ын құрайды. Концерт үшін Алматыға Қытайдан, Орталық Азия елдерінен және басқа да мемлекеттерден меймандар келеді деп жоспарланған.

Одан бөлек концерт өтетін күні метрополитен жұмысын ұзарту жоспарланған. Ал көрермендерді тасымалдау үшін арнайы шатл-автобустар іске қосылмақ.

Еске салайық, бұған дейін Астана мен Бішкекте қаншалықты Канье Уэст концерті өтуі мүмкін екенін жазғанбыз.