11 ақпан СЕЙСЕНБІ
Иран Ислам Республикасының Ұлттық мейрамы - Революция күні (1979). Астанасы - Тегеран қаласы. Ресми тілі - парсы тілі. Мемлекеттік діні - ислам дінінің шиіт тармағы. Ақша бірлігі - риал. Елді президент басқарады және ол төрт жылға сайланып, Министрлер Кабинетін де басқарады. Жоғарғы заң шығарушы органы - бір палаталы парламент.
Иран 1960 жылдан бастап Батыс үлгісінде дами бастады. Елде шет ел капиталының үстемдік алуы, ұлттық құндылықтардың аяққа басылуы 1978-1979 жылдары халықтың шаһ үкіметіне қарсы жаппай бас көтеруіне алып келді. Оны елдегі шиіт дінбасылары басқарды. 1979 жылғы ақпанның 11-інде болған революция нәтижесінде шаһ үкіметі құлап, сәуірдің 1-інен бастап Иран Ислам Республикасы жарияланды. Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы қаңтардың 29-ында орнатылды. Жапонияның мемлекеттік мейрамы - мемлекеттің құрылған күні Кэнкоку кинэн-но хи). Соғысқа дейін империяның (Кигэнсэцу) құрылған күні ретінде атап өтілетін.
Дүниежүзілік аурулар күні. 1992 жылы мамырдың 13-де Рим папасы Иоанн Павел II бекіткен.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
2 2 жыл бұрын (1992) Мәскеуде Қазақстан Республикасы мен Испания Корольдігі арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнату туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойылды.
20 жыл бұрын (1994) ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қылмысқа қарсы күрес жөніндегі кеңес құру туралы» Жарлығы шықты.
17 жыл бұрын (1997) «Кеңес Одағының Маршалы И.С Конев атындағы Алматыдағы жоғары әскери училищесін Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері әскери академиясына өзгерту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығы шықты.
14 жыл бұрын (2000) Абылай хан атындағы Қазақ мемлекеттік халықаралық қатынастар және шет тілдер университетінің Алматыдағы бас ғимараты алдында Абылай ханға ескерткіш орнатылды.
9 жыл бұрын (2005) әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетінде академик Манаш Қозыбаев атындағы дәрісхананың салтанатты ашылу рәсімі өтті.
М.Қозыбаев (1931-2002) Кеңес заманында бұрмаланып келген қазақ тарихын сан ғасырлық мұрағат құжаттарын зерттеу нәтижесінде жазып шыққан ғалым. Ол саяси қуғын-сүргін кезінде құрбан болған қазақ зиялыларын ақтау туралы бірінші болып мәселе көтеріп, Парламенттегі ақтау комиссиясын басқарды. Көрнекті ғалымның мыңнан астам зерттеу еңбектерінің біразы Қытай, АҚШ, Түркия, Корея, Иран елдерінде аударылып, кітап болып шықты. Ал, ҚР Үкіметінің қаулысымен еліміздегі бірсыпыра білім шаңырақтарына ғалымның есімі берілді.
9 жыл бұрын (2005) Павлодарда облыстағы мәдени-ұлттық орталықтардың қызметіне арналған кітап-альбом жарық көрді. Кітапта 23 мәдени-ұлттық орталықтардың және олардың ауылдық бөлімшелерінің әңгімелері жазылған. Түрлі-түсті суреттерде шығармашылық ұжымдардың, Қазақстан халқы кіші Ассамблеясының ардагерлері және белсенділері көрсетілген. Кітап-альбом тарауының бірі Қазақстан халықтарының мәдениетіне және облыстық мәдениет фестивальдеріне арналған. Суреттердің авторы - фотошебер Александр Пархоменко.
6 жыл бұрын (2008) Астанада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен сол жағалауда орналасқан «Сарыарқа» сауда орталығы ашылды. Орталықтың жалпы ауданы - 40 мың шаршы метр, мұнда киім-кешек, аяқ киім, косметика, тұрмыстық техника және электотехника дүкендері орналасқан. Белгілі киім үлгілерінің өкілдері өздерінің бутиктерін ашты. Сауда орталығының құрылысы 61 млн доллар инвестицияны құрады. «Сарыарқа» сауда орталығында сонымен қатар 8 залы бар кинотеатр, ресторан, дәмхана ашылды.
