11 қазан. Kazinform күнтізбесі. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 11 қазанға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

Фото: Kazinform/Midjourney

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Мүгедектігі бар адамдар күні

Қазақстанда қазанның екінші жексенбісінде Мүгедектігі бар адамдар күні аталып өтеді. Тәуелсіздік жылдарынан бері елімізде олардың құқықтарын қорғау, өмір сапасын жақсарту және қоғам өміріне толыққанды араласуына мүмкіндік жасау бағытында жұмыстар жүргізіліп келеді. Бұл күн әр адамның қадір-қасиетін құрметтеп, тең мүмкіндіктердің маңызын еске салады. Қазақстанда мүгедектігі бар 719 мыңнан астам адам тұрады. Олардың жетістіктерін бағалап, қоғамның дамуына қосқан үлесін мойындау — ортақ міндет.

Халықаралық қыздар күні

БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен 2012 жылы бекітілген бұл күннің мақсаты — әлемдегі қыз балалар тап болатын әлеуметтік мәселелер мен теңсіздікке назар аудару. Атап айтқанда, сапалы білім алу, толыққанды тамақтану, медициналық көмекке қол жеткізу, әлеуметтік құқықтарын қорғау, кемсітушілік пен зорлық-зомбылықтың, сондай-ақ ерте жастағы мәжбүрлі некенің алдын алу мәселелеріне басымдық беріледі.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1997 жылы Қазақстанда «Қазақстан — 2030» стратегиялық бағдарламасы қабылданды. Онда елдің сол кезеңдегі жағдайына жан-жақты талдау жасалып, Қазақстанның миссиясы айқындалды. Сондай-ақ ұзақ мерзімді жеті басымдық белгіленді: ұлттық қауіпсіздік; ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамның топтасуы; шетелдік инвестицияларға негізделген нарықтық экономиканы дамыту; азаматтардың денсаулығы, білімі мен әл-ауқатын арттыру; энергетикалық ресурстарды тиімді пайдалану; көлік пен байланысты қоса алғанда, инфрақұрылымды дамыту; негізгі міндеттермен шектелген кәсіби мемлекет қалыптастыру.

2011 жылы Астанада Қарағанды облысының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі кезінде балқаштық Николай Савидов көлемі бір миллиметрге де жетпейтін таңғажайып туындыларын көпшілікке таныстырды. Ол — көзге әрең шалынатын микроминиатюра өнерінің шебері. Оның еңбектерін тек микроскоп арқылы көруге болады. Шебер иненің көзіне алтын қанжар, шахмат фигуралары, ұшақтар мен жиһаздарды орналастырған. Сондай-ақ жылқының қылына мақал-мәтелдер жазып, күріш дәніне ою-өрнек салған. Өнеріне «Солақай» атанған шебер өмірінің 30 жылын осы іске арнап, 300-ге жуық туынды жасаған.

2016 жылы Дүниежүзілік пошта одағының (ДПО) 26-конгресінде өткен сайлау қорытындысы бойынша Қазақстан төрт жыл мерзімге Әкімшілік кеңестің мүшесі болып сайланды. Бұл мәртебе қазақстандық мамандарға әлемдік пошта саласын жаңғыртуға бағытталған инновациялық шешімдерді ұсынуға мүмкіндік берді. ДПО-ға мүше 192 елдің ішінде саланың жұмысын жетілдіруге арналған жаңа бастамаларды ұсыну және оларды жүзеге асыру құқығына небәрі 40 ел ғана ие.

2017 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі «Қазақстан халқының ертегілері» сериясымен «Неміс ертегісі» («Бремен музыканттары») атты естелік монеталарды айналымға шығарды. Монеталардың бірі номиналы 500 теңгелік, proof сапасымен дайындалған күмістен жасалса, екіншісі номиналы 100 теңгелік нейзильбер қорытпасынан соғылды.

2017 жылы Қазақстан ТМД елдері арасында алғаш болып Сауд Арабиясымен қылмыскерлерді беру туралы келісім жасасты. Келісім қылмыс жасаған адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту немесе сот үкімін орындау үшін бір елден екінші елге беруді реттейді. Сондай-ақ онда адамды беруден бас тарту негіздері көрсетілген. Ал сотталған азаматтарды беру туралы келісім олардың жазасын өз елінде өтеуіне мүмкіндік береді.

2018 жылы Тимур Сегізбаев атындағы «Қайрат» ФК академиясында Қазақстандағы алғашқы «Аңсау» балалар инклюзивті футбол клубының тұсаукесері өтті. «Аутизмді жеңеміз» әлеуметтік жобасы «Мейірімділік» ерікті қоғамы» қоғамдық қоры мен «Қайрат» футбол клубының бірлескен бастамасы болды. Жоба аутизм спектрінің бұзылысы бар балаларға футболмен айналысуға, спорттық қабілеттерін дамытуға және қоғамға бейімделуге мүмкіндік берді.

