Нарықтағы өсімнің басым бөлігі аннуитетке тиесілі
2026 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша, Қазақстандағы өмірді сақтандырумен айналысатын он компания 1 трлн 154,5 млрд теңге сақтандыру сыйлықақысын жинаған. Былтырғы тоғыз айда бұл көрсеткіш 758,8 млрд теңге болды. Бір жылда нарық көлемі 395,7 млрд теңгеге немесе 52,15 пайыз ұлғайған.
Алайда өсімнің қайдан келгенін қарасақ, негізгі қозғаушы күш бірден байқалады. Зейнетақы аннуитеттері бойынша жиналған сыйлықақы 757,6 млрд теңгеге жетіп, бір жылда 130,5 пайыз артқан. Бұл – бүкіл өмірді сақтандыру нарығындағы түсімнің 65,6 пайызы.
Бір жыл бұрын аннуитеттің үлесі 43,3 пайыз шамасында болған. Демек, небәрі он екі ай ішінде осы өнімнің нарықтағы салмағы айтарлықтай артқан.
2026 жылдың 9 айында зейнетақы аннуитеті бойынша 79 763 шарт жасалған. Былтыр осы кезеңде 37 930 шарт рәсімделген. Шарт саны екі еседен астам өскен. Бір келісімшартқа шаққандағы орташа сома да 8,7 млн теңгеден 9,5 млн теңгеге дейін көтерілген.
Аннуитет нарығының өсімі бүкіл сақтандыру нарығының өсімінен де асып түсті. Осы кезеңде аннуитет бойынша сыйлықақы 429 млрд теңгеге көбейген. Ал өмірді сақтандыру нарығының жалпы өсімі 395,7 млрд теңге болды, яғни өзге бағыттардағы төмендеу мен баяу өсімді аннуитет сегменті толық өтеп, нарықтың жалпы көрсеткішін жоғары тартқан.
Аннуитет жарнамасы неге көбейді?
Зейнетақы аннуитетіне қызығушылықтың күрт артуы 2026 жылғы маусымдағы өзгерістермен тұспа-тұс келді. Сол кезде БЖЗҚ-дан тұрғын үй жағдайын жақсартуға және емделуге ақша алу үшін зейнетақы шотында қалуға тиіс ең төменгі жеткіліктілік шегі айтарлықтай көтерілді. Кейбір жас санаттарында ол екі еседен астам өсті.
Мұның салдарынан бұрын жинағының бір бөлігін пайдалануды жоспарлаған азаматтардың едәуір бөлігі мүмкіндіктен айырылды. Ал өмірді сақтандыру компаниялары аннуитетті басқа жол ретінде ұсына бастады.
Әйгерім Ілиясова сияқты қаржы сарапшылары БАҚ арқылы маусым-шілде айларында сақтандыру компанияларына бұрын-соңды болмаған клиенттер ағыны келгенін, әлеуметтік желілерде аннуитет жарнамасының көбейгенін айтқан.
Қарапайымдап айтсақ, аннуитетті насихаттауда оның өмір бойы төлем жасау мүмкіндігінен гөрі, зейнетақы жинағының бір бөлігін шешіп алатын тетік ретіндегі функциясы алдыңғы орынға шықты.
Сарапшы, өмірді сақтандыру жөніндегі агент Медет Тұранов мұны нақты мысалмен түсіндірді.
- Зейнетақы аннуитеті деген тетіктің жұмыс істеп келе жатқанына 20 жылдан асқан шығар. Бірақ соңғы 2-3 жылда қазақстандықтар арасында қатты танымал болып тұр. Бұл зейнетақы қорының салымшыларына бұрынғыдай жинақтың бір бөлігін емделу мен баспана шығындарына деп шығарып алу мүмкіндігі тоқтағандықтан болуы да мүмкін. 2 жылдай бұрын салымшылардың кейбіреуі «көмектескіш пысықайлардың» көмегімен жинағының бір бөлігін тіс және көз емханалары арқылы шығарып алғаны үшін сотқа тартылғанын бәріміз білеміз.
Тіпті «Отбасы банк» төрайымы өз жүйелерінде бір пәтердің 30 рет «сатылғанын» айтқан. Енді бұл жол жабылғаннан кейін зейнетақы аннуитеті жинақтың тым болмаса 11 пайызын дивиденд ретінде қазір алуға болатын жалғыз тетік болып тұр. Өкінішке қарай, бұл – дұрыс емес. Біздің халықтың көбі болашаққа арналған ақшасын қазір шешіп алуға асығады. Ал ертеңгі зейнетақысы не болатынын ойлайтындар аз, - дейді сарапшы.
Бірден айту керек, зейнетақы аннуитетінде де жеткіліктілік шегі бар. Бірақ бұл біржолғы төлем алатын шектен әлдеқайда төмен. 45-53 жас аралығындағы салымшыларға 9,5 млн теңгеден басталады.
