11 ШІЛДЕ. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. 11 шілде. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 11 шілдеге арналған күнтізбесін ұсынады.

11 шілде, БЕЙСЕНБІ Моңғолияның Ұлттық мейрамы - «Наадам». 1921 жылдан бастап аталып өтіледі. Халықтардың бүкілдүниежүзілік күні. БҰҰ-ның бастамасымен 1987 жылдан бастап атап өтіледі. Сол жылы 11 шілдеде БҰҰ демографтарының есебі бойынша жердің бес миллиардыншы тұрғыны дүниеге келді. 2001 жылғы мәлімет бойынша жер тұрғындары 1,1 млрд. адамға көбейген. БҰҰ сарапшыларының болжамдарына қарағанда, соңғы 45 жыл ішінде адам саны 9 миллиардқа дейін артуы мүмкін. Бірақ дамыған мемлекеттердің тұрғындары көбеймейді, 1,2 млрд. деңгейде тұрақталады. 2050 жылы Германия, Италия, Жапония, Украина және Ресей сынды 50 мемлекет тұрғындарының саны 2005 жылға қарағанда төмен болады. БҰҰ баяндамасына қарағанда адамдардың орташа өмір сүру деңгейі 1950-1955 жылдары 46 жас болса, 2000-2005 жылдары - 64 жас. Яғни, адамдардың өмір сүру деңгейі 18 жылға өскен. 2050 жылы орташа өмір сүру деңгейі - 75, ал дамыған мемлекеттерде 82 жас болады деп күтілуде. Дүниежүзілік шоколад күні. 1995 жылы алғашқы рет француздар шоколад күнін ойлап тапты. Шоколадты жасауды бірінші ацтектер үйренді деген пікір қалыптасқан. Олар оны «құдайлар асы» деген. Еуропаға алғаш жеткізілген Испан конкистадорлары бұл тәттіге «қара алтын» деген атау берді және оны дене күшін нығайту үшін пайдаланды. Біраз уақыттан кейін Еуропада шоколадты ақсүйектер әулеті ғана пайдаланды. Танымал әйелдер шоколадты афродизиак деп есептеді. Терезаның анасы шоколадқа құмар болды, ал Помпадур ханым шоколад қана құмарлықты оятады деп сенген. Тек 20-шы ғасырдың басында шоколадты өндіретін өндіріс пайда болғаннан бастап, ақсүйектер әулетіне жатпайтын адамдар да шоколадты рақаттана пайдаланды. Қазіргі заман ғылымының айтуы бойынша шоколадта демалуға көмек көрсететін, психологияны орнына келтіретін элементтері бар. Шоколадтың күңгірт түрі эндорфинді тудырады, эндорфин - бақыт гормоны, ол қуаныш орталығына әсер етіп, көңіл күйді жақсартады. Шоколадтың «ракқа қарсы» күшті әсері бар деген болжам да бар және ағзаның қартаюын тежейтін қасиеті бар. ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 5 жыл бұрын (2009) Елбасы Н. Назарбаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттық-коммуникациялық желілер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ақпараттық-коммуникациялық желілер арқылы ел аумағында ақпарат таратумен байланысты қарым-қатынастарды мемлекеттік реттеу жүйесін жетілдіруге бағытталған Заңға қол қойды. 7 жыл бұрын (2007) облыстық мәслихаттың шешімімен Ақтөбе облысындағы 11 ауыл және 2 ауылдық округтің атауы өзгертілді. Атап айтқанда, ауылдардың «орыс тілді» атаулары бұрынғы қазақша атауын немесе атақты ақтөбелік және қазақстандықтардың атын алды. Осылайша, Ақтөбенің іргесіндегі Новостепановка ауылы - Кеңес Нокин атындағы ауыл, Алға ауданының Березовка ауылы - Қайыңдысай ауылы, Қобда ауданының Вознесеновка, Пятигорка және Қызылту ауылдары - Қурайлы, Бестау және Егіндібұлақ ауылы деп аталатын болды. Атақты композитор Шәмші Қалдаяқовтың аты Қарғалы ауданының Александровка ауылына берілді. Осы ауданның тағы 2 ауылы - Эрзерум мен Бородиновка - Сарыбұлақ және Қайрақты деп өзгертілді. Сондай-ақ Мартөк ауданының Новомихайловка ауылы енді Байнассай ауылы, Казанка ауылы - Қазан ауылы, Мұғалжар ауданының Юбилейный ауылы Алтынды ауылы деп аталатын болды. Алға ауданының Ключевой округі - Үшқұдық ауылдық округі, Қобда ауданының Белогорский ауылдық округы Бестау ауылдық округі деп өзгертілді. 8 жыл бұрын (2006) Алматыда Ресей Сауда-өнеркәсіп палатасының Орта Азиядағы аумақтық өкілдігінің ресми ашылуы өтті. 17 жыл бұрын (1997) Қазақстандағы Ливан елшілігінде ұлы философ, ғалым, ойшыл, математик, астролог, музыка теоретигі Әбу Насыр әл-Фарабидің араб тілінде жарық көрген толық шығармалар жинағының тұсаукесер рәсімі өтті. 17 жыл бұрын (1997) Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңы қабылданды. 