Бұл туралы ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің кезекті отырысында «Қазконтент» АҚ басшысы Евгений Кочетов мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Жоба үздік азаматтарды іріктеумен шектелмейді. Ең басты жұмыстардың бәрі алда. Ендігі кезекте біз «Қазақстанның 100 жаңа есіміне» енген азаматтарды елге таныту жұмысымен айналысамыз. Кездесулер, талқылаулар, арнайы кітаптардың, сонымен бірге деректі фильмдердің жарыққа шығуы арқылы жұмыс жүргіземіз», - дейді «Қазконтент» АҚ-ның басшысы Евгений Кочетов.
Оның айтуынша, үздік жүздіктен көрінген азаматтарды шетелге де таныту жұмыстары назардан тыс қалмайды.
«Іріктелген азаматтардың есімі ел тарихына ене отырып, Қазақстанның бұдан кейінгі буыны үшін олар үлгі болады. Олардың есімін ел ішінде ғана емес, шетелге де танытуға тырысамыз», - дейді Кочетов.
Еске сала кетсек, 1 желтоқсан күні ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «100 жаңа есім» жобасының 102 жеңімпазымен кездескен болатын. Қазақстанның туын биікке көтерген спортшылар мен ақ халатты дәрігерлер, меценаттықпен көзге түскен белді кәсіпкерлермен ғалымдар, мәдениет пен қоғамдық салада ел аузында жүрген азаматтар Елбасының жылы лебізіне бөленген еді.