4 жыл бұрын (2010) Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратында «Нұрсұлтан Назарбаев: гуманизм және саяси ерік» атты орысша шыққан кітаптың тұсаукесер рәсімі болып өтті.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н. Назарбаевтың саяси және мемлекеттік қайраткерлігі туралы сыр шертетін кітаптың авторлары - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Жемқорлықпен күрес жөніндегі Республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы Оралбай Әбдікәрімов, философия ғылымдарының докторы, профессор Гурий Хан, философия ғылымдарының кандидаты ҚазГЗУ профессоры Ирина Хан.
Кітапта сондай-ақ Мемлекет басшысының баяндамалары, мақалалары, еңбектері негізінде оның барлық саяси және мемлекеттік қызметіне қатысты ғылыми пайымдаулар мен жүйелі талдаулар жасалған. Авторлар ғылыми-философиялық талдаулар жасай отырып, тұтастай қазақстандық қоғамды жетілдірудегі саяси көшбасшының ізгілікті қағидаттарына баса мән береді.
Кітаптың тұсаукесеріне Парламент депутаттары, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері қатысты.
4 жыл бұрын (2010) Ұлыбритания астанасы - Лондонда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлектері қауымдастығының бөлімшесі ашылды.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Түлектер қауымдастығы 2009 жылы құрылған. Одан бері Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлектері қауымдастығының бөлімшелері Қазақстанның әр облысында және Мәскеуде ашылған болатын.
Бүгінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті түлектерінің саны 125 мың адамды құрайды.
4 жыл бұрын (2010) Сотталғандарға арналған республикалық газеттің бірінші нөмірі шықты.
Газеттің «Үміт сәулесі» («Луч надежды») деп аталуының өзі бас бостандығынан айырылған жерлерде отырған адамның жай-күйін білдіреді. Басылым сегіз бет болып шықты.
85 жыл бұрын (1929) Римнің қақ ортасында әлемдегі ең ерекше ел - Ватикан мемлекеті құрылды.
8 жыл бұрын (2006) Италияның Турин қаласында ХХ қысқы Олимпиада ойындарының салтанатты ашылу рәсімі 2006 жылғы Олимпиада ойындарын ұйымдастыру комитетінің төрағасы Валентино Кастеллани мен Халықаралық Олимпиадалық комитеттің басшысы Жак Роггенің құттықтауымен ашылды.
4 жыл бұрын (2010) К.Байсейітова атындағы елордадағы ұлттық опера және балет театрында «Тәуелсіздік толғауы» республикалық конкурсының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті.
3 жыл бұрын (2011) Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының ғылыми кітапханасында Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» поэтикалық шығармасына арналған кеш өтті.
3 жыл бұрын (2011) «Нұр Отан» ХДП ХІІІ съезінде азиялық саяси партиялар халықаралық конфедерациясының төрағасы Хосе де Венесия Азияның үш жүз билеуші және оппозициялық партияларының атынан ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа «Көрнекті жетістіктері және адамзатқа еткен қызметі үшін» орденін тапсырды.
3 жыл бұрын (2011) «Ғарыштық зерттеулер және технологиялар Ұлттық орталығы» АҚ-ның Ғарыштық зерттеулер институтына ҚазКСР ҒА академигі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Өмірзақ Сұлтанғазиннің (1936-2005) есімі берілді.
2 жыл бұрын (2012) Алматыда Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайында белгілі қазақ мүсіншісі Рысбек Ахметовтің (1942-1995) мерейтойлық көрмесі ашылды.
1 жыл бұрын (2013) Ақтауда Ш.Есенов атындағвы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінде жүзу бассейні бар спорт кешені салтанатты ашылды.
ЕСІМДЕР
94 жыл бұрын (1920-1980) соғыс және еңбек ардагері, Кеңес Одағының батыры ЖОЛДАСОВ Лесбек Бәйімбетұлы дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданында туған.
2-дүниежүзілік соғыста Қызыл тулы 316-атқыштар дивизиясы құрамында Сумы, Белгород, Орел қалалары маңында, Дунай жағалауында болған ұрыстарға қатысқан. Дунай өзенінен өту кезеңіндегі ұрыста рота командирі Л.Жолдасов асқан ерлік көрсетіп, жаудың 60 солдаты мен офицерін жойды.
Соғыстан кейін Қазақ педагогикалық институтын бітіріп, туған ауылында мектеп директоры болды.
Ленин, 2-дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, медальдармен марапатталған.
90 жыл бұрын (1924-1997) заң ғылымының кандидаты, профессор, КСРО Ішкі істер министрлігінің құрметті қызметкері, милиция генерал-майоры, Ұлы Отан соғысы ардагері БЕЙСЕНОВ Бәрімбек Сәрсенұлы дүниеге келді.