Бір реттік пайда болашақ зейнетақыны азайтуы мүмкін
Зейнетақы аннуитеті бойынша шешім қабылдағанда азамат сақтандыру компаниясына жинағының бір бөлігін аударып, оның орнына өмір бойы төлем алу құқығына ие болады. Сақтандырушы адамның жинағы таусылуы мүмкін кезеңнен ұзақ өмір сүрген жағдайда да төлем жасауды жалғастырады. Бұл өнімнің негізгі міндеті – болашақтағы тұрақты кірісті қамтамасыз ету.
Алайда әлеуметтік желідегі жарнамаларда осы ұзақ мерзімді міндеттемелердің орнына бірден пайдалануға болатын ақшаға басымдық берілсе, азамат шешімнің екінші жағын елемеуі мүмкін. Ең бастысы, аннуитетке аударылған ақшаны кейін БЖЗҚ-ға қайтару мүмкін емес. Сақтандыру компаниясының жұмысы ұнамаса, тек басқа сақтандыру компаниясына ғана өте аласыз. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі осы «көш» кезінде бұрынғы компанияның инвестициялық табысынан салымшыға тиесілі өтем беретін тетікті енгізбек.
Ұлттық банк деректері
2026 жылдың алғашқы төрт айында сақтандыру компанияларына зейнетақы жинақтарынан 213 млрд теңге аударылған. Бұл - былтырғы сәйкес кезеңнен 72 пайыз көп. Сол уақытта сақтандыру ұйымдарына шамамен 23 мың жаңа клиент келген. Бұл мәліметтер маусымдағы жеткіліктілік шегі өзгергенге дейін-ақ аннуитет нарығында өсім болғанын көрсетеді.
Дегенмен маусым-шілдедегі клиенттер ағыны мен жарнаманың көбеюі нарықтағы өзгерістің сипатын түсінуге көмектеседі. Бір жағынан, азаматтар өмір бойғы зейнетақы төлемін қамтамасыз ететін өнімге қызығушылық танытты. Екінші жағынан, жарнамада жинақтың бір бөлігін «шешіп алу мүмкіндігі» ерекшелеп көрсетілді.
Агенттік шешімі
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 3 қарашада зейнетақы аннуитеті шарттары бойынша сатып алу сомасын есептеу тәртібін өзгертетінін хабарлады. Бұған дейін сақтандыру компаниясын ауыстырған кезде инвестициялық кіріс сатып алу сомасына қосылмайтын. Соның салдарынан кейбір компаниялар клиентті өзіне тарту үшін сол кірістің бір бөлігін біржолғы төлем ретінде келісімшарт рәсімделген кезеңде-ақ аударып беретін. Медет Тұранов айтып отырған 11 пайыз төлем осы.
Агенттік мұндай тәжірибенің кері салдарын түсіндірді. Сарапшы инвестициялық кірістің бір бөлігін алдын ала аудартқан соң, кейін басқа сақтандыру компаниясына ауысқанда жаңа шартқа аударылатын ақша азаяды. Салдарынан өмір бойы алатын төлемінің мөлшері де төмендеуі мүмкін.
Енді сатып алу сомасын есептегенде шарт бойынша қалыптасқан инвестициялық кіріс те ескеріледі. Ол жаңа сақтандырушыға аударылатын қаражат құрамында қалуы керек, яғни инвестициялық кірісті клиентті басқа компанияға тарту үшін бөлек төлеу тәжірибесі тоқтайды. Агенттік бұл өзгерісті болашақ зейнетақы төлемдерінің мөлшерін сақтауға бағытталған шара ретінде түсіндіреді.
Сонымен қатар 30 қазанда қабылданған №156 қаулы сақтандыру агенттерінің комиссиялық сыйақысын полисте теңгемен және сақтандыру сыйлықақысының пайызы түрінде көрсету талабын енгізді. Бұл клиентке өнімді рәсімдеуге байланысты шығындарды алдын ала білуге мүмкіндік береді. Қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күн өткен соң күшіне енеді.
Жалпы 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша, өмірді сақтандыру нарығындағы он компанияның жиынтық активтері 3 трлн 52,3 млрд теңгеге жеткен. Бұл - жыл басындағы көрсеткіштен 36 пайыз, ал былтырғы қазанмен салыстырғанда 45 пайыз көп. Сақтандыру резервтері де жыл басынан бері екі еселеніп, 2 трлн 513,1 млрд теңге болған. Бұл қаражат компаниялардың болашақта клиенттер алдындағы міндеттемелерін орындауы үшін сақталады.
Алайда активтер мен сақтандыру сыйлықақыларының өсуі компаниялардың таза пайдасының артуына ұласпаған. Керісінше, 2026 жылдың тоғыз айында өмірді сақтандыру компанияларының жиынтық таза пайдасы 6,3 млрд теңге болған. Былтыр осы кезеңде олар 90,8 млрд теңге пайда тапқан еді.
Өмірді ерікті сақтандыру сегментінде кері үрдіс байқалады. Тоғыз айда бұл өнім бойынша жиналған сыйлықақы 18,3 пайыз азайып, 183,3 млрд теңгеге түскен. Керісінше, жұмыскерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру бойынша түсім 52,1 пайыз өсіп, 168,6 млрд теңгеге жеткен.