11 ақпан. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 11 ақпан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.
ЕСІМДЕР
81 жыл бұрын (1945) Қазақ радиосының сандуғашы, қырық жылға жуық диктор болған Сауық Мәсіғұтқызы ЖАҚАНОВА дүниеге келді.
Қарағанды облысында туған. С. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.
Еңбек жолы: 1966-2002 жылдары Қазақ радиосының дикторы болып қызмет атқарды. 1988-2000 жылдары Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының сахна сөзі оқытушысы болып қызмет етті. 2000 жылдан — әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің оқытушысы, доцент.
«Сөйлеу техникасы», «Жүргізушінің сөйлеу мәдениеті» кітаптарының авторы.
«Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. ҚР еңбек сіңірген әртісі.
47 жыл бұрын (1979) қазақстандық спортшы және қоғам қайраткері, жекпе-жек өкілі, ММА, джиу-джитсу және каратэден 5 дүркін әлем чемпионы, Азия дзюдо одағы президентінің кеңесшісі Айдар Әлімжанұлы МАХМЕТОВ дүниеге келді.
Каратэден Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері (2012), каратэден халықаралық дәрежедегі спорт шебері (2003), панкратионнан халықаралық дәрежедегі спорт шебері (2003), джиу-джитсудан халықаралық дәрежедегі спорт шебері (2019). Қазақстан Республикасының Құрметті спорт қайраткері (2021).
1996 жылы Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін бітірген. Кассель университеті экономика ғылымдарының магистрі (2002), Кельн университетінде докторантураны бітірген (2011). Саясат ғылымдарының докторы (Dr.rer.pol.).
Еңбек жолы: 2004-2006 жылдары «Инжиниринг және технологиялар трансферті орталығы» АҚ-ның менеджері, жетекші менеджері, бас менеджері, коммерцияландыру департаментінің директоры, «Қазақстан Республикасының Ұлттық биотехнология орталығы» РМК маркетинг департаментінің директоры, 2006-2007 жылдары «Қазына» тұрақты даму қоры» АҚ инвестициялық менеджері, 2008 жылы Германияның Кельн қаласында DEG — Неміс Даму және инвестициялар банкінің қызметкері, 2008-2010 жылдары Германияның Гейдельберг қаласында HeidelbergCement Group концернінің ТМД елдері бойынша аға кеңесшісі, 2010-2011 жылдары «Астана» велокомандасының коммерциялық директоры, Ницца, Франция, 2012-2013 жылдары «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Сыртқы және ішкі коммуникациялар департаментінің директоры, 2013-2015 жылдары «Астана» Президенттік кәсіби спорт клубының бас менеджері, Қамқоршылық кеңесінің мүшесі, 2015-2018 жылдары «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Қоғаммен байланыс департаментінің директоры, 2019 жылы ҚР Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» РММ директорының орынбасары болып қызмет атқарған.
Қазіргі лауазымын 2025 жылдың қыркүйегінен бері атқарып келеді.
46 жыл бұрын (1980) «ӘКК «Қонаев» АҚ Басқарма төрағасы Мұрат Кеңесұлы ӘБДІҒҰЛОВ дүниеге келді.
2001 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін «Құқықтану» мамандығы, 2003 жылы «Құқықтану магистрі» мамандығы, 2017 жылы Ресей халық шаруашылығы және Мемлекеттік қызмет академиясының «Экономикалық дамуды мемлекеттік басқару магистрі» мамандығы бойынша аяқтаған.
Еңбек жолын 2001 жылы Жетісу аудандық сотының бас маманы болып болып бастаған. Әр жылдары «ҚазПетройл» ЖШС Заң департаментінің директоры, «Қазақстан Каспий-шельф» АҚ бас маманы, ҚР Сыртқы істер министрлігі «Дипломатиялық корпустың қызмет көрсету басқармасы» АҚ директорының орынбасары, «Самұрық-Энерго» АҚ Аппарат басшысы, «KBI Energy» ЖШС бас директоры, Павлодар облысы әкімінің кеңесшісі қызметтерін атқарған. 2022-2023 жылдары «Қазақстан Темір Жолы» АҚ «KTZ Express» АҚ «KTZE Commerce» филиалының директоры қызметінде болды.
