ЕСІМДЕР
100 жыл бұрын (1923 жылы) Қазақстанның халық әртісі, театр және кино актері Юрий Борисович ПОМЕРАНЦЕВ дүниеге келген.
Украинада, Киев қаласында туған. Ал біраз уақыт өткен соң оның отбасы Қарағандыға қоныс аударады. Әкесінің қазасынан кейін оған және оның анасына Мәскеуге көшуге тура келді және сол жақтан майданға аттанды. Ауыр жараланғаннан кейін, 1943 жылы Юрий Борисович Алматыға келіп, өзінің актерлік мансабын бастайды. Актер театр және кинода ондаған рөлдерді сомдады. Дегенмен, көрермендер оны Шәкен Аймановтың «Біздің сүйікті дәрігер» картинасындағы бас кейіпкер Анатолий Лавровтың рөлінде жақсы таниды. Халық әртісінің бар ғұмыры театрмен байланысты. Осы салада еңбек етіп келе жатқанына 75 жыл толды. Оның 66 жылы Алматыдағы Лермонтов атындағы академиялық драма театрында өтті. Осы уақытта 300-ден аса кейіпкердің бейнесін сәтті алып шықты. Соның ішінде Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы бойынша 1968 жылы қойылған Абай драмасындағы басты рөлі де бар. 2018 жылдың мамыр айында Юрий Померанцевке ең жоғары дәрежелі «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді. Сонымен қатар, дәл сол жылы актер Ресей Федерациясының «Достық» орденін алды.
78 жыл бұрын (1945) Қазақ радиосының сандуғашы, қырық жылға жуық диктор болған Сауық Мәсіғұтқызы ЖАҚАНОВА дүниеге келді. Қарағанды облысында туған. С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. «Сөйлеу техникасы», «Жүргізушінің сөйлеу мәдениеті» кітаптарының авторы. 1966-2002 жылдары - Қазақ радиосының дикторы. 1998 жылдан Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының сахна сөзі оқытушысы. 2000 жылдан Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінің оқытушысы, доцент. «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. ҚР еңбек сіңірген әртісі.
62 жыл бұрын (1961) ҚР Мемлекет және қоғам қайраткері Жамбыл Аужанұлы АХМЕТБЕКОВ дүниеге келді. Ақмола облысының Қорғалжын ауданы Жантеке ауылында туған. Целиноград ауыл шаруашылығы институтын (қазіргі С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті) бітірген. Еңбек жолын 1983 жылы Қорғалжын кеңшарында механик ретінде бастаған. 1983-1987 жылдар аралығында - Қазақстан ЛКЖО Қорғалжын аудандық комитеті Қорғалжын кеңшары комсомол комитетінің хатшысы. 1987-1990 жылдар аралығында - Қазақстан Компартиясы Қорғалжын аудандық комитеті идеология бөлімінің нұсқаушысы. 1990-1992 жылдар аралығында - Қазақстан ЛКЖО Қорғалжын аудандық комитетінің бірінші хатшысы. 1992-1994 жылдар аралығында - Қарағанды облысы Теңіз аудандық әкімшілігі мәдениет бөлімінің меңгерушісі. 1994-1997 жылдар аралығында - Қорғалжын аудандық әкімшілігі жастар ісі, туризм және спорт бөлімінің меңгерушісі, мәдениет бөлімінің меңгерушісі. 1997-1998 жылдар аралығында - жанар-жағар май құю стансасының механигі. 1998-2001 жылдар аралығында - Ақмола облыстық «Сұңқар» әскери-техникалық лицейінің взвод командирі, директордың әскер-техникалық дайындық жөніндегі орынбасары. 2001-2002 жылдар аралығында - Дружба орта мектебі директорының әскери-патриоттық тәрбие жөніндегі орынбасары. 2002-2003 жылдар аралығында - аудандық білім бөлімінің алғашқы әскери дайындық және спорт жөніндегі әдіскері. 2003-2005 жылдар аралығында - Қорғалжын ауданы әкімі аппаратының бас маманы, ұйымдастыру-бақылау бөлімінің бастығы. 2005-2011 жылдар аралығында - Қазақстан Коммунистік Халық партиясы Орталық Комитетінің аппарат басшысы, хатшысы. 2012-2016 жылдары - Бесінші сайланымдағы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі, 2016-2021 жылдары - Алтыншы сайланымдағы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі, 2021 жылдан қазіргі қызметінде.
41 жыл бұрын (1982) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі аппаратының басшысы Батырбек Сұлтанұлы ӘБДІЛДИНдүниеге келді.
Қостанай облысында туған. А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін, Орталық Азия университетін, Сингапур университетін тәмамдаған.
Еңбек жолын 2001 жылы Қазақстандағы шетелдік коммерциялық ұйымның өкілі ретінде бастаған. 2002-2005 жылдары — ҚР Индустрия және сауда министрлігінің «Құрылыс консалтинг» АҚ маманы; мемлекеттік сатып алу бөлімінің басшысы; директорының орынбасары. 2005-2009 жылдары жеке ұйымдарда басшылық қызметтерді атқарды. 2009-2011 жылдары — «Заманауи медициналық технологияларды енгізу орталығы» РМК мемлекеттік сатып алу және материалдық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы; директорының орынбасары. 2011-2015 жылдары — «Астана қаласы әкімдігінің №1 қалалық ауруханасы» МКК бас дәрігерінің орынбасары. 2015-2020 жылдары жеке секторда еңбек еткен. 2018-2019 жылдары — Қазақстанның медициналық туризм қауымдастығының атқарушы директоры. 2020-2021 жылдары — ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Жобалық кеңсесінің басшысы.
Қазіргі қызметінде – 2021 жылдың маусымынан.