Жамбыл облысында туған. Алматы заң институтын бітірген. 1952-1957 жылдары Алматы қалалық прокуратурасының тергеушісі, аға тергеуші қызметін атқарған. 1957-1960 жылдары Қазақстан ҒА Философия және құқық институтының аспирантурасында оқыған. 1960-1964 жылдары - КСРО ІІМ Мәскеу жоғары мектебі Алматы бөлімшесінің доценті. 1964-1969 жылдары Қазақ мемлекеттік университетінің доценті, проректоры қызметтерін атқарды. Бейсенов республикадағы алғашқы тәртіп сақшыларын даярлайтын оқу орны - Қарағанды жоғары милиция мектебін ұйымдастырушылардың бірі. 1969-1985 жылдары осы оқу орнының бастығы, кейін сол мектептің Алматыдағы бөлімшесінде оқытушы болды. Ғылыми еңбектері қылмыстық құкықтың, криминалистиканың мәселелерін зерттеуге арналған. Қылмыстық құқықтың білгір-маманы, теоретигі ретінде ол Ішкі істер министрлігі, Жоғарғы сот, Бас прокуратура, Конституциялық сот орындарының, Ғылыми-консультативтік кеңесінің тұрақты мүшесі болды. Республиканың Қылмыстық Кодексін жасауға қатысты. Заң қызметкерлерінің республикалық қауымдастығының вице-президенті болған.
1-ші дәрежелі «Отан соғысы», «Халықтар достығы» ордендерімен, медальдермен, Қазақстан және Қырғызстан Жоғарғы Кеңестерінің Құрмет грамоталарымен марапатталған.
6 9 жыл бұрын (1945) ҚР-ның еңбек сіңірген әртісі, қырық жылға жуық уақыт Қазақ радиосының дикторы болған ЖАҚАНОВА Сауық Мәсіғұтқызы дүниеге келді.
Қарағанды облысында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. «Сөйлеу техникасы», «Жүргізушінің сөйлеу мәдениеті» кітаптарының авторы. 1966-2002 жылдары - Қазақ радиосының дикторы. 1998 жылдан осы кезге дейін Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының сахна сөзі оқытушысы. 2000 жылдан осы кезге дейін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінің оқытушысы, доцент.
«Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. ҚР еңбек сіңірген әртісі.
51 жыл бұрын (1963) Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры МҰХАМЕДИҰЛЫ Арыстанбек дүниеге келді.
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, ҚР «Құрмет» орденінің кавалері, Кореядағы «Қазақстан Республикасы өнері мен мәдениетінің Әлемдік шебері» атты жоғары атағының иегері.
Алматы облысында туған. Өз еңбек жолын 1984 жылы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясындағы Мемлекеттік симфониялық оркестрдің артисі, Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің бас маманы (1991-1993 ж.ж.) қызметінен бастады. 1993 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің көмекшісі болып тағайындалды.
1997 жылы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік Басқарудың Ұлттық жоғары мектебін мемлекеттік басқару мамандығы бойынша тәмамдады. 2001 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің аспирантурасын аяқтап, 2003 жылы тарих ғылымдарының кандидаты (Ph.D) ғылыми дәрежесі ұйғарылған кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады.
Кейінгі жылдары ол Қазақстан Республикасының Республикалық Гвардиясы Президенттік оркестрінің бастығы, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінде «Республикалық және халықаралық мәдени бағдарламалар дирекциясы» РМҚК-нің атқарушы директоры, «Қазақ әндері» АҚ-ның президенті болып қызмет атқарды.
2006 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің вице-министрі болып жұмыс істеді. Ол - «Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасы секілді Үкіметтік және халықаралық деңгейде өткізіліп жүрген ірі масштабтағы мәдени шаралардың ұйымдастырушысы.
2007 жылдан ол Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Әлеуметтік-саясат бөлімінің бас инспекторы, Ішкі саясат бөлімі сектор мәдениетінің меңгерушісі қызметтерін атқарды.
А.Мұхамедиұлы үлкен ұйымдастырушылық жұмыспен қатар шығармашылық қызметпен де айналысады. Ол - рухани оркестр марштарының, «Бақыт құсы», «Жастар вальсі» композицияларының, «Астана», «Асыл сезім», «Достарым» әндерінің және т.б. музыкалық шығармалардың авторы, сонымен қатар мәдениет пен өнер мәселелеріне арналған мақалалардың авторы.
