100 жыл бұрын Қызылорда астана атанғанда қала халқының саны қанша еді
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда Қазақ АКСР-нің астанасы болған уақытта қала қарқынды дамыды. Қоныстанушылар көбейіп, оқу, өндіріс орындары мен мекемелер саны артты.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті гуманитарлық-педагогикалық институтының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Сағат Тайман республиканың әкімшілік орталығы болған кездегі қала өміріндегі өзгерістерге тоқталды.
— Қала тұрғындарының саны 22,5 мыңнан асты. Қалаға электр жарығы қосылып, осында түрлі мекемелер мен өндіріс орындарының іргетасы қалана бастады. Кондитерлік фабрика, ет комбинаттары, сыра зауыты, сонымен қатар түрлі артелдер көбейді. Орта және арнаулы оқу орындары, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы мекемелері, қазақ эпидемиология және гигиена институты негізінде егу лабораториясы дүниеге келді, — деді ғалым.
1925-1928 жылдары Қызылордада болған Қазақ халық ағарту институтында А.Байтұрсынұлы дәріс оқыды.
Тұңғыш қазақ ғылыми-зерттеу, жер қыртысын зерттеу, мал дәрігерлік- бактериологиялық институттары жұмысын бастады.
Сыр бойындағы бас шаһарда сонымен қатар көптеген ақпарат құралы шоғырланды.
Республикалық «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан»), «Советская степь» (қазіргі «Казахстанская правда»), «Ауыл» газеттері мен «Әйел теңдігі», «Денсаулық жолы», «Жаңа әдебиет», «Жаңа мектеп» журналдары жарық көрді.
Тұңғыш театр шымылдығы Қызылорда қаласында 1926 жылы 13 қаңтарда М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасымен және халық өнерпаздары қатысқан үлкен концертпен ашылды.
— Саз балшықтан салынған үй-жайлардың орнында қос қабатты үйлер сап түзеді. Сол кездегі мөлшермен құрылысқа қыруар қаржы бөлінген. 1925 жылы Орынбордан жаңа астанаға 49 мекеме мен 1 150 қызметкерді көшіру қажет болды. Көшіру комиссиясын орналастыру үшін әртүрлі нысандарды, тіпті сарайларды, жазғы асханалар мен моншаларды бейімдеуге тура келді, — дейді ол.
Еске салсақ, Қызылорда қаласы тура бір ғасыр бұрын Қазақ АКСР-нің астанасы болды. Бүгінде қала тұрғындарының саны сол кездегіден әлденеше есе өсіп, 280 мыңнан асты.
Қызылордадағы кейбір ғимараттар қала Қазақ Республикасының астанасы болған кезеңнің сарқытындай сақтаулы тұр. Соның бірі — құтқарушы Христос шіркеуі туралы жақында жазғанбыз.