11 қазан. Тұлғалар туған күн

Фото: Kazinform

Бүгін, 11 қазан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

79 жыл бұрын (1946) қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, аудармашы, баспагер, қоғам қайраткері Роллан Шәкенұлы СЕЙСЕНБАЕВ дүниеге келген.

Фото: rikatv.kz

Семейде туған. 1969 жылы Семей технологиялық институтын, 1977 жылы М.Горький атындағы әдебиет институты жанындағы Жоғары әдеби курстарын бітірген.

Институтты бітірген соң Семей облыстық газетінде, телевидениеде, облыстық комсомол комитетінде, қалалық атқару комитетінің бастығының орынбасары қызметін атқарған.

Әдеби жұмыспен 1967 жылдан айналысады. «Аңсау» атты алғашқы әңгімелер жинағы 1975 жылы жарық көрген.

1975-1991 жылдары Кеңестер Одағының жазушылар ұйымының қазақ әдебиеті жөніндегі жауапты хатшысы қызметін атқарған. 1992 жылы «Ядролық сынақтардың құрбаны — балалар» қорын құрған. 1993 жылы Республикалық «Қазақстан» телекомпаниясында «Абай әлемі» телебағдарламасын ашқан. 1994-1996 жылдары ҚР Президентінің кеңесшісі болған. 1995 жылы Лондон қаласында әдеби-мәдени «Абай үйі» орталығын ашқан. 2000 жылы Семейде «Халықаралық Абай клубын», әдеби «AMANAT» журналын дүниеге әкелген. 2005 жылы Роллан Сейсенбаевтың баспа үйін ашқан. 2012 жылдан Қазақтың әл-Фараби атындағы мемлекеттік университеті мен Халықаралық Абай клубы қасынан ашылған «Әлем халықтарының әдебиеті» институтының директоры қызметін атқарады. «Халықаралық Абай клубының» Президенті, «AMANAT» журналының Кеңес Советінің бастығы, «RS» баспа үйінің директоры болды.

Ол Семейдің облыстық студенттік отрядының тұңғыш командирі. Еркін, самбо, қазақ күресінен ҚР бірнеше дүркін чемпионы, Кеңестер Одағының да жүлдегері. Кеңестер Одағының спорт шебері.

72 жыл бұрын (1953) Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Ханкелді Махмұдұлы ӘБЖАНОВ дүниеге келді.

Фото: adebiportal.kz

Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының тумасы. 1976 жылы Қазақ Мемлекеттік университетінің тарих факультетін бітірді.

Еңбек жолы: 1977-1979 жылдары Целиноград құрылыс институты тарих факультетінің оқытушысы, 1993-1999 жылдары Абай атындағы ҚазҰПУ-дің тарихнама және деректану кафедрасының меңгерушісі, 1999-2009 жылдары Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, кафедра меңгерушісі, университет жанындағы «Еуразия» гуманитарлық зерттеулер ғылыми орталығы директорының орынбасары, 2009-2011 жылдары Мемлекет тарихы институты директорының бірінші орынбасары, 2011-2017 жылдары Ш. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, 2019 жылы Қазақ мемлекеттік аграрлық университеті «Рухани жаңғыру» орталығының басшысы қызметін атқарған.

Қазақстан зиялыларының ұлттық мәдениеті мен тарихын зерттеді, 600-ге жуық ғылыми және ғылыми-көпшілік басылымдардың, оның ішінде оннан астам монографиялық зерттеулердің, оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдардың авторы.

«ЖОО үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері (2008). «ҚР ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» (2003), «ҚР ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» (2007) төсбелгілерімен, «Қазақ тілінің жанашыры» құрмет белгісімен (2008), «Астанаға 10 жыл» (2008), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011), «Халық революциясы-90» (Моңғолия, 2013) мерейтойлық медальдарымен марапатталды.

58 жыл бұрын (1967) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, Ұлттық қауіпсіздік генерал-лейтенанты Ермек Алдабергенұлы САҒЫМБАЕВ дүниеге келді.

Фото: КНБ

Алматы облысында туған. Қазақ политехникалық институтын (инженер-электромеханик), әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін (заңгер) бітірген.

