11 өңірде мәслихат депутаттарының сайлауы өтеді

АСТАНА.  25 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының

101-бабы 4-тармағына сәйкес, ағымдағы жылдың 28 қазанында республиканың 11 өңіріндегі 45 сайлау округінде мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлау өтеді.
Мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлауды облыстық сайлау комиссиялары тағайындайды. Бұл туралы ҚР Орталық сайлау комиссиясының баспасөз қызметінен хабарланды.

ОСК хабарлауынша, осы күні барлығы облыстық мәслихаттардың -10, қалалық мәслихаттардың - 8 және аудандық мәслихаттардың - 27 депутаты сайланатын болады.

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес мәслихаттар депутаттығына кандидаттар ұсынуды белгiленген тәртiп бойынша тiркелген республикалық немесе жергiлiктi қоғамдық бiрлестiктер, сондай-ақ олардың құрылымдық бөлiмшелерi және өзiн-өзi ұсыну жолымен азаматтар жүзеге асырады. Мәслихат депутаты болып сайлану үшiн азамат Конституцияның 86-бабының 3-тармағында белгiленген талаптарды қанағаттандыруға, сондай-ақ Конституцияның 33-бабының 2 және 3-тармақтарына және осы Конституциялық заңға сәйкес сайлау құқығына ие болуға тиiс.
Осылайша, Қазақстан Республикасының 20 жасқа толған азаматы мәслихат депутаты болып сайлана алады. Сот іс-әрекетке қабілетсіз деп таныған, сондай-ақ сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың сайлауға және сайлануға құқығы жоқ», - делінген баспасөз хабарламасында.

Сонымен қатар, республикалық немесе жергiлiктi қоғамдық бiрлестіктердiң, олардың құрылымдық бөлiмшелерiнiң мәслихат депутаттығына кандидаттар ұсынуын, әрбiр кандидат дауысқа түсетін сайлау округін көрсете отырып, олардың жоғары органдары жүргiзедi.
Азаматтардың мәслихат депутаттығына кандидаттар ұсынуы өзiн-өзi ұсыну тәртiбiмен тиiстi округтiк сайлау комиссиясына осы аумақтық сайлау округi бойынша мәслихат депутаттығына кандидат болып дауысқа түсу ниетi туралы өтiнiш беру жолымен жүргiзiледi.
«Жалпы 2012 жылғы 24 қыркүйектегі жағдай бойынша, мәслихаттар депутаттығына кандидат ретінде 94 кандидат ұсынылған. Олардың 58-і - өзін-өзі ұсынғандар», - делінген баспасөз айғағында.