Әубәкір РАХИМОВ, актер, театр режиссері, оқытушы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
1950 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, Таскескен ауылында туған. 1979 жылы Мәскеудегі А.Луначарский атындағы Театр өнері институтының режиссура факультетін тәмамдаған. Драма театрының режиссері.
Еңбек жолын 1968 жылы Жамбыл облыстық драма театрында актер болып бастаған. 1972 жылдан бастап Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық театрында актер, 1979 жылдан бастап М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында қоюшы режиссер, 1998 жылдан бастап Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында оқытушы қызметтерін атқарған. «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген «Брат мой» фильмінде Комсомолецтің, «Художник» фильмінде Суретшінің, Мәскеудегі «Экран» шығармашылық бірлестігінде түсірілген «Белый шаман» фильмінде Гатленің рөлдерін сомдаған.
Режиссерлік жұмыстары:
Ж.Б.Мольер «Одураченный муж»; К. Гольдони, «Слуга двух господ»; Е.Шварц «Қар ханшайымы»; Ж.Файзи «Башмачки»; Н.Гоголь, «Женитьба»; Р.Сейсенбаев «Ночной диалог»; Н.Әбуталиев «Махамбет»; Т.Нұрмағамбетов, «Бес бойдаққа бір той»»; С.Балғабаев «Ғашықсыз ғасыр», «Тойдан қайтқан қазақтар»; С.Торайғыров «Қамар сұлу»; С.Мұқанов «Мөлдір махаббат»; Ф.Буляков «Выходят бабки замуж…»; Ә.Тарази «Ақын… Періште… Махаббат…»; И.Вовнянко «Апат»; Е.Уахитов «Құдалар»; С.Балғабаев «Сағыныш пен елес»; Т.Мамасейіт «Бәкей қыз»; М.Әуезов «Қилы заман»; С.Асылбекұлы «Күзгі романс».
2009 жылы «Парасат» орденімен, 1998 жылы «Астана» медалімен, 2015 жылы «Қазақ хандығының 550 жылдығы» медалімен, 2016 жылы «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл» медалімен марапатталған. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына ие, Махамбет атындағы сыйлықтың лауреаты.
Әмір ҚАРАҚҰЛОВ, режиссер, сценарист, продюсер
1965 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Алматы мемлекеттік театр көркемсурет институтын (қазіргі Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы), С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), С.А.Герасимов атындағы Бүкілресейлік мемлекеттік кинематографиялық институтын бітірген.
Еңбек жолы: «D'Arcy» жарнама агенттігінде креатив директоры, «Қазақфильм» киностудиясында «Дебют-реклама» бөлімінің жетекшісі, Қазақстан кинематографистер одағының төрағасы қызметтерін атқарған. «Разлучница», «Голубинный звонарь», «Последние каникулы», «Жылама», «Нереальная любовь» фильмдерін түсірген.
Мұрат ҚАРЫМСАҚОВ, «Атамекен» ҚР ҰКП Сыртқы сауда палатасының төрағасы
1966 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. 1991 жылы Беларусь мемлекеттік университетін «Экономист» мамандығы бойынша тәмамдаған. 1994 жылы Анкара университетінде білімін жетілдірген. 2012 жылы Ұлыбританияның Лондон қаласында MBA дәрежесін иеленген. 2016 жылы Ресей Федерациясы Президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясының магистратурасын аяқтаған. 2018 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Мемлекеттік аудит» мамандығы бойынша білімін толықтырған.
Еңбек жолын 1991 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық университетінде оқытушы болып бастаған. 1993-1994 жылдары «ҚЗХ Банкінде» менеджер қызметін атқарды. 1996-1998 жылдары «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-да бағалы металдармен жұмыс жөніндегі бөлімнің бастығы, 1998-2000 жылдары акционерлермен жұмыс жөніндегі бөлімнің бастығы болды. 2002 жылы «ҚазСтройСервис» АҚ директоры қызметін атқарып, сол жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кіріс министрінің міндетін атқарушының, кейіннен Мемлекеттік кіріс министрінің көмекшісі лауазымдарында еңбек етті. 2002-2003 жылдары Қазақстан Республикасының Қаржы министрінің көмекшісі болды. 2003 жылы «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ Жобалар департаментінің бас менеджері, 2003-2004 жылдары «Қазақстанның инвестициялық қоры» инвестициялық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасының кеңесшісі қызметтерін атқарды. 2007-2010 жылдары «ҚИҚ» акционерлік инвестициялық қоры» АҚ бас директорының орынбасары болды. 2010 жылдан бастап «Еуразиялық экономикалық ғалымдар клубы» қауымдастығы ЗТБ президенті қызметін атқарып келеді. 2013-2024 жылдары G-Global халықаралық хатшылығының бірінші басшы орынбасары болды. Қазіргі қызметіне 2024 жылғы қаңтарда тағайындалған.
«Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» медалімен (2011), В.И.Вернадский атындағы Алтын медальмен (2012), «Ерен еңбегі үшін» медалімен (2014) және «20 жыл Астана» медалімен (2018) марапатталған.
Арман ҚАЛИЕВ, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің төрағасы
1973 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келген. 1993 жылы Галицинск жоғары әскери-саяси училищесін тәмамдаған. 1995 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Әскери институтын бітірген. 2005 жылы Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметі академиясын, 2018 жылы Беларусь Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының академиясын аяқтаған.
Еңбек жолын 1995 жылы Семей облысындағы Мақаншы шекара отрядында шекара заставасы бастығының орынбасары қызметінен бастаған. Кейін шекара заставасының бастығы, комендант орынбасары және комендант болды. Сондай-ақ шекара комендатурасы штабының бастығы, шекара отрядының бастығы және Өңірлік басқарма бастығының бірінші орынбасары қызметтерін атқарған.