2008 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының ректоры болып тағайындалды. Қазіргі заманғы халықаралық тәжірибені терең меңгергендігінің арқасында өнер мамандарын даярлауда академияда жоғары оқу орнынан кейінгі ғылыми-практикалық орталық, шығармашылық лаборатория және академияның өзге де құрылымдық бөлімшелері ашылды.
Т.Қ.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА-ның ректоры қызметіндегі тынымсыз мақсатты және күнделікті жұмысының нәтижесі академияны оқытудың дәстүрлі түрінен қазіргі заманғы кредиттік оқыту технологиясына көшіруге ықпал етті. Оның бастамасымен және тікелей қатысуымен алғаш рет академияда 30 жыл ішінде болмаған өнер мамандары бойынша диссертация қорғау жөніндегі Диссертациялық Кеңес жұмыс істей бастады. 2010 жылы академияның Халықаралық аккредитациядан өтуі қызу еңбектің қорытындысы болды. Академияда алғаш рет Ph.D. Докторантура ашылды.
Ол халықаралық байқаулар мен фестивальдердің алқа мүшесі, халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар жұмысына белсене қатысады.
ЮНЕСКО, ШСҰ және т.б. ұйымдар аясындағы республика деңгейінде және шет елдерде өтетін халықаралық байқаулар мен фестивальдер сценарийлерінің авторы және қоюшы режиссері ретінде белгілі.
Халықтар достығын насихаттайтын, түрлі ұлт актерлары қатысатын «Ұлт театры» қоғамдық тәжірибелік театрының негізін қалаушылардың бірі және көркемдік жетекшісі болып табылады. «Ұлт театры» - қоғамның жоғары бағасына ие болған бірден бір театрлық жоба.
53 жыл бұрын (1961) ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі АХМЕТБЕКОВ Жамбыл Аужанұлы дүниеге келді.
Целиноград облысы, Қорғалжын ауданы, Жантеке селосында туған. Целиноград ауылшаруашылығы институтын бітірген. Еңбек жолын 1983 жылы Қорғалжын кеңшарында механик ретінде бастаған. 1983-1987 жылдар аралығында - Қазақстан ЛКЖО Қорғалжын аудандық комитеті Қорғалжын кеңшары космсомол комитетінің хатшысы. 1987-1990 жылдар аралығында - Қазақстан Компариясы Қорғалжын аудандық комитеті идеология бөлімінің нұсқаушысы. 1990-1992 жылдар аралығында - Қазақстан ЛКЖО Қорғалжын аудандық комитетінің бірінші хатшысы. 1992-1994 жылдар аралығында - Қарағанды облысы Теңіз аудандық әкімшілігі мәдениет бөлімінің меңгерушісі. 1994-1997 жылдар аралығында - Қорғалжын аудандық әкімшілігі жастар ісі, туризм және спорт бөлімінің меңгерушісі, мәдениет бөлімінің меңгерушісі. 1997-1998 жылдар аралығында - автомобилге жанар-жағар май құю стансасының механигі. 1998-2001 жылдар аралығында - Ақмола облыстық «Сұңқар» әскери-техникалық лицейының взвод командирі, директордың әскер-техникалық дайындық жөніндегі орынбасары. 2001-2002 жылдар аралығында - Дружба орта мектебі директорының әскери-патриоттық тәрбие жөніндегі орынбасары. 2002-2003 жылдар аралығында - аудандық білім бөлімінің алғашқы әскери дайындық және спорт жөніндегі әдіскері. 2003-2005 жылдар аралығында - Қорғалжын ауданы әкімі аппаратының бас маманы, ұйымдастыру-бақылау бөлімінің бастығы. 2005-2011 жылдар аралығында - Қазақстан Коммунистік Халық партиясы Орталық Комитетінің аппарат басшысы, хатшысы. 2012 жылғы қаңтардан бастап - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі, Коммунистік Халық партиясы Орталық Комитетінің хатшысы.
94 жыл бұрын (1920-1965) Египет королі (1936-1952) ФАРУК I дүниеге келді.
97 жыл бұрын (1917-2007) американ жазушысы және сценарисі Сидни ШЕЛДОН дүниеге келді.
8 8 жыл бұрын (1926-2010) американдық комедия актері Лесли НИЛЬСЕН дүниеге келді.
1 20 жыл бұрын (1894-1959) орыс кеңестік жазушысы Виталий БИАНКИ дүниеге келді.