Еңбек жолы: 1994-2006 жылдары ұлттық қауіпсіздік органдарында офицерлік қызметте, қызмет аппаратында, сондай-ақ 2006-2009 жылдары жедел қамту бөлімшелерінде офицерлік және басшылық қызметте болды. 2019-2021 жылдары ҚР Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары — ҚР Президентінің күзет қызметінің бастығы, 2021 жылы ҚР Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары, 2021-2022 жылдары ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы лауазымын атқарған.

Қазіргі қызметін 2022 жылдың қаңтар айынан бері атқарып келеді.

«Мінсіз қызметі үшін» ІІ, ІІІ дәрежелі медальдарымен, «Елбасының қауіпсіздігін айбынды атқарғаны үшін» ІІІ дәрежелі медалімен марапатталған.

52 жыл бұрын (1973) «Еуразия» бірінші арнасы» телеарнасының Бас директоры Ләззат Мұратқызы ТАНЫСБАЙ дүниеге келді.

Фото: Qazaqstan Ұлттық Телеарнасы

Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, Алматы халықаралық журналистика институтын бітірген.

Еңбек жолы: 1993-1996 жылдары «Қазақстан» РТРК жүргізушісі, редакторы, 1996-2001 жылдары «Хабар» агенттігі» АҚ жүргізушісі, жаңалықтар қызметінің продюсері, 2001-2002 жылдары «Хабар» агенттігі» ЖАҚ Астана қаласы бойынша Орталық бюросының атқарушы продюсері, 2002-2005 жылдары ҚР Президентінің баспасөз қызметінде бас сарапшы, сектор меңгерушісі, бас инспектор болып қызмет етті. 2005-2007 жылдары ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі ақпарат және мұрағаттар комитеті төрағасының орынбасары, 2008-2011 жылдары «Қазақстан» РТРК басқарма төрағасының бірінші орынбасары, 2011-2012 жылдары ҚР Байланыс және ақпарат вице-министрі, 2012 жылы «Астана» телеарнасының бас директоры лауазымын атқарған. 2018-2019 жылдары «НҰР-Медиа» холдингін басқарды. 2019-2025 жылдары «QAZAQSTAN» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ басқарма төрайымы қызметін атқарған.

2025 жылдың тамыз айынан бері қазіргі қызметінде.

«Құрмет» орденімен марапатталған. Қазақстандық БАҚ арасында «Жылдың таңдаулы жүргізушісі» аталымында «Алтын жұлдыз» иегері. Қазақстан журналистер одағы сыйлығының лауреаты.

43 жыл бұрын (1982) Солтүстік Қазақстан облысының Жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Жалғас Серікбайұлы СҮЛЕЙМЕНОВ дүниеге келді.

Фото: GOV.kz

Ресей Федерациясы Омбы облысы Исилькуль ауданының Комсомол ауылында туған. 2004 жылы М.Қозыбаев атындағы Солтүстiк Қазақстан мемлекеттiк университетiн заңгер мамандығы бойынша, 2014 жылы Қазақ-инженерлiк-техникалық академиясын жерге орналастырушы мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 2005 жылы № 2 Петропавл қалалық учаскесiнiң сот орындаушысы ретiнде бастаған. 2006-2012 жылдары «ҚР ӨДМ ЖРБК СҚО бойынша аумақтық жер инспекциясы» ММ бас маманы, 2012-2015 жылдары «ҚР ӨДМ ЖРБК СҚО бойынша аумақтық жер инспекциясы» ММ басшысының орынбасары, 2020-2021 жылдары «Солтүстiк Қазақстан облысы әкiмдiгiнiң уыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы» КММ басшысының орынбасары, 2021-2022 жылдары «СҚО әкiмдiгiнiң жер инспекциясы басқармасы» КММ басшысының орынбасары — мемлекеттiк инспекторы лауазымын атқарған. 2022-2023 жылдары ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша жер ресурстарын басқару департаменті басшысының орынбасары — мемлекеттік инспекторы, 2023-2025 жылдары Басқарма басшысының орынбасары болып жұмыс атқарды.

