11 қаңтар СЕНБІ
Бүкіләлемдік «Рахмет» күні. Қаңтардың 11-і жылдың ең «әдепті» күні болып саналады - бұл күні Бүкіләлемдік «рахмет» күні тойланады. БҰҰ мен ЮНЕСКО-ның бастамасымен пайда болған бұл мерекенің өзіндік мағынасы мол, өйткені бұл мерекені азаматтығына, ұлтына, діни сенімдеріне қарамастан бүкіл әлем болып тойлайды.
Албанияның Республика күні. 1939 жылы Албанияны фашистiк Италия басып алды. 1940 жылғы зиялы және дiни қайраткерлер өкілдері, аймақтың басшылары басқарған антифашистік партизан топтары құрыла бастады. Албан коммунистерінің жеке топтары 1941 жылғы қарашаның 8-де Албанияның коммунистiк партияларын негiздедi. 1943 жылдың қыркүйегiнде Албанияны фашистiк Германияның әскерлерi басып алды. 1944 жылдың қазанында кедергiлер отрядтарының қысымынан Албаниядан немiстердің шегiнуi басталды. 1944 жылдың 29 қарашасында Албандық ұлт-азаттық әскерлері соңғы басқыншыларды қуды. 1946 жылдың қаңтарында Албания халық республикасы жарияланды.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
97 жыл бұрын (1917) 1916 жылы қазақ даласында басталған ұлт-азаттық қозғалыстың соңғы шайқастарының бірі - Күйік-Шошқалы ұрыстары өтті.
8 жыл бұрын (2006) Астанада тәуелсіз Қазақстан тарихындағы маңызы зор оқиға - Қазақстан Республикасының Президенті болып қайта сайланған Нұрсұлтан Назарбаевты ұлықтау рәсімі болып өтті. Салтанатты рәсімге 7 мемлекет президенті, әлемнің 20-дан астам мемлекетінің үкімет және парламент басшылары, Біріккен Ұлттар Ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Еуропа одағы халықаралық ұйымдарының өкілдері қатысты. Ұлықтау рәсімінде алғаш рет Қазақстанның жаңа әнұраны орындалды.
95 жыл бұрын (1919) Германияда ел тарихындағы алғашқы социалистік төңкеріс басып-жаншылды.
25 жыл бұрын (1989) 149 ел өкілдері улы газдар мен химиялық және бактериологиялық қаруды пайдалануға тыйым салу туралы декларацияға қол қойды.
19 жыл бұрын (1995) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Сыртқы экономикалық қызмет туралы» Жарлыққа қол қойды.
7 жыл бұрын (2007) Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында танымал жазушы Эрнест Төрехановтің «Александр мен Роксана» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
Роман Александр Македонскийдің грек тілін жетік білген сақ ханшайымы Роксанаға деген махаббатына арналған.
Түркі әлемінде А.Македонский Ескендір атымен танымал. Жүз жыл бұрын ұлы Абай жазған дастан дәл осылай аталады.
8 жыл бұрын (2006) Өскемен қаласындағы «Қазмырыш» акционерлік қоғамының металлургиялық кешеннің электролиз цехында анодтарды суық жұқарту заманауи желісі іске қосылды, оның ішіндегі қорғасынның төмендеуіне байланысты таза катод мырышын алуға мүмкіндік береді.
4 жыл бұрын (2010) Солтүстік Қазақстан облысында Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Новоишимка селосында «АЗКО» ЖШС-нің шағын элеваторы пайдалануға берілді.
Диірмен кешені ұн тартумен айналысатын болады, кешеннің өңдеу жөніндегі жобалық қуаты тәулігіне - 35 мың тоннаны құрайтын болады, ол тәулігіне 120 тонна ұн тартатын болады. Өндіріс түріктің жаңа жоғары технологиялық жабдықтарымен жарақталған.
4 жыл бұрын (2010) Ақмола облысына қарасты Целиноград аудандық сотының жаңа ғимараты пайдалануға берілді.
Ғимараттың жалпы көлемі екі мың шаршы метр кеңседе сот қызметкерлерінің жақсы жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалынған. Осындағы 30 кабинет компьютермен, аудио және бейне таспаға түсіру техникалық жарақтармен қамтамасыз етілген. Мұнда қылмыстық және азаматтық істер, заң жүйесі, сот орындаушылар, куәгерлер, прокуратура мен адвокаттар, сот орындаушыларға жеке-жеке бөлмелер ескерілген. Осындағы 6 сот мәжіліс залы, осынша судьялар бөлмесі, ауданаралық мұрағат өскелең талапқа сәйкестендірілген.