Қазіргі лауазымын 2023 жылдың тамыз айынан бері атқарып келеді.
45 жыл бұрын (1981) Қарағанды қаласы Әлихан Бөкейхан ауданының әкімі Досбол Батырбекұлы КҮЛЕКЕЕВ дүниеге келді.
Жамбыл облысында туған. 2002 жылы Алматы қаласының әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «Халықаралық экономикалық қатынастар» мамандығы бойынша бітірген. 2002-2004 жылдары Алматы қаласының әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің экономика факультетінде магистратурада оқыды. 2014 жылы М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «Мұнай-газ ісі» мамандығы бойынша бітірген. Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде PhD экономика Докторы дәрежесін алды.
Еңбек жолын 2002 жылы «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ бастап, кейін «Интергаз Орталық Азия» АҚ, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ, «ҚазМұнайГаз Өнімдері» ЖШС және басқа да компанияларда түрлі лауазымдарда жұмыс істеген. 2022-2022 жылдары Астана қаласындағы «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС бас директорының корпоративтік мәселелер жөніндегі орынбасары қызметін атқарған.
Қазіргі лауазымына 2023 жылдың мамырында тағайындалды.
36 жыл бұрын (1990) Павлодар облысы Ақсу қаласы әкімінің орынбасары Нұрбек Зейноллаұлы ҚОНРОТБАЕВ дүниеге келді.
Павлодар облысының Ермак ауданында туған. С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін 2014 жылы «қаржы», 2018 жылы «көлік құрылысы» мамандықтары бойынша аяқтаған. «Құрылыс» мамандығы бойынша магистр дәрежесі бар.
Еңбек жолын 2009 жылы «Ақсу-құрылыс» ЖШС инженері болып бастаған. 2009-2015 жылдары мемлекеттік емес құрылымдарда еңбек етті.
2015-2023 жылдары Павлодар облысының жергілікті атқарушы органдарының ТҮКШ саласында инспектордан бастап бөлім басшысына дейінгі әртүрлі лауазымдарда қызмет атқарды. 2023 жылы Екібастұз қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы болды. 2023-2024 жылдары Павлодар қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы болып қызмет етті. 2024-2025 жылдары «Павлодар облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы» ММ басшысы лауазымын атқарған.
Қазіргі қызметін 2025 жылдың қыркүйегінен бері атқарып келеді.
103 жыл бұрын (1923) Қазақстанның халық әртісі, театр және кино актері Юрий Борисович ПОМЕРАНЦЕВ дүниеге келген.
Украинада, Киев қаласында туған. Ал біраз уақыт өткен соң оның отбасы Қарағандыға қоныс аударады. Әкесінің қазасынан кейін оған және оның анасына Мәскеуге көшуге тура келді және сол жақтан майданға аттанды. Ауыр жараланғаннан кейін, 1943 жылы Юрий Борисович Алматыға келіп, өзінің актерлік мансабын бастайды. Актер театр және кинода ондаған рөлдерді сомдады. Дегенмен, көрермендер оны Шәкен Аймановтың «Біздің сүйікті дәрігер» картинасындағы бас кейіпкер Анатолий Лавровтың рөлінде жақсы таниды. Халық әртісінің бар ғұмыры театрмен байланысты. Осы салада еңбек етіп келе жатқанына 75 жыл толды. Оның 66 жылы Алматыдағы Лермонтов атындағы академиялық драма театрында өтті. Осы уақытта 300-ден аса кейіпкердің бейнесін сәтті алып шықты. Соның ішінде Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы бойынша 1968 жылы қойылған Абай драмасындағы басты рөлі де бар. 2018 жылдың мамыр айында Юрий Померанцевке ең жоғары дәрежелі «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді. Сонымен қатар, дәл сол жылы актер Ресей Федерациясының «Достық» орденін алды.