11 қазан. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 11 қазан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

Фото: Kazinform

70 жыл бұрын (1953) Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі Ханкелді ӘБЖАНОВ дүниеге келді.

Қарағанды облысы (қазіргі Ұлытау облысы) Жаңаарқа ауданының тумасы. 1976 жылы Қазақ Мемлекеттік университетінің тарих факультетін бітірді.

Еңбек жолы: 1977-1979 жылдары – Целиноград құрылыс институты тарих факультетінің оқытушысы. 1993-1999 жылдары – Абай атындағы ҚазҰПУ-дің тарихнама және деректану кафедрасының меңгерушісі, 1999-2009 жылдары – Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, кафедра меңгерушісі, университет жанындағы «Еуразия» гуманитарлық зерттеулер ғылыми орталығы директорының орынбасары. 2009-2011 жылдары – Мемлекет тарихы институты директорының бірінші орынбасары. 2011-2013 жылдары – Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры. ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі.

Қазақстан зиялыларының ұлттық мәдениеті мен тарихын зерттеді, 600-ге жуық ғылыми және ғылыми-көпшілік басылымдардың, оның ішінде оннан астам монографиялық зерттеулердің, оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдардың авторы.

«ЖОО үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері (2008). «ҚР ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» (2003), «ҚР ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» (2007) төсбелгілерімен, «Қазақ тілінің жанашыры» құрмет белгісімен (2008), «Астанаға 10 жыл» (2008), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011), «Халық революциясы-90» (Моңғолия, 2013) мерейтойлық медальдарымен марапатталды.

56 жыл бұрын (1967) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, Ұлттық қауіпсіздік генерал-майоры Ермек Алдабергенұлы САҒЫМБАЕВ дүниеге келді.

Алматы облысында туған. Қазақ политехникалық институтын (инженер-электромеханик), әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін (заңгер) бітірген.

Еңбек жолы: 1994-2006 жылдары ұлттық қауіпсіздік органдарында офицерлік қызметте, қызмет аппаратында, сондай-ақ 2006-2009 жылдары жедел қамту бөлімшелерінде офицерлік және басшылық қызметте болды. 2019-2021 жылдары – ҚР Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары - ҚР Президентінің күзет қызметінің бастығы. 2021 жылы – ҚР Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары. 2021-2022 жылдары – ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы.

Қазіргі қызметін 2022 жылдың қаңтар айынан бері атқарып келеді.

«Мінсіз қызметі үшін» ІІ, ІІІ дәрежелі медальдарымен, «Елбасының қауіпсіздігін айбынды атқарғаны үшін» ІІІ дәрежелі медалімен марапатталған.

50 жыл бұрын (1973) «QAZAQSTAN» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ басқарма төрайымы, танымал журналист Ләззат Мұратқызы ТАНЫСБАЙ дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, Алматы халықаралық журналистика институтын бітірген.

1993-1996 жылдары – «Қазақстан» РТРК жүргізушісі, редакторы. 1996-2001 жылдары – «Хабар» агенттігі» АҚ жүргізушісі, жаңалықтар қызметінің продюсері. 2001-2002 жылдары – «Хабар» агенттігі» ЖАҚ Астана қаласы бойынша Орталық бюросының атқарушы продюсері. 2002-2005 жылдары – ҚР Президентінің баспасөз қызметінде бас сарапшы, сектор меңгерушісі, бас инспектор. 2005-2007 жылдары – ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі ақпарат және мұрағаттар комитеті төрағасының орынбасары. 2008-2011 жылдары – «Қазақстан» РТРК басқарма төрағасының бірінші орынбасары. 2011-2012 жылдары – ҚР Байланыс және ақпарат вице-министрі. 2012 жылдан бері «Астана» телеарнасының бас директоры. 2018-2019 жылдары «НҰР-Медиа» холдингін басқарды.

2019 жылдың сәуір айынан бері қазіргі қызметінде.

«Құрмет» орденімен марапатталған. Қазақстандық БАҚ арасында «Жылдың таңдаулы жүргізушісі» аталымында «Алтын жұлдыз» иегері. Қазақстан журналистер одағы сыйлығының лауреаты.

41 жыл бұрын (1982) Қазақстан Республикасы оқу-ағарту вице-министрі Айбат Болатұлы ІЛИЯСОВ дүниеге келді.

Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығы бойынша жоғары білімі бар.

Еңбек жолы: 2006-2017 жылдары «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ аға инженер-электронигі, бас маманы болып қызмет еткен. 2008-2009 жылдары «Телекоммуникация саласындағы техникалық сүйемелдеу және талдау орталығы» РМК бас маманы болды. 2009-2012 жылдары ҚР Жоғарғы соты жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің бас кеңесшісі, сектор меңгерушісі, ҚР Әділет министрлігінің Ақпараттандыру және ақпараттық ресурстарды қорғау басқармасының бас сарапшысы, басқарма басшысының міндетін атқарушы болып жұмыс істеді. 2013-2022 жылдары ҚР Әділет министрлігінің Ақпараттандыру және ақпараттық ресурстарды қорғау басқармасының басшысы, Цифрландыру және мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру департаментінің директоры болған.

Қазіргі қызметін 2022 жылғы ақпаннан бастап атқарып келеді.

39 жыл бұрын (1984) Алматы қаласы Алатау ауданы әкімінің орынбасары Азамат Бескемпірұлы ҚАЛДЫБЕКОВ дүниеге келді.

Жамбыл облысы Тараз қаласында туған. «Халықаралық құқық бакалавры» мамандығы және «Халықаралық құқық магистрі» мамандығы бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, «Құқық магистрі» мамандығы бойынша (АҚШ, Солтүстік Каролина) Дьюк университетін бітірген.

Еңбек жолын 2007 жылы Алматы қаласы Бостандық ауданының №2 аудандық сотында жетекші маман болып бастаған. 2008-2011 жылдары – ҚР өңірлік қаржы орталығының қызметін реттеу агенттігі Алматы қаласы департаментінің тіркеу және еңбектік бақылау басқармасының сарапшысы, бас сарапшысы; 2011-2013 жылдары – ҚР Ұлттық банкінің Алматы қаласындағы өңірлік қаржы орталығын дамыту Комитетінің мемлекеттік қызмет көрсету басқармасының сарапшысы, бас маманы; 2013-2016 жылдары «Самұрық-Қазына ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ құқықтық қамтамасыз ету департаментінің бас менеджері, заң департаментінің бас заңгері, басқарма төрағасы хатшылығының басқарма хатшысы лауазымын атқарған. 2016-2017 жылдары – «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КеАҚ Алматы қаласы бойынша филиалының жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру департаментінің бас техникалық басшысы; 2017-2018 жылдары – Еуразия технологиялық университетінің даму жөніндегі проректоры; 2018 жылы Алматы қаласы әкімдігінің бас инспекторы болып қызмет атқарды. 2018-2019 жылдары Алматы қаласы Жетісу ауданы әкімінің аппарат басшысы лауазымында жұмыс атқарды. 2019 жылы Алматы қаласы Жасыл экономика басқармасы басшысының орынбасары болды. 2019-2020 жылдары Алматы қаласы Жер қатынастары басқармасының басшысының орынбасары лауазымында қызмет атқарған.

Қазіргі қызметін 2020 жылдың қаңтар айынан бастап атқарып келеді.