ЕСІМДЕР
106 жыл бұрын (1908-1990) химия ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының академигі, Өзбек КСР-нің еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері ТӘЛІПОВ Шүкір Тәліпұлы дүниеге келді.
Өзбекстанда туған. Ортазия мемлекеттік университетін бітірген. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Ташкент мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі, деканы, Қазақ химия-технология институтының ғылыми консультанты болған. Негізгі ғылыми еңбектері сирек және шашыранды элементтердің аналитикалық химиясына арналған. Ол алюминий және басқа да металдар фторидтерін зерттеп, фторидтер мен түрлі органикалық реактивтерді пайдалану арқылы анализ жасау әдістерін ұсынып, сирек кездесетін элементтерді анықтау үшін органикалық реагенттер қолданған. Реагент ретінде табиғи қосылыстар мен олардың синтездік туындыларын пайдаланып, сирек кездесетін элементтерді анықтаудың фотометриялық, комплексонометриялық, люминесценттік және электрохимиялық әдістерін ұсынған. 25 авторлық куәлігі бар. «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған.
66 жыл бұрын (1948) «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі» ЖШС-ның шығарушы редакторы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, белгілі журналист-аудармашы АБЫЛАЕВ Сайлау дүниеге келді.
Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданында туған. А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын және Алматы жоғары партия мектебін бітірген. Баспасөз саласында 40 жылдан астам уақыт бойы еңбек етуде. Еңбек жолын 1966 жылы Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе аудандық «Еңбек туы» газетінде әдеби қызметкер болып бастаған. Әр жылдарда Чапаев аудандық «Еңбек - Труд», Бөрлі аудандық «Бөрлі жаршысы - Бурлинские вести» газеттерінде, «Үркер» тәуелсіз газетінде, Орал облыстық теледидарында бас редактор болып қызмет атқарған. «Астана замандастар көзімен», «Өсу жолдары» кітаптарының, «Астана: қайда, қашан, не?» жолкөрсеткішінің, техникалық саладағы сөздіктердің авторы. Қазіргі қызметінде 2005 жылдың сәуірінен бастап істейді.
66 жыл бұрын (1948) жазушы ЖҰБАТЫРҰЛЫ Сайлаубай дүниеге келді.
Қызылорда облысының Арал ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолын қазіргі «Ұлан» газетінің әдеби қызметкері болып бастап, бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары болған. «Қазақфильм» киностудиясы шығармашылық бірлестігінде, ҚР Мәдениет министрлігінде, М.Әуезов атындағы Қазақ драма театрында жауапты қызметтер атқарған. 1984 жылдан шығармашылық жұмыста. Жазушының «Алыстағы аралдар», «Жасыл сағым», «Отты өткел», «Бумеранг» повестері, әңгіме-новеллалары жарық көрген. Сонымен қатар ол «Бумеранг» көркем фильмінің, «Күзгі жол» телефильмінің сценарийін жазған. 50-ге тарта көркемфильмді қазақ тіліне аударған. Қаламгердің «Абыржы» трилогиясының екі кітабы шыққан.
5 1 жыл бұрын (1963) әнші, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Жігер» фестивалінің, Қазақстан Комсомолы сыйлығының, Халықаралық «Азия дауысы» байқауының лауреаты, «Тарлан» сыйлығының иегері ЖҮНІСОВА Мақпал Мұхамедиярқызы дүниеге келді.
Қарағанды облысының Егіндібұлақ ауданында туған. Шымкент мәдениет институтын бітірген. Өнер жолын «Гүлдер» ансамблінің құрамында халық әндерін орындаушы ретінде бастап, одан кейін «Қазақконцерт» бірлестігінің жанынан «Назерке» ансамблін ұйымдастырған. Репертуарында қазақ халық әндерімен қатар, қазіргі қазақ композиторларының музыкалық шығармалары бар. Әнші лирикалық әндерді нақышына келтіре орындауымен ерекшеленеді.
5 5 жыл бұрын (1959) физика-математика ғылымдарының докторы ҚАЛИЕВ Ибрагим Әдиетұлы дүниеге келді.
Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданында туған. 1974 жылы оқушылардың облыстық математика олимпиадасының нәтижесі бойынша Новосібір мемлекеттік университеті жанындағы физика-математика мектебіне қабылданып, оны 1976 жылы бітірді. 1981 жылы осы университетті бітірген соң Ресей Ғылым академиясы Сібір бөлімшесі Гидродинамика институтына жұмысқа шақырылды. 1992-1993 жылдары Италиядағы «Tecnopolis Novus Ortus» ғылыми орталығында жұмыс істеді. Бүгінде Башқұртстан Республикасы Ғылым академиясының желісі бойынша мемлекеттік ғылыми-техникалық бағдарлама бойынша ғылыми тақырыптардың жетекшісі. 40-тан аса ғылыми еңбегі, соның ішінде «Математика модели фазовых переходов» атты монографиясы жарық көрген.
52 жыл бұрын (1962) Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары МАРДАНОВА Айгүл Қамзақызы дүниеге келді.
Павлодар облысы Железин ауданы Михайлов ауылында туған. 1984 жылы орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша Винницк мемлекеттік педагогикалық институтын тәмамдады.
Марданова Айгүл Қамзақызы еңбек жолын 1984 жылы Прииртышск орта мектебінде орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастады. Мемлекеттік қызметтегі жұмыс өтілі - 26 жыл, оның 19 жылында Павлодар облыстық комсомол комитетінде, Железин аудандық комсомол комитетінде, Индустриялық аудандық әкімшілігінде, өнеркәсіп және сауда, туризм және спорт, Павлодар облысы бойынша білім беру департаменттерінде басшылық лауазымдарында қызмет етті.
2009 жылғы 20 сәуірден бастап Қашыр ауданы әкімінің әлеуметтік мәселелері жөніндегі орынбасары болды.
2011 жылғы 23 қыркүйектен бері Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары.
204 жыл бұрын (1810-1892) қазақтың халық күйшісі, сазгер ТАРАҚҰЛЫ Абыл дүниеге келді.
Түркістан генерал-губернаторлығына қарасты Адай округіндегі (қазіргі Ақтөбе облысы) Оймауыт-Желтау деген жерде туған.
Шын аты Абылай. Жасынан ән-күйге құмар, сауықшыл болып өскен. Бағда, Қошқар атты күйшілерді ұстаз тұтқан, бертін келе өзі де күй шығарып, өнерпаздығымен даңқы шықты. Қарақалпақ, Хиуаны аралап, күйшілердің өнер сайысына түседі.
Бізге «Ақжелең» (Абыл нұсқасы), «Абыл», «Нарату», «Ақсақ құлан», т.б. күйлерімен таныс.
Есбай (Тазбала), Алтынай, Сәулебай, Өскенбай сияқты домбырашылар Абылдың күйшілік дәстүрін бірден-бірге жалғастырушылар.
4 9 жыл бұрын (1965) Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі ДҮЙСЕНОВА Тамара Босымбекқызы дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысында туған. 1987 жылы Ташкент халық шаруашылығы институтың бітірді, мамандығы - инженер - экономист, экономика ғылымдарының кандидаты. Еңбек жолын 1988 жылы институтты аяқтағаннан кейін Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш аудандағы орта мектептің информатика пәнінің мұғалімі қызметінен бастады. 1988 - 1992 жылдары Өзбек ССР-нің Мемелекеттік жоспарлау комитетінің Экономика ғылыми зерттеу институтының экономисі болып жұмыс істеді; 1992-1993 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш аудандық әкімшілігінің аға экономисі; 1993-1994 жылдары - «Перизат-холдинг» компаниясының бөлім басшысы; 1994-1997 жылдары - Сарыағаш ауданы әкімінің кеңесшісі, орынбасары, бірінші орынбасары; 1997-1999 жылдары - Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары; 1999- 2002 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары; 2002-2006 жылдары - Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің вице - министрі; 2006 - 2008 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары; 2008 жылдың қаңтар айынан - Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жауапты хатшысы. Қазіргі қызметінде - 2013 жылғы маусымнан бері.
«Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005) медальдарымен марапатталған. .
60 жыл бұрын (1954) кескіндемеші, Суретшілер одағының мүшесі және ҚР Көркемсурет академиясының академигі ҚАРЖАСОВ Қабдыл-Ғалым Насырұлы дүниеге келді.
