Таяуда әлеуметтік желіде сатылымға арал шығарылғаны туралы жазда жарияланған болатын. Онда «Аралды сатып алу мүмкіндігі күнде кездесе бермейді. Жеке меншіктегі 22,5 гектар жер біртұтас инвестициялық жоба ретінде ұсынылып отыр» деп жазылған. Аралдың сатылым бағасы 10 миллион АҚШ доллары деп бағаланыпты.
Алайда кейін республикалық БАҚ-тардың бірінде арал иесі Совет Мұхитовтың аралдың сатылмайтындығын айтқан видеосы тарады. Осы ретте, Kazinform тілшісі ШҚО Жер қатынастары басқармасына сауалхат жіберіп, бұл аралдың жеке меншікке қалай өткенін, оның сатылымға қойылуы қаншалықты заңды болатындығын сұрап көрді.
— Аталған арал Шығыс Қазақстан облысының Алтай ауданындағы Бұқтырма су қоймасы аумағында орналасқан. Ауданаралық экономикалық соттың шешімі негізінде Алтай ауданы әкімдігінің 08.08.2006 жылғы № 2595 қаулысымен жер учаскесі жеке меншікке берілген. Жер учаскесін сатып алу бағасы және оны сату бағасы туралы мәліметтер басқармада жоқ, — деп жауап берді басқарма басшысы Надежда Михейлис.
Аралдың аумағы 2008 жылы кадастрлық нөмірлері 05-070-033-027 (ауданы 161,1 га), 05-070-033-030 (ауданы 24,7 га), 05-070-033-028 (ауданы 24,1 га), 05-070-033-029 (ауданы 15,1 га) 4 жер учаскесіне бөлінген.
— Жер учаскелерінің нысаналы мақсаты — тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін деп көрсетілген. ҚР Жер кодексінің 24-бабына сәйкес, жер учаскесiне жеке меншiк құқығын сатып алу ақысын толық төлеген тұлғаның жер учаскесiмен Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған мәмiлелердiң кез келген түрiн жасасуға құқығы бар, — дейді Н. Михейлис.
Еске салсақ, осыған дейін Астанада қонақүй құрылысы үшін 26 жер учаскесі мәжбүрлеп алынатындығы хабарланған.