«100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы: Волонтерлер қызметіне сәбилер мұқтаж

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы, Нұр- Сұлтан қаласындағы Жастар театрының актері, волонтер Нұрбек Әлібек ҚазАқпарат тілшісіне волонтерлік қызметтің қызығы мен қиыншылығы туралы айтып берді.

Оның сөзінше адамның бойында еліне, жеріне, туған-туысына, жақынына деген ерекше сезім болады. Осы қасиеттерді жоғалтпаған адамнан нағыз волонтер шығады.

- Нұрбек өзіңіз туралы айтып берсеңіз?

- Мен 1994 жылы Алматы облысы, Панфилов ауданы, Нәдек ауылында қарапайым отбасында дүниеге келдім. Анам қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі. Әкем құрылысшы. Әпке-жездем бар. Ол кісілер медицина саласының мамандары. Балалық шағым Жоңғар Алатауының етегінде өтті. 2006 жылы Талдықорған қаласындағы өнер мектебіне және Дәнеш Рақышев атындағы қазақ мектеп-интернатына оқуға қабылдандым. Ол жерде Жетісу ән жыры мектебі бойынша бес жыл дәріс алдым.Ұстазым ҚР Мәдениет қайраткері Ерболат Шалдыбеков болды. Кейін Алматы қаласындағы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының театр факультетін тәмәмдадым. Биыл үлкен сахнада жүргеніме 15 жыл болды.

- Әдетте волонтерлік қазаққа тән қасиет дейді, сіз қалай ойлайсыз?

- Әрине, волонтерлік қазаққа тән қасиет екені белгілі. Қазақта кермет бір сөз бар. «Қазақ жетімі мен жесірін жылатпаған»,- деген. Қиналған жанға көмек қолын созатын, жүрегі мейірімге толы халықпыз. Әлемде мұндай халық өте аз. Оны мен театрмен шетелдерге гастрольдік сапарларға шыққанда байқадым. Қазақтың жүрегі кең. Бізде бауырға, туған - туысқа, айналаңдағы адамдарға деген мейрім шексіз. Бұл қазақтың қанына біткен дүние,тәрбие деп ойлаймын. Атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын кейбір мемлекеттерде туған ағасының, әпкесінің, інісінің телефон нөмірін білу міндетті емес деген түсінік қалыптасқан. Соны естіп жағамызды ұстағанбыз. Жалпы мұқтаж жанға көмек көрсету, жағдайын жасау, қиналып тұрған кезінде демеу бұл ата-бабамыздан келе жатқан дәстүр, күнделікті өмірге еніп кеткен табиғи құбылыс.

- Сізге бұл жолды таңдауға не түрткі болды?

- Өнер жолын таңдауға үлкен саханадағы қойылым, актерлердің шеберлігі түрткі болды. Ал, волонтерлікке келер болсам, Алғаш рет Атырау қаласында тұратын Жәния есімді қызға көмектескенмін. Ол қыз Оңтүстік Кореяда ем қабылдап, жаман аурудың бетін қайтарды. Қазір Аллаға шүкір аман есен. Сол қаракөз қарындасыма кішкене болсада көмек көрсетуім мені түбегейлі волонтерлікпен айналысуға алып келді. Қазір «Алтын жебе» еріктілер тобының мүшесімін. Мен кішкентай балалардың риясыз күлкісі үшін бәрін жасауға дайынмын. Мен өте балажанмын. Менің осал жерім сәби. Ұшақта, поезда, автобуста болсын бала көрсем болды соны ойнатып кетем. Кез келген бүлдіршінмен тез тіл табысамын. Ол менің артықшылығым деп ойлаймын. Сондықтан бойымдағы осы қасиетті волонтерлік арқылы көрсеткім келді.

- Волонтерлікпен айналысқалы өміріңізде қандай өзгерістер орын алды?

- Волонтерлікке келгелі көп өзгерістерді байқадым.Себебі, әрбір отбасына, әрбір бүлдіршінге көмек көрсету арқылы өзімнің, айналамдағы адамдардың, туыстарымның, достарымның саулығына шүкіршілік ете бастадым. Волонтерлік менің жауапкершілігімді арттырды. Сонымен қатар, жүрегім сыздап тұрсада, сыртқа білдірмей күлімсіреуді үйрендім. Оның мүмкін екенін түсіндім. Волонтер баланың оның ата- анасының жағдайын түсіну керек. Мұқтаж жанға барынша көмектесу қажет. Жалпы мейрімділік барлық адамда бар. Тек соны оятатын сәттер керек.

- Еріктілер қызметіне көбіне кімдер мұқтаж болады?

- Қазіргі таңда еріктілерге сәбилер мұқтаж. Өкінішке орай, жаман ауруға шалдыққан бүлдіршіндер өте көп. Ата-анамыз «осы сендер ауырғаша, өзіміз бір аунап тұрғанымыз дұрыс еді»,-деп айтатын. Сол сөздердің қаншалықты мағыналы, салмақты екенін енді түсіндім. Мен күн сайын науқас балалардың амандығын, олардың ауруынан айығып кеткенін тілеймін.

- «100 жаңа есім» жобасы жеңімпазға не береді?

– «100 жаңа есім» жобасында мен 2019 жылы жеңімпаз атандым. Мені ұсыған театр. Мен жеңіске жетем деп ойлағаным жоқ. Бұл жобаның мақсаты- жеңімпаздардың жауапкершілігін одан әрі арттыру деп ойлаймын. Бұл статусқа ие болғанан кейін ары қарай дамуың керек. Өйткені сені бір мемлекеттің бетке ұстар азаматысың. Елдің жүгін арқалаған ер ешқашан өзі мінген атмінберінен төмен түспеуі керек. «100 жаңа есім» жобасы мен үшін үлкен мүмкіндік болды.

– Әңгімеңізге рахмет!