Павлодар облысында туған. Н.В.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін бітірген. Көптеген жұмыстары Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайында, Павлодар, Семей, Атырау және Қарағанды көрскемсурет мұражайларында. Алматы қаласындағы, Қазақстанның басқа аймақтары мен Франция, Германия, канада көркемсурет галереялары мен жеке коллекцияларынлда сақтаулы. Ол Нью-Йоркте, Амстердам, Варшава, Вроцлав, Берлин, Штутгарт және Мюнхен мұражайларында, Астанадағы Тәуелсіздік сарайында, Алматыдағы «ОЮ» галереясында, Санкт-Петербургте өткен көрмелерге қатысты. 1975-1976 жылдары- Павлодар қаласында металл конструкциялары зауытында және автоматтандыру және механикаландыру жобалық конструкторлық-технологиялық институтында суретші-көркемдеуші болды.
«Құрмет» (2001) орденімен марапатталған. «Қазақстан-2000» Шеберлік сабақтары» халықаралық өнер фестивалінің лауреаты. ҚР Президенті стипендиясының иегері.
51 жыл бұрын (1963) «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі» акцонерлік қоғамының басқарушы директоры - аппарат жетекшісі ОМАРОВ Тобылбек Есенжолұлы дүниеге келді.
Қостанай облысы Меңдіқара ауданында дүниеге келді. Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі техникалық институтын және Мәскеу қаласының Қазіргі гуманитарлық институтын бітірді. Техника ғылымдарының кандидаты. 1986-1988 жылдары - Қостанай нан өнімдері комбинатының шебері, бөлім бастығы. 1988-1997 - Қостанай ұн комбинатының өндіріс бастығы. 1997-1998 жылдары - «Тобыл элеваторы» АҚ президенті.
1998-1999 жылдары - «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ЖАҚ Қостанай облысы бойынша өкілдігінің директоры. 2000-2004 жылдары - Қостанай облысы әкімінің орынбасары. 2004-2005 жылдары - «Қостанай астық өнімдері» Астық компаниясы» ЖШС бас директоры. 2005-2009 жылдары -Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ауылдық аймақтары істері жөніндегі комитеті төрағасының бірінші орынбасары, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы. 2010-2012 жылдары - ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасының кеңесшісі. 2012 қарашасынан бастап - «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарушы директоры - аппарат басшысы (Басқарма мүшесі).
«Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Тыңға 50 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» медальдарымен марапатталған.
41 жыл бұрын (1973) «Самұрық-Қазына Қаржы» ЖШС бас директоры АЛДАМБЕРГЕН Алина Өтемісқызы дүниеге келді.
Қарағанды қаласында туған. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын (1995) «Қаржы және несие» мамандығы бойынша; Вашингтон университетінің Іскерлік әкімшіліктік басқару мектебін (1995); Рочестер университетінің Уильям Е. Саймон атындағы Іскерлік әкімшіліктік басқару мектебін (2007) экономист, іскерлік әкімшіліктік магистрі мамандығы бойынша бітірген.
1997 жылдан - «ABN AMRO Қазақстан банкі» ЕАБ» ЖАҚ құрылымдық қаржыландыру басқармасының қаржылық талдаушысы, менеджері, бас маманы, бастығының орынбасары, несиелік талдау және құрылымдау басқармасы бастығының орынбасары. 2001 жылдан - Лондон қаласындағы «ABN AMRO Bank N.V.» рейтингтік кеңестер беру департаментінің рейтингтік кеңес берушісі , жетекші рейтингтік кеңес берушісі. 2003 жылдан - «ООИУПА» ABN AMRO Asset Management» АҚ басқармасының төрағасы 2005 жылдан - «ABN AMRO Қазақстан банкі» ЕАБ» АҚ басқармасының қазынашысы, төрағасының орынбасары. 2006-2007 жылдары - Алматы қаласындағы ҚР Аймақтық қаржы орталығы қызметін реттеу агенттігі төрағасының орынбасары. 2008 жылдың қаңтарынан - «Астана-Финанс АҚ басқармасы төрағасының орынбасары.
2008 жылдың наурызынан бері - ҚР Қаржы нарығын және қаржылық ұйымдарды реттеу мен бақылау агенттігі төрағасының орынбасары. Қазіргі қызметінде - 2012 жылдан бері.
94 жыл бұрын (1920-1997) кеңестік киносценарист және режиссер ВЕНГЕРОВ Владимир Яковлевич дүниеге келді.
42 жыл бұрын (1972) ресейлік театр және кино актері, Ресей халық әртісі ХАБЕНСКИЙ Константин Юрьевич дүниеге келді.