36 жыл бұрын (1977) Қазақ минералдық шикізат ғылыми-зерттеу институты құрылды. 120 жыл бұрын (1894) Транссібір темір жолы арқылы Петропавл қаласына алғашқы пойыз келіп жетті. Теміржол қатынасының қалыптасуы бұл өлкенің экономикалық және дамуына жасалған негізгі қадам болатын. 30 жыл бұрын (1984) АҚШ-та 1989 жылға қарай барлық автокөліктерде қауіпсіздік белдіктері болуы керектігі туралы жарияланды. 94 жыл бұрын (1919) Голландияда 8 сағаттық жұмыс күні енгізілді. 238 жыл бұрын (1776) Капитан Кук Плимуттан «Discovery»-мен бірге өзінің соңғы сапары - «Resolution»-ға аттанды. 438 жыл бұрын (1576) М. Фробишердің ағылшын экспедициясы Гренландияны ашты. ЕСІМДЕР 114 жыл бұрын (1900-1980) энтомолог, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор ХАРИН Сергей Александрович дүниеге келді. Алматы қаласында туған. Санкт-Петербордың зоология және фитопатология институтын бітірген. Қазақ өсімдік қорғау ғылыми-зерттеу институты фитопатология зертханасының ғылыми қызметкері, меңгерушісі, Қазақ ауыл шаруашылық институтының энтомология кафедрасының оқытушысы, доценті, профессоры, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарған. Ол қозаның өсімдігінің, жеміс дақылдарының зиянкестерін жоюдың механикалық тәсілдерін өндіріске ұсынған. «Справочник по борьбе с вредителями сельскохозяйственных культур в Казахстане» анықтамалығының авторы. 106 жыл бұрын (1908-1983) актер, әнші, композитор, Қазақ КСР-нің Халық әртісі ШӘМИЕВ Ахмет дүниеге келді. Алматы облысының Жаркент қаласында туған. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Сахналық өнер жолын 1925 жылы Жаркент қаласындағы драма үйірмесінен бастаған. 1935-1983 жылдары қазіргі Ұйғыр музыкалық комедия театры құрамында актер болған. Ол шетел және ұйғыр драматургиясы бойынша қойылған спектакльдерге қатысып, Ж.Асимов пен А.Садыровтың «Анарханында» Мұхмуттың, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш - Баян сұлуында» Қодардың рөлдерін сомдаған. «Қазақстан», «Отан», «Колхоз», «Гудок», «Махаббатым» әндерінің авторы. 1957 жылдан «Шоқан Уәлиханов», «Біз Жетісуданбыз», «Егерде біздің әрқайсысымыз», «Жылан жылы» атты киноларға түскен. «Құрмет белгісі» орденімен, медальдармен марапатталған. 80 жыл бұрын (1934) танымал итальяндық модельер, сауда-саттық айналымы 4 миллиард еуроны құрайтын әлемдегі ірі дизайнерлік сән үйінің бірі Giorgio Armani S.p.A. компаниясының жалғыз акционері, атқарушы директоры әрі президенті АРМАНИ Джорджио дүниеге келді. Италияның Пьяченца қаласында туған. Ол 2 жыл Пьянченца университетінде медицинаны оқығаннан кейін сәнді киімдер жасаумен әуестеніп, Nino Cerruti маркасы үшін ерлер киімін піше бастады. 1975 жылы шілденің 24-інде досы Серджио Галеоттимен бірге Giorgio Armani S.p.A. компаниясын құрып, ерлер мен әйелдердің дайын киімдерін шығарады. Қазіргі таңда аталған компанияның өнімдері қатарында ерлер мен әйелдер киімі, аяқ киім, сөмке, сағат, көзәйнек, зергерлік бұйымдар, иіс су мен косметикалар, үй тауарлары мен жиһаздар бар. Джорджио Армани сән саласындағы жұмысында Gran Cavaliere della Repubblica, Commendatore dell'Ordine al Merito della Repubblica (Италиядағы жоғары үкіметтік награда), Үздік халықаралық дизайнер (Award for Best International Designer) және ерлер киімінің коллекциясы үшін Американың Сән дизайнерлері кеңесінің Кәсіби жетістіктері үшін сыйлығы (Lifetime Achievement Award) сияқты бірнеше ұлттық және халықаралық марапатқа ие болды. Джорджио Армани - әлемнің 39 елінде орналасқан 13 фабрика мен 300 эксклюзивті сауда дүкенінің иесі. 247 жыл бұрын (1767-1848) АҚШ-тың 6-шы президенті Джон Куинси АДАМС (1825-1829) дүниеге келген.