11 желтоқсан. Туған күн иелері

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 11 желтоқсан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

157 жыл бұрын (1864-1919) қазақтың атақты халық әнші-композиторы, айтыскер ақын, ат үсті ойынының түрлі тәсілдерін меңгерген ерекше өнерпаз, күш өнерін көрсеткен спортшы, жауырыны жерге тимеген балуан Нұрмағамбет БАЙМЫРЗАҰЛЫ (Балуан Шолақ) дүниеге келген.

1864 жылы Мойынқұмның Хан тауының маңында туған. Ақмола облысындағы Тасты өзенінің бойында жерленген. Балуан Шолақтың жас кезінде әкесі Көкшетауға көшіп келген. Осында өсіп, өнер қуып, Арқаның ардагер серісі атанған оның әндері, өлеңдері көптеген жинақтарға енген, жеке кітап болып та басылып шыққан. Он төрт жасында күреске түскен Балуан Шолақ салдық құрып, төңірегіне өнерлі жастарды жинаған. Жас күнінде саусағын үсітіп алуына байланысты халық «Балуан Шолақ» деп атап кеткен.

Көкшетау қаласында өткен бір үлкен жиында 51 пұт (830 кг тарта) кірдің тасын көтеріп, дүйім жұртты таңғалдырған. 1899 жылы 35 жасында орыс палуаны Иван Кореньмен күресіп, оның қабырғасын сындырған. 1913 жылы ата-бабасының туып өскен, кіндік қаны тамған Шу өңіріне келген. Осы сапарында Қордай даласында қой бағып жүрген Кенен Әзірбаев оның көптеген әндерін үйренген.

Балуан Шолақ Шу өңірінде болған сапарында көтерген салмағы 1050 келі тартатын тас бүгінде аудандық тарихи өлкетану мұражайының алдына қойылған. Сондай-ақ, Далақайнар өңіріндегі өзі аршыған тұнба әлі күнге дейін «Балуан Шолақ бұлағы» аталып келеді. Еліміздегі көптеген қалалардағы спорт сарайлары Балуан Шолақ атымен аталады.

66 жыл бұрын (1955) Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институтының директоры Рамазан Құмарбекұлы САРПЕКОВ дүниеге келді.

Талдықорған облысының Панфилов қаласында туған. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін аяқтады.

Еңбек жолы: 1973-1974 жылдары – Алматы облысындағы Панфилов ауданында құрылысшы. 1974-1976 жылдары – Кеңес әскерінің қатарында қызметте, Хабаров өлкесі. 1976-1981 жылдары – Алматы қ. «Электромонтаж» ҚБ, электромонтаждаушы. 1981-1982 – Алматы қ. Әуезов ЖҚУ кадр бөлімінің инспекторы. 1982-1986 жылдары – Торғай ауданы Жангелді ауданының прокуратурасы тергеушісі. 1986-1988 жылдары – Торғай облысы прокуратурасының аса маңызды істер бойынша аға тергеуші. 1988-1989 – Қостанай облысы Амангелді ауданы прокуратурасының тергеушісі (Торғай облысын таратуға байланысты). 1989-1994 жылдары – Қостанай облысы Амангелді ауданының Халық сотының төрағасы. 1994-1995 жылдары – Торғай облыстық соты Төрағасының орынбасары. 1995-1997 жылдары – Торғай облыстық сотының Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы. 1997-1999 – Арқалық қ. өңірлік сот құрамының төрағасы, Қостанай облыстық сотының судьясы (Торғай облысын таратуға байланысты). 1999-2004 жылдары – II сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі. 2005-2006 жылдары – Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі комитеті төрағасының бірінші орынбасары. 2006-2007 жылдары – Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Аппарат басшысы және алқа мүшесі. 2007-2011 жылдары – IV сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі. 2012-2016 жылдары – V сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі. 2017-2017 жылдары – Қазақстан Республикасы Әділет министрінің кеңесшісі. 2017-2019 жылдары – Қазақстан Республикасы Әділет Министрлігінің «Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» РМК директоры.

Қазіргі қызметін 2019 жылдың наурызынан бастап.

«Парасат», «Құрмет», ТМД қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясының «Содружество» ордендерімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Тың және тыңайған жерлердi игерудің басталуына 50 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесіне 10 жыл», «Астананың 10 жылдығы», «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 10 жыл», «ТМД қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясына20 жыл», «Қазақстан полициясына 20 жыл», «Нұр-Отан» ХДП «Белсенді қызметі үшін», «Үш би», «М.Әуезов», «Қазақстан Республикасы прокуратура органдарының 20 жылдығы», «Парламенттік ынтымақтастығын нығайтқаны үшін», «Қазақстан Республикасы прокуратурасындағы мінсіз қызмет үшін – 3 дәрежелі», «Қазахстан Республикасы Қаржы полициясына 20 жыл», «Адвакатураны дамытуға қосқан улесі үшін», «Конституциялық заңдылықты нығайтуға қосқан үлесі үшін», «Әділет органдары жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін», «Бауыржан Момышұлы», «Намыс», «Тергеу қызметінің 50 жылдығы», «Төтенше жағдайлар жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» медальдарымен мараптталған.

43 жыл бұрын (1978) ҚР Президенті Әкімшілігінде мемлекеттік инспектор, белгілі журналист Нұрлан Окаұлы дүниеге келді.

Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында туған. 1992 жылы ата-анасымен бірге тарихи отаны – Қазақстанға қоныс аударған. 1992-1996 жылдары Алматы қаласындағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектеп-интернатта білім алған. Әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық университетінің Журналистика факультетін бітірген.

Еңбек жолын университеттің 2-курсында оқып жүрген кезінде бастаған. 1997-1998 жылдары республикалық «Хабар радиосында» жүргізуші, 2000-2001 жылдары КТК телеарнасында жаңалықтар қызметінің тілшісі, 2001-2002 жылдары «Қазақстан» ұлттық телеарнасында редактор - комментатор, 2002-2004 жылдары «Астана» телеарнасында редактор, продюсер, 2004-2012 жылдары «Хабар» агенттігінде корреспондент болып қызмет атқарды.

2006-2012 жылдар аралығында президенттік пул құрамында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жұмысын халыққа көрсетуге тікелей атсалысты. 2012-2013 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының сектор меңгерушісі, 2013-2015 жылдары ҚХА Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары қызметтерін атқарды.

2015-2018 жылдары Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, 2018-2019 жылдары «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы басқарма төрағасының орынбасары, 2019-2020 жылдары Президент Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімі меңгерушісінің орынбасары болды. Қазіргі қызметінде 2020 жылдың қараша айынан бері.

2008 жылы республикалық «Шабыт» байқауының «Журналистика» номинациясы бойынша бас жүлде иегері. 2011 жылы Президенттің алғыс хатына ие болып, «Нұр Сұңқар» республикалық байқауының арнайы жүлдесін жеңіп алды. Қазақстан Конституциясының 20 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы медалдарымен, 2016 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің алғыс хатымен және 2017 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.