100 тұрғыны бар ауылға 2,6 млн турист келген: Нидерландыдағы ауылға кіру ақылы болмақ
АСТАНА. KAZINFORM — Биыл Заансе-Сханс ауылына 2,8 миллион турист келуі мүмкін. Жергілікті билік бұл тым көп деп есептейді. Бұл туралы BBC агенттігі жазды.
Көптеген тарихи жел диірмені орналасқан Нидерландыдағы кішкентай Заансе-Сханс ауылының тұрғындары келушілердің шексіз ағынына төтеп бере алмайтындарын айтады.
Бұл ауылға Амстердам арқылы оңай, әрі тез жетуге болады. Еуропадағы ең танымал елдімекеннің 100 тұрғыны бар. Ауыл өте кішкентай болғанымен, былтыр мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен 2,6 миллион турист келген.
Жергілікті кеңес мұншалықты көп саяхатшының келуі шектен тыс деп санайды. Сондықтан келесі көктемнен бастап Заансе-Сханстың көрікті жерлерін көргісі келетін келушілер ауылға кіру үшін 17,50 евро төлеуге міндетті болады.
— Мұндай шектеу әлемде аз болса да, бар тәжірибе. Бізге 2017 жылы 1,7 миллион турист келді, ал биыл 2,8 миллионға жетуі мүмкін. Бірақ біздің ауыл өте кішкентай! Бізде миллиондаған адамға орын жоқ, — дейді жергілікті мұражай директоры Марике Вервей.
Айта кетейік, Қазақстан Хайнань туристік бағыты бойынша үздік үштікке кірді.