Қазіргі қызметін 2025 жылдың наурызынан бері атқарып келеді.

42 жыл бұрын (1983) VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Максим Николаевич РОЖИН дүниеге келді.

Фото: ortcom.kz

Алматы облысы Қаскелең қаласында туған. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде «Кәсіптік оқыту» мамандығын бітірді, сонымен қатар осы жоғары оқу орнында «Педагогика және психология» мамандығы бойынша магистр академиялық дәрежесін алды.

Еңбек жолын 2005 жылы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде Жастар ісі жөнінде комитет төрағасы ретінде бастады. 2006 жылы «Астана» арнасына жаңалықтар дикторы, 2009 жылы «7 арна» телеарнасына апталық-сараптамалық бағдарламасының тілшісі, 2012 жылы «Самұрық-Қазына» корпоративтік университетінде сарапшы, 2014 жылы «Қазавтожол» ҰК АҚ қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы болып қызмет етті. 2015 жылы «Қазаэронавигация» РМК баспасөз хатшысы, 2016 жылы ҚР АҚДМ «Орталық коммуникациялар қызметі» РМУ Коммуникация бөлімінің жетекшісі, 2017 жылы Дүниежүзілік банк пен ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Жастар корпусын дамыту жобасы» үйлестіру агенттігінің қоғаммен байланыс жөніндегі бас маманы, 2019 жылы «Қазына Капитал Менеджмент» АҚ PR кеңесшісі, 2020 жылы «Ел үміті» — өзгерістерді басқару бағдарламасында Медианы дамыту бағыты бойынша сарапшы, 2020 жылы «Kazinform» ХАА Басқарма төрағасының кеңесшісі / ҚР АҚДМ ресми өкілі, министр кеңесшісі қызметін атқарған. 2021-2022 жылдары ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, 2021 жылы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті қызметінде болды. 2022 жылы ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Құрылтайдың мүшесі болды.

Қазіргі қызметін 2023 жылдың наурыз айынан бері атқарып келеді.

«Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

41 жыл бұрын (1984) Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Бескемпірұлы ҚАЛДЫБЕКОВ дүниеге келді.

Фото: Gov.kz

Жамбыл облысы Тараз қаласында туған. «Халықаралық құқық бакалавры» мамандығы және «Халықаралық құқық магистрі» мамандығы бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, «Құқық магистрі» мамандығы бойынша (АҚШ, Солтүстік Каролина) Дьюк университетін бітірген.

Еңбек жолын 2007 жылы Алматы қаласы Бостандық ауданының № 2 аудандық сотында жетекші маман болып бастаған. 2008-2011 жылдары ҚР өңірлік қаржы орталығының қызметін реттеу агенттігі Алматы қаласы департаментінің тіркеу және еңбектік бақылау басқармасының сарапшысы, бас сарапшысы, 2011-2013 жылдары ҚР Ұлттық банкінің Алматы қаласындағы өңірлік қаржы орталығын дамыту Комитетінің мемлекеттік қызмет көрсету басқармасының сарапшысы, бас маманы, 2013-2016 жылдары «Самұрық-Қазына ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ құқықтық қамтамасыз ету департаментінің бас менеджері, заң департаментінің бас заңгері, басқарма төрағасы хатшылығының басқарма хатшысы лауазымын атқарған. 2016-2017 жылдары «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КеАҚ Алматы қаласы бойынша филиалының жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру департаментінің бас техникалық басшысы, 2017-2018 жылдары Еуразия технологиялық университетінің даму жөніндегі проректоры, 2018 жылы Алматы қаласы әкімдігінің бас инспекторы болып қызмет атқарды. 2018-2019 жылдары Алматы қаласы Жетісу ауданы әкімінің аппарат басшысы лауазымында жұмыс атқарды. 2019 жылы Алматы қаласы Жасыл экономика басқармасы басшысының орынбасары болды. 2019-2020 жылдары Алматы қаласы Жер қатынастары басқармасының басшысының орынбасары, 2020-2024 жылдары Алматы қаласы Алатау ауданының әкімі лауазымында қызмет атқарған.

Қазіргі қызметін 2024 жылдың шілде айынан бастап атқарып келеді.