12 қараша. Kazinform күнтізбесі. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 12 қараша күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

Фото: Kazinform / Midjourney

Қадырғали ЖАМАНБАЛИН, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, З.Алдамжар атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университеті президентінің инновациялық технологиялар және қоғаммен байланыс жөніндегі кеңесшісі

Фото: kstnews.kz

1958 жылы Қостанай облысында дүниеге келген. 1982 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінің физика факультетін бітірген.

Еңбек жолы: 1982 жылдан бастап Қостанай педагогикалық институтында (қазіргі Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті) оқытушы, аға оқытушы, «Ақпараттық есептеу техникасы және автоматтандырылған жүйелер» кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1993 жылы физика-техникалық факультетінің деканы, «Эксперименттік және теориялық физика» кафедрасының профессоры болды. 1999-2023 жылдары З.Алдамжар атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университетінің ректоры қызметін атқарды. 2016 жылы Қостанай облыстық мәслихатының VI шақырылым депутаты, Заңдылық, құқықтық тәртіп және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері жөніндегі комиссияның төрағасы болды.

Шетелдік және отандық жетекші ғылыми басылымдарда 90-нан астам ғылыми еңбегі жарық көрген. Төрт монография мен оқу құралын шығарған.

2023 жылы А. Байтұрсынұлы атындағы медальмен марапатталған.

Болат ӘБДІЛМАНОВ, театр және кино актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Театр қайраткерлері одағының мүшесі

Фото: ticketon.kz

1960 жылы Талдықорған облысында дүниеге келген. 1982 жылы Алматы мемлекеттік театр-көркемөнер институтының актерлік факультетін драма театрының актері мамандығы бойынша оқыған.

Еңбек жолы: 1982 жылы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрында, 1992-2006 жылдары М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында актер қызметін атқарды.

«Абай» (Абай), «Томирис» (Мард), «Айман-Шолпан» (Арыстан), «Тойдан қайтқан қазақтар» (Қошқарбай), «Геростратты ұмыту» (Тиссаферн), «Қамар сұлу» (Оспан) спектакльдерінде ойнаған. «Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Ақын арманы» (Торайғыров), «Шәкәрімнің соңғы күні» (Қарасартов), «Заманай» (Есет), «Құланның ажалы» (Иемберген) фильмдерінде, «Саранча» телехикаясында (Дастанов) және басқа да туындыларда рөл сомдаған.

2009 жылы «Құрмет» орденімен, 2001 жылы «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» медалімен марапатталған.

Данат МҰСАЕВ, Қазақстан Республикасының Испания Корольдігіндегі, Андорра Княздігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі, БҰҰ Дүниежүзілік туризм ұйымы жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі

Фото: Gov.kz

1979 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. 2000 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясын, 2004 жылы Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясын бітірген.

Еңбек жолы: 2000 жылы ҚР Сыртқы істер министрлігінің Консулдық қызмет басқармасының маманы, 2004 жылы ҚР СІМ Еуропа және Америка департаментінің үшінші хатшысы болды. 2004-2006 жылдары Қазақстанның Үндістандағы Елшілігінің үшінші хатшысы, 2006-2009 жылдары Қазақстанның Испаниядағы Елшілігінің хатшысы, 2009-2011 жылдары ҚР Сыртқы істер министрлігі Еуропа департаментінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарды. 2011-2012 жылдары «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы орынбасарының кеңесшісі, 2012-2014 жылдары Қазақстан Республикасы Сауда-өнеркәсіп палатасының Сыртқы байланыстар және бизнесті дамыту департаментінің директоры, 2014-2015 жылдары Қазақстанның Испаниядағы Елшілігінің кеңесшісі болды. 2015-2019 жылдары Қазақстан Республикасының Барселона қаласындағы консулдығын басқарды. 2019-2020 жылдары ҚР Сыртқы істер министрлігі ТМД департаментінің Еуропа елдері басқармасының басшысы, 2020-2023 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Сыртқы саясат және халықаралық байланыстар бөлімінің меңгеруші орынбасары қызметін атқарды.

Нұржас НҰРБОЛАТ, Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Жамбыл облысы бойынша Экология департаментінің басшысы

Фото: instagram.com/prokadrykz

1994 жылы Тараз қаласында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген.

Еңбек жолы: 2016 жылы Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Алматы және Астана қалаларындағы аумақтық бөлімшелерінде жұмыс істеді. ҚР Энергетика және Экология министрліктерінің Экологиялық реттеу және бақылау комитеті Лицензиялау басқармасында бас маман, сарапшы, бас сарапшы — мемлекеттік экологиялық аға инспектор қызметтерін атқарды. 2020-2025 жылғы мамыр аралығында Түркістан облысы бойынша Экология департаменті басшысының орынбасары — бас мемлекеттік экологиялық инспектор болды.

Қазіргі қызметін 2025 жылғы мамырдан бері атқарып келеді.

Евгений БРУСИЛОВСКИЙ, композитор, профессор, қазақтың кәсіби музыка өнерінің негізін қалаушылардың бірі

Фото: kazchoreography.kz

1905 жылы Дондағы Ростов қаласында дүниеге келген. Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) консерваториясын профессор М. О. Штейнбергтің композиция сыныбы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: 1933-1934 жылдары музыкалық-драма техникумында халық музыкасын зерттеу пәнінен сабақ берді. 1934-1938 жылдары Қазақ музыкалық театрының музыкалық жетекшісі, 1939-1956 жылдары Қазақстан Композиторлар одағының төрағасы, 1944-1970 жылдары Құрманғазы атындағы консерваторияның композиция кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды. 1949-1951 жылдары Жамбыл атындағы филармонияның көркемдік жетекшісі, 1956-1976 жылдары КСРО Композиторлар одағы басқармасының мүшесі болды.

Ол «Қыз Жібек», «Жалбыр», «Ер Тарғын», «Дударай» және басқа да 9 операның, «Гүләндам», «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» атты екі балеттің музыкасын жазған. «Қазақстан» кантатасы үшін КСРО Мемлекеттік