НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін, яғни 12 ақпан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.
ЕСІМДЕР
81 жыл бұрын (1941) Республикалық «Бөбек» балалар қайырымдылық қорының президенті, қоғам қайраткері
Сара Алпысқызы НАЗАРБАЕВА дүниеге келді. Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы Қызылжар ауылында туған. Қарағанды металлургиялық комбинаты жанындағы жоғары оқу орнын экономист мамандығы бойынша бітірген. Аталған комбинатта «Қарағандыкөмір» бірлестігінде жұмыс істеген. 1992 жылы елдегі ана мен балаларды әлеуметтік қорғау, балалар үйлерін қамқорлыққа алу, тұрмысы төмен, жетім балаларға жәрдемдесу мақсатында «Бөбек» халықаралық балалар қайырымдылық қорының негізін қалады. Қазақстанда алғашқы болып жетім балаларды қорғайтын заң (Отбасылық үлгідегі балалар ауылдары және жасөспірімдер үйлері туралы) шығару бастамасын көтерді. Осыған орай Назарбаеваның тікелей қатысуымен жетім балаларға арналған балалар ауылдары салынды. Онда тәрбиеленген түлектер тұрғын үймен, білім алу мүмкіндігімен немесе жұмыспен қамтамасыз етіледі. 1992 жылдан «Бөбек» балалар қайырымдылық қорының президенті. Қор аурудын асқынған түрлерімен сырқаттанған балаларға Қазақстан мен шетел клиникаларында емдейтін балалар мекемелері мен ұйымдарына қамқорлық көрсетеді. Әсіресе Арал мен Семей ядролық полигоны сияқты экологиялық апатты аймағының балаларына ерекше көңіл бөлінеді. 1994 жылдан «505 - Қазақстанның балалар деревнясы» (Австрияның «Киндердорф Интернационал» қорының филиалы) қорының президенті. 1999 жылдан - «Демография» қайырымдылық қоры қамқоршылар кеңесінің төрайымы.
І дәрежелі «Достық» орденімен, «Өзін-өзі тану философиясы мен оқу мәдениетіне қосқан зор үлесі үшін» Шыңғыс Айтматов атындағы Алтын медальмен, Халықаралық «SOS-Киндердорф» қорының Алтын медалімен, Балалар құқығын қорғау саласына зор үлес қосқаны үшін ЮНИСЕФ-тің арнайы наградасымен марапатталған. Бүкіләлемдік денсаулық ұйымының И. Дограмачи атындағы сыйлығының, халықаралық «Unity» сыйлығының, Денсаулық сақтау, қайырымдылық және өскелең ұрпақты рухани тәрбиелеу саласындағы ерен еңбегі үшін «Құрманжан Датқа» сыйлығының лауреаты, «Мээрман Энее-98» атағының иегері атанған.
74 жыл бұрын (1948-2007) ҚР Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлығының, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты
Олег Вадимович КВЯТКОВСКИЙ дүниеге келді. Ресейде туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. «Советская Чукотка», «Ленинская смена», «Казахстанская правда» газеттерінің тілшісі, «Строительной газеты» газетінің Қиыр Шығыс бойынша, меншікті тілшісі, «Труд» газетінің Түрікменстан бойынша, Қазақстан бойынша меншікті тілшісі қызметтерін атқарған. 1993-1996 жылдары - «Караван-Эдвертайзинг» жарнама агенттігінің бас директоры. 1999-2001 жылдары - «Караван» газетінің бас редакторы, «Труд-Казахстан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры. 2001-2002 жылдары - «31 канал» телерадио компаниясының атқарушы директоры. 2002-2005 жылдары - «Столичная жизнь» газетінің бас редакторы. 2005-2007 жылдары «Казахстанская правда» Республикалық газеті» акционерлік қоғамының президенті қызметін атқарған. «Құрмет» орденімен (2006), «Еңбек ардагері», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» медальдарымен; I, II дәрежелі «КСРО КСРО шекара әскерлерінің үздігі» белгісімен, БЛКЖО ОК Құрмет белгісімен марапатталған.
