11 ақпан. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 11 ақпан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

Фото: Kazinform

ЕСІМДЕР

80 жыл бұрын (1945) Қазақ радиосының сандуғашы, қырық жылға жуық диктор болған Сауық Мәсіғұтқызы ЖАҚАНОВА дүниеге келді.

Фото: baq.kz

Қарағанды облысында туған. С. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.

«Сөйлеу техникасы», «Жүргізушінің сөйлеу мәдениеті» кітаптарының авторы. 1966-2002 жылдары Қазақ радиосының дикторы болып қызмет атқарды. 1998 жылдан Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының сахна сөзі оқытушысы. 2000 жылдан Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінің оқытушысы, доцент.

«Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. ҚР еңбек сіңірген әртісі.

46 жыл бұрын (1979) қазақстандық спортшы және қоғам қайраткері, жекпе-жек өкілі, ММА, джиу-джитсу және каратэден 5 дүркін әлем чемпионы Айдар Әлімжанұлы МАХМЕТОВ дүниеге келді.

Фото: Wikipedia

Каратэден Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері (2012), каратэден халықаралық дәрежедегі спорт шебері (2003), панкратионнан халықаралық дәрежедегі спорт шебері (2003), джиу-джитсудан халықаралық дәрежедегі спорт шебері (2019). Қазақстан Республикасының Құрметті спорт қайраткері (2021).

1996 жылы Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін бітірген.

Кассель университетінің экономика ғылымдарының магистрі (2002), Кельн университетінде докторантураны бітірген (2011). Саясат ғылымдарының докторы (Dr.rer.pol.).

Еңбек жолы: 2004-2006 жылдары «Инжиниринг және технологиялар трансферті орталығы» АҚ-ның менеджері, жетекші менеджері, бас менеджері, коммерцияландыру департаментінің директоры, «Қазақстан Республикасының Ұлттық биотехнология орталығы» РМК маркетинг департаментінің директоры, 2006-2007 жылдары «Қазына» тұрақты даму қоры» АҚ инвестициялық менеджері, 2008 жылы Германияның Кельн қаласында DEG — Неміс Даму және инвестициялар банкінің қызметкері, 2008-2010 жылдары Германияның Гейдельберг қаласында HeidelbergCement Group концернінің ТМД елдері бойынша аға кеңесшісі, 2010-2011 жылдары «Астана» велокомандасының коммерциялық директоры, Ницца, Франция, 2012-2013 жылдары «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Сыртқы және ішкі коммуникациялар департаментінің директоры, 2013-2015 жылдары «Астана» Президенттік кәсіби спорт клубының бас менеджері, Қамқоршылық кеңесінің мүшесі, 2015-2018 жылдары «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Қоғаммен байланыс департаментінің директоры, 2019 жылы ҚР Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» РММ директорының орынбасары болып қызмет атқарған.

45 жыл бұрын (1980) «ӘКК «Қонаев» АҚ басқарма төрағасы Мұрат Кеңесұлы ӘБДІҒҰЛОВ дүниеге келді.

Фото: spk-qonaev.kz

2001 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша, 2003 жылы «Құқықтану магистрі» мамандығы бойынша, 2017 жылы Ресей халық шаруашылығы және Мемлекеттік қызмет академиясының «Экономикалық дамуды мемлекеттік басқару магистрі» мамандығы бойынша аяқтаған.

Еңбек жолын 2001 жылы Жетісу аудандық сотының бас маманы болып болып бастаған. Әр жылдары «ҚазПетройл» ЖШС Заң департаментінің директоры, «Қазақстан Каспий-шельф» АҚ бас маманы, ҚР Сыртқы істер министрлігі «Дипломатиялық корпустың қызмет көрсету басқармасы» АҚ директорының орынбасары, «Самұрық-Энерго» АҚ Аппарат басшысы, «KBI Energy» ЖШС бас директоры, Павлодар облысы әкімінің кеңесшісі қызметтерін атқарған.
Осы уақытқа дейін «Қазақстан Темір Жолы» АҚ «KTZ Express» АҚ «KTZE Commerce» филиалының директоры болып қызмет атқарды.

Қазіргі қызметін 2023 жылдың тамыз айынан бері атқарып келеді.

44 жыл бұрын (1981) Қарағанды қаласы Әлихан Бөкейхан ауданының әкімі Досбол Батырбекұлы КҮЛЕКЕЕВ дүниеге келді.

Фото: Gov.kz

Жамбыл облысында дүниеге келген. 2002 жылы Алматы қаласының әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «Халықаралық экономикалық қатынастар» мамандығы бойынша бітірген. 2002-2004 жылдары Алматы қаласының Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің экономика факультетінде магистратурада оқыды. 2014 жылы М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «Мұнай-газ ісі» мамандығы бойынша бітірген. Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде PhD экономика Докторы дәрежесін алды.

Еңбек жолын 2002 жылы «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ бастап, кейін «Интергаз Орталық Азия» АҚ, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ, «ҚазМұнайГаз Өнімдері» ЖШС және басқа да компанияларда түрлі лауазымдарда жұмыс істеген. 2022-2022 жылдары Астана қаласындағы «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС бас директорының корпоративтік мәселелер жөніндегі орынбасары қызметін атқарған.

Қазіргі лауазымына 2023 жылдың мамырында тағайындалды.

102 жыл бұрын (1923) Қазақстанның халық әртісі, театр және кино актері Юрий Борисович ПОМЕРАНЦЕВ дүниеге келген.

Фото: Виктор Харченко

Украинада, Киев қаласында туған. Ал біраз уақыт өткен соң оның отбасы Қарағандыға қоныс аударады. Әкесінің қазасынан кейін оған және оның анасына Мәскеуге көшуге тура келді және сол жақтан майданға аттанды. Ауыр жараланғаннан кейін, 1943 жылы Юрий Борисович Алматыға келіп, өзінің актерлік мансабын бастайды. Актер театр және кинода ондаған рөлдерді сомдады. Дегенмен, көрермендер оны Шәкен Аймановтың «Біздің сүйікті дәрігер» картинасындағы бас кейіпкер Анатолий Лавровтың рөлінде жақсы таниды. Халық әртісінің бар ғұмыры театрмен байланысты. Осы салада еңбек етіп келе жатқанына 75 жыл толды. Оның 66 жылы Алматыдағы Лермонтов атындағы академиялық драма театрында өтті. Осы уақытта 300-ден аса кейіпкердің бейнесін сәтті алып шықты. Соның ішінде Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы бойынша 1968 жылы қойылған Абай драмасындағы басты рөлі де бар. 2018 жылдың мамыр айында Юрий Померанцевке ең жоғары дәрежелі «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді. Сонымен қатар, дәл сол жылы актер Ресей Федерациясының «Достық» орденін алды.