Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада сауда нүктесіне жиналған тұрғындардың киім алу кезінде итерісіп, бір-бірімен таласқан сәті бейнеленген.
— Бұл — Қызылордадағы «Жібек жолы» сауда үйінің 3-қабатында 4 қараша күні болған жағдай. Адамдарды қорлау емес пе бұл?! Ортаға бір қапты лақтырып жіберген. Содан кейін адамдар 1000 теңгелік күртелерді алу үшін бір-бірінің үстіне шығып, таласа бастаған. Киімдерді бір-бірден, кезекпен таратуға болмай ма? — делінген Instagram әлеуметтік желісіндегі KritikaKyzylordy парақшасындағы жазбада.
Әлеуметтік желі қолданушылар қауіпсіздік талаптарының сақталмауына және науқанның ұйымдастырылуына сын айтты.
Қызылорда әкімдігі аталған мәселеге байланысты түсінік берді.
— 4 қараша күні өткізілген науқан аясында қауіпсіздік шараларының сақталмауына байланысты дүкен иесіне айыппұл салынғанын хабарлаймыз, — делінген ресми жауапта.
Еске салайық, жыл басында Қызылорда қаласында спорттық аяқ киімдер дүкенінде барлық затты жеңілдікпен жаппай сатылымға шығаруына байланысты халық арасында дүрбелең туындаған. Оқиғаға байланысты кәсіпкер кешірім сұрады.