Шартқа сәйкес, төлем 20 күндік мерзімге кейінге қалдырылып төленуі тиіс болған. Алайда ЖШС басшысы ретінде әрекет еткен әйел өз міндеттемелерін орындамаған. Амалы таусылған фермерлер сотқа жүгінуге мәжбүр болған.
Бұған дейін кәсіпкер әйел аса ірі көлемде мүлікті ұрлағаны үшін сотталған екен. Сот барысында оның ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден бидайды төлем жасау ниетінсіз қабылдағаны анықталды.
Іс материалдарына сәйкес, шаруашылыққа келтірілген залал көлемі шамамен 100 миллион теңгені құраған. 2022 жылдың қаңтарынан 2024 жылдың ақпанына дейінгі кезеңде жауапкер бар болғаны 21,5 миллион теңге ғана қайтарған. Қалған қаражаттың төленгенін дәлелдейтін құжаттар сотқа ұсынылмаған.
Сот талап-арызды ішінара қанағаттандырып, кәсіпкерді материалдық залалды өтеуге және сот шығындарын төлеуге міндеттеді. Қазіргі уақытта бұл шешім заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетсек, Қостанай облысында кәсіпорын өз қызметкерлеріне 56 миллион теңге шамасында еңбекақы төлемегенін жаздық.