2013-2022 жылдары ҚР ҰҚК Шекара қызметінің «Оңтүстік» өңірлік басқармасын басқарды. 2022-2024 жылдары ҚР Мемлекеттік күзет қызметі Арнайы мақсаттағы күштері қолбасшысының орынбасары – штаб бастығы қызметін атқарды. Қазіргі қызметін 2024 жылғы қазан айынан бастап атқарып келеді.
Нәби АЙТЖАНОВ, «KEGOC» АҚ Басқарма төрағасы
1980 жылы Ақмола облысының Қорғалжын ауылында дүниеге келген. С.Сейфуллин атындағы Ақмола аграрлық университетінде «Экономика және менеджмент» мамандығы бойынша білім алған. Сонымен қатар Халықаралық бизнес академиясында іскерлік әкімшілендіру магистрі (MBA) дәрежесін иеленген.
Еңбек жолын «Көкшетау Энерго» ЖШС-ның болжамдық-талдау орталығында маман, жетекші инженер қызметтерінен бастаған. 2002-2003 жылдары «Көкшетау Энерго Сбыт» компаниясында жетекші инженерден электр энергиясын сату жөніндегі директор лауазымына дейін көтерілді. 2003-2004 жылдары Шымкент қаласындағы «Түркістан Энерго» компаниясының коммерциялық диспетчерлеу бөлімін басқару ісіне атсалысты. Одан кейін Алматыдағы «Қазақстан коммуналдық жүйелері» АҚ-да жетекші маман және корпоративтік даму бөлімінің бастығы болды. 2005-2006 жылдары Шымкенттегі «Энергопоток» ЖШС директорының орынбасары, кейін директоры қызметін атқарды. 2006-2008 жылдары Қарағандыдағы «Энерго Сбыт» ЖШС-ын басқарды. 2008-2010 жылдары Шымкенттегі «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-ның бас директоры болды. 2010 жылғы сәуірден 2023 жылғы маусымға дейін «Қазақстан коммуналдық жүйелері» ЖШС-на басшылық етті.
«KEGOC» АҚ Басқарма төрағасы қызметін 2023 жылғы шілдеден бастап атқарып келеді.
Қанат ЫСҚАҚОВ, ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің бірінші орынбасары
1982 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін және М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін тәмамдаған.
Еңбек жолын 2005 жылы Мемлекеттік жастар саясатын дамыту қорында жетекші маман болып бастаған. 2006-2009 жылдары ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Қоғамдық-саяси жұмыс департаментінде бас маман, сарапшы қызметтерін атқарды. 2009 жылы ҚР Парламенті Мәжілісі депутатының көмекшісі болды. Сол жылы ҚР Мемлекеттік хатшысы хатшылығында консультант қызметіне тағайындалды.
2011-2012 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің Стратегиялық әзірлемелер және талдау орталығында сарапшы, консультант болып жұмыс істеді. 2012 жылғы мамырдан 2021 жылғы шілдеге дейін ҚР Президентінің баспасөз қызметінде сектор меңгерушісі қызметін атқарды. 2021-2023 жылдары ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Ақпарат комитетін басқарды. 2023 жылы Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі қызметіне тағайындалды. 2023 жылғы қараша-2026 жылғы ақпан аралығында Мәдениет және ақпарат вице-министрі болды.
Қазіргі қызметін 2026 жылғы ақпаннан бастап атқарып келеді.
2026 жылы «Парасат» орденімен марапатталған.
Камал ОРМАНТАЕВ, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының құрметті директоры, Қазақстан Республикасының ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты
1936 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Алматы мемлекеттік медицина институтының педиатрия факультетін бітірген. Кейін аталған оқу орнының госпитальдық хирургия кафедрасында аспирантурада білім алған.
Еңбек жолы: 1959-1961 жылдары Алматы мемлекеттік медицина институтының балалар хирургиясы кафедрасында клиникалық ординатурадан өтті. 1961-1962 жылдары Алматы қаласындағы №1 балалар клиникалық ауруханасында дәрігер-ординатор, балалар хирургиясы бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1963-1965 жылдары госпитальдық хирургия кафедрасының аспиранты болды. 1965-1966 жылдары осы кафедрада ассистент болып еңбек етті.1967-1968 жылдары КСРО Медицина ғылымдары академиясының Педиатрия ғылыми-зерттеу институтында докторантурада оқыды. 1968 жылдан бастап балалар хирургиясы кафедрасын басқарды. 1978-1980 және 1988-1990 жылдары Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің педиатрия факультетінің деканы қызметін атқарды.
1993 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына директорлық етіп, 2001 жылдан бері орталықтың құрметті директоры атанды.
310-нан астам ғылыми еңбектің авторы. Оның ішінде балалар хирургиясы бойынша одақтық деңгейдегі ғылыми-әдістемелік басылымдарға арналған 9 тарау және 9 монография бар. Балалардағы ми, өкпе, өңеш, бүйрек және тірек-қимыл аппараты аурулары мен жарақаттарын диагностикалау және хирургиялық жолмен емдеудің жаңа әдістерін әзірлеп, медициналық тәжірибеге енгізді. Аса күрделі 10 мыңнан астам хирургиялық операция жасады.
1976 жылы Қазақстанда алғаш рет балалардың кеуде қуысының туа біткен воронка тәрізді деформациясын түзету үшін торакопластика операциясын орындады.
2025 жылы 12 ақпанда 89 жасында дүниеден өтті.
«Парасат» орденімен және медальмен марапатталған.