71 жыл бұрын (1951) Халықаралық жыршы, термеші және айтыс ақындары одағының төрағасы, ақын, журналист, қазіргі айтыс өнерінің ұйымдастырушысы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері
Жүрсін Молдашұлы ЕРМАН дүниеге келді. Қарағанды облысы Ұлытау ауданында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), Алматы жоғары партия мектебін бітірген. 1980 жылға дейін Жезді ауданы «Октябрь туы» газетінің әдеби қызметкері, 1971-1978 жылдары - Жезқазған облыстық телерадиокомитетінің аға редакторы, 1978-1980 жылдары - Жезқазған облыстық телерадиокомитетінің бас редакторы. 1982-1992 жылдары - Қазақ республикалық теледидарының бас редакторы, 1992-1996 жылдары - «Қазақ әдебиеті» газетінің, «Жұлдыз» журналының бөлім меңгерушісі, «Қазақ мемлекеті» газеті бас редакторының бірінші орынбасары, «Қазақстан қанаты» - «Крылья Казахстана» газетінің бас редакторы қызметтерін атқарды. 1997-2003 жылға дейін шығармашылық жұмыста болды. 2003-2006 жылдары - Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті гуманитарлық ғылыми-зерттеу орталығының жетекші ғылыми қызметкері, зертхана меңгерушісі, 2006-2007 жылдары - «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы АҚ Басқарма төрағасының орынбасары - Қазақ радиосының бас директоры. 2007-2009 жылдары - «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы АҚ Басқарма төрағасының кеңесшісі қызметтерін атқарған. 2009 жылдан бастап - «Алматықұрылыс» Ұлттық холдинг компаниясы акционерлік қоғамы президентінің кеңесшісі. Тұңғыш өлеңдер жинағы - «Жанартау» 1983 жылы жарық көрді. «Арайлы күн армысың», «Ұлытауға бардың ба?..», «Құдіретке жүгіну» , «Екі тізгін, бір шылбыр» атты кітаптардың авторы. Өлеңдері мен поэма, балладалары адам, оның жан дүниесі, рухани құдылықтарын өзек етеді. Жүрсін Ерманов қазақтың атамұра өнері - ақындар айтысын қайта жаңғырту, оны теледидар мен радиода насихаттау ісінде айтарлықтай жұмыстар атқарды. Ақындарды 1984 жылдан үлкен сахнаға шығарып, халық өнерін, ұлттық рухты көтеруге үлес қосты. Ақындар айтысын жинақтап жариялау, зерттеу жұмыстарын жүргізіп, «Қазіргі айтыстар» (2005, Астана, 2 том) жинағын құрастырды. Бірнеше бейне, аудиокассета, дискілері жарыққа шыққан. Қазақстан Жазушылар одағының Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлығының екі мәрте иегері. Халықаралық қазақ тілі қоғамының мүшесі. Қарағанды облысы Ұлытау ауданының Құрметті азаматы.
59 жыл бұрын (1963) жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, Т.Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты
Асқар АЛТАЙ дүниеге келді. Шығыс Қазақстан облысында туған. Алматы мемлекеттік университетін бітірген. Алматы облысы Күрті аудандық «Шұғыла» газетінің тілшісі, С.Мұқанов мұражай-үйінің кіші ғылыми қызметкері, Қазақ теледидары «Алатау» бағдарламасының жауапты редакторы, «Жұлдыз» журналы әдеби сын бөлімінің редакторы, бөлім меңгерушісі, «Ер-Дәулет» ақпарат агенттігі бас редакторының орынбасары қызметтерін атқарған. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Қаржы-қаражат» журналы бас редакторының орынбасары, бас редакторы, «Білім» баспасының жетекші редакторы болған. Жазушының «Қыр мен қала хикаялары» атты повестер мен әңгімелер жинағы, «Алтай новелласы» атты прозалық жинағы жарық көрген. «Қызыл бөлтірік» кітабы Халықаралық Сорос қорының бас жүлдесін алған.
5
7 жыл бұрын (1965) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары
Сұлтан Бүркітбайұлы КАМАЛЕТДИНОВ дүниеге келген. Астрахан облысында (РФ) туған. Ташкент жоғары танк училищесін бітірген; Танкіге қарсы әскерлер әскери академиясының тыңдаушысы; Ресей Федерациясы Қарулы Күштері Бас штабының Әскери академиясының тыңдаушысы. Еңбек жолы: Германиядағы кеңес әскерлері тобының танк дивизиясының гвардиялық танк полкінің танк взводы командирі; танк батальоны командирінің орынбасары – штаб бастығы, танк батальоны командирі, танк полкінің командирі, механикаландырылған дивизия командирінің орынбасары – штаб бастығы, механикаландырылған бригада командирі (1986-2005); «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскер қолбасшысы басқармасының штабы бастығының орынбасары (2006-2008); «Оңтүстік» ӨҚ әскер қолбасшысының әскери дайындық жөніндегі орынбасары (01.2008-08.2008); «Оңтүстік» ӨҚ әскер қолбасшысы басқармасы штабының бастығы – қолбасшының бірінші орынбасары (2010-2012); «Астана» ӨҚ әскер қолбасшысы басқармасы штабының бастығы – қолбасшының бірінші орынбасары (2012-2013); «Астана» ӨҚ әскер қолбасшысы (2013-2016); ҚР Қорғаныс министрлігі Қарулы Күштерінің Құрлықтағы әскерлер бас қолбасшысының бірінші орынбасары (2016-2019). Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің басшысы (2019-2021). Қазіргі қызметінде - 2021 жылдың қараша айынан.
45 жыл бұрын (1977) Қазақстан Республикасы Қарулы күштері қолбасшылығының өкілі, генерал-майор
Қаныш Асанханұлы ӘБУБӘКІРОВ дүниеге келген. Түркістан облысында туған. ҚР Қарулы Күштері Әскери академиясын (1998); Ұлттық қорғаныс, әскери және мемлекеттік басқару университетін бітірген. Еңбек жолы: №32363 әскери бөлімінің десант-шабуылдау батальоны барлау ротасының барлау тобының командирі (1998-1999); №32363 әскери бөлімінің ауыр зеңбіректер ротасының командирі (1999-2001); №32363 әскери бөлімінің десант-шабуылдау батальоны командирінің орынбасары (2001-2006); №61993 әскери бөлімі командирінің орынбасары – штаб бастығы (2006-2009); №22750 әскери бөлімінің командирі (02.2009-09.2009); №25744 әскери бөлімінің командирі (2009-2012); №61993 әскери бөлімінің командирі (2012-2015); ҚР Қарулы Күштері Аэромобильді әскер қолбасшысы басқармасының әскери дайындық басқармасының бастығы - Аэромобильді әскер қолбасшысының әскери дайындық жөніндегі орынбасары (2015-2016); ҚР Қарулы Күштері Құрлықтағы әскерлер десант-шабуылдау әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы (2016-2017); «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы (2017-2019). Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Құрлық әскерлерінің Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы (2019-2021). ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен; «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталған.
43 жыл бұрын (1979) «Qazaq TV» телеарнасының директоры, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары
Майя БЕКБАЕВА дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысы, Семей қаласында туған. Әль-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің халықаралық журналистика факультетіне түсіп, жоғарғы оқуды үздік дипломмен аяқтаған. Еңбек жолы: Телевидениеге 2000 жылы келген, алдымен Алматының «Шахар» телеарнасында журналист, кейіннен жаңалықтар қызметінің жүргізушісі қызметін атқарады. Сол сәттен бастап Майяның кәсіби өмірі жаңалықтармен тығыз байланысты. 2005 жылы Майя Алматыда қалалық «Таң» телеарнасының журналисті, кейіннен шеф-редактор қызметіне ауысады. 2009 жылы «Қазақстан» телекорпорациясының шақыртуымен Астана қаласына көшіп, «Қазақстан» телекорпорациясында 2011 жылдың маусым айына дейін қызмет етеді. Майяның шығармашылық қоржынында «Бизнес-обзор», «Статус-столица», «Личная территория» бағдарламалары бар. Бұл Майяның жаңалықтар қызметімен қатар алып жүрген авторлық бағдарламалары. Майя 2012 жылдан бастап «Жетінші арнада» жаңалықтар және «Другими словами» бағдарламасы, сонымен қатар әлеуметтік тақырыптағы «ЖОЛЫ бар!» ток-шоуының жүргізушісі ретінде қызмет етті. 2016-2019 жылдары «Хабар» агенттігінде бірқатар бағдарламаларды жүргізді. 2019 жылдан «Kazakh TV» телеарнасының директоры, 2020 жылдың қараша айынан ҚХА Төрағасының орынбасары.