2018 жылы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің 15 жылдығына орай Қазақстанда арнайы пошта маркасы шығарылды. Марка төрт түсті офсеттік әдіспен басылып, әр параққа 20 маркадан орналастырылды. Таралымы — 20 мың дана. Маркада съездің логотипі — Бейбітшілік пен келісім сарайы, бейбітшіліктің белгісі саналатын зәйтүн бұтақтарын ұстаған екі көгершін бейнеленген. Сондай-ақ онда «Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезі» деген жазу қазақ және ағылшын тілдерінде берілген.

2019 жылы Мәскеуде қазақтың халық әндері мен күйлерін жинап, жүйелеуге зор үлес қосқан музыкатанушы-этнограф, Қазақстанның халық әртісі Александр Затаевичтің туғанына 150 жыл толуына орай VIII халықаралық ғылыми конференция өтті. Оның еңбектері еліміздің мәдени мұрасының маңызды бөлігі болып саналады. Александр Затаевич қазақ халқының музыкалық мұрасын жинап, «Қазақ халқының 1000 әні» және «Қазақ халқының 500 әні мен күйі» жинақтарын жарыққа шығарды. Оның еңбектері қазақ музыкасын кеңінен танытуға және опера, балет, симфония секілді шығармалардың дамуына ықпал етті.

2019 жылы Ақтау қаласында жазушы, танымал мемлекеттік және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлының мұражайы ашылды. Мұражайда Әбіш Кекілбайұлының жеке заттары мен оған арналған кітаптар сақталған. Алматылықтар мұражайға жазушының архивтік фотосуреттері бар бірегей альбомды сыйға тартты.

2021 жылы Қазақстан мен БАӘ пошта қызметтері бірлесіп «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 30 жыл. Біріккен Араб Әмірліктері құрылғанына 50 жыл» атты пошта маркасын шығарды. Ол ілмек түріндегі екі маркадан тұрады. Әрбір пошта маркасының өлшемі 28×40 мм, номиналы 550 теңге. Маркаларды жасау кезінде ультракүлгін бояумен қорғаныш элементтері, лактау және алтын фольгамен бедерлеу пайдаланылды. Бренд дизайнының авторы — Фераз Дваги (БАӘ), дизайнері — Іңкәрім-ай Оңғарбай (Қазақстан).

2023 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Азия ойындарында жүлдеге ие болған спортшыларды қабылдап, жетістіктерімен құттықтады. Қазақстандық спортшылар жоғары бәсеке жағдайында 10 алтын, 22 күміс, 48 қола медаль жеңіп алды. Қазақстаннан келген қатысушылар оқ ату, ескек есу, велоспорт, джиу-джитсу сияқты спорт түрлерінен ерекше көзге түсті.

2023 жылы Қазақстанда этникалық қазақтардың «қандас» мәртебесін алуына өтініш беру процесін жеңілдету үшін Kutty meken мобильді қосымшасы іске қосылды. Мобильді қосымшаның функционалы мемлекеттік қызмет көрсету процесін айтарлықтай жеңілдетеді. Оның көмегімен шетелдегі этникалық қазақтар өздері орналасқан елден шықпай-ақ «қандас» мәртебесін алуға өтініш бере алады.

2024 жылы елордада жаңа қоғамдық кеңістік — «Бейбітшілік пен келісім саябағы» ашылды. Саябақ аумағында «Жұлдызды аспан» туннелі, «Өмір ағашы» монументі және сарқырама каскады орналасқан. Жобаның негізгі идеясы — ортасындағы жапырақты емен ағашы бар күмбез түрінде жасалған «Өмір ағашы» ескерткіші. Табиғат пен демалысты үйлестірген бұл тұжырымдамалық кеңістік Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне орайластырылды.

2025 жылы Ресейдегі Қазақстанның мәдениет күндері аясында Мәскеудегі Мемлекеттік Третьяков галереясында «Қазақстан өнерінің жауһарлары» көрмесі ашылды. Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейі ұйымдастырған көрмеге XX ғасырдағы қазақстандық суретшілер мен мүсіншілердің 60-тан астам туындысы қойылды. Экспозицияда Әбілхан Қастеевтің картиналары мен Төлеген Досмағамбетов, Еркін Мергенов, Ольга Прокопьева және Ескен Сергебаевтың мүсіндері ұсынылды. Көрме Қазақстанның ұлттық бейнелеу өнерінің жетістіктерін таныстырды.