116 жастағы кейуана референдумда дауыс берді

Фото: Ұлытау облысы әкімдігі

ЖЕЗҚАЗҒАН. KAZINFORM - Ұлытау облысында республикалық референдумға түрлі буын өкілдері белсенді қатысып жатыр. Солардың қатарында еліміздегі ең қарт тұрғындардың бірі де өз таңдауын жасап, азаматтық ұстанымын білдірді.

Ұлытау облысында өтіп жатқан республикалық референдум барысында аға буын өкілдері де ел болашағына бейжай қарамай, қоғамдық-саяси науқанға белсене атсалысып жатыр. Соның айқын дәлелі – Жаңаарқа ауданының тұрғыны, 116 жастағы Түймегүл Темірбаева.

Қызылжар кентінде тұратын қария референдумда дауыс беріп, өз азаматтық таңдауын жасады. Оның жасы мен денсаулық жағдайын ескерген учаскелік референдум комиссиясының мүшелері арнайы жылжымалы дауыс беру жәшігін кейуананың үйіне апарып, дауыс беру мүмкіндігін ұйымдастырды.

Түймегүл Темірбаева 1910 жылы дүниеге келген. Биыл қаңтар айында ол 116 жасқа толып, Қазақстандағы ең жасы үлкен тұрғындардың бірі атанды. Қазіргі таңда ол Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданына қарасты Қызылжар кентінде тұрады.

Фото: Ұлытау облысы әкімдігі

 

Түймегүл әже бүкіл өмірін отбасы тәрбиесіне арнаған жан. Оның айтуынша, ұзақ ғұмыр сүрудің басты сыры – адал еңбек пен туған-туысқа деген шынайы сүйіспеншілік. Бүгінде кейуананың 15 немересі мен 25 шөбересі бар. Ол әрдайым отбасының берекесін сақтап, балалары мен немерелеріне үлгі болып келеді.

Жақындарының сөзінше, Түймегүл әже денсаулығына жиі шағымданбайды. Қартайғанына қарамастан, белсенді өмір салтын ұстанып, отбасы мүшелерімен бірге түрлі отбасылық іс-шараларға қатысып тұрады.

Осылайша, ғасырдан асқан ұлытаулық кейуана маңызды саяси науқаннан шет қалмай, ел болашағына қатысты шешім қабылдау ісіне өз үлесін қосты.

Айта кетейік, Ұлытау облысында республикалық референдумға тұрғындардың қатысу белсенділігі жоғары деңгейде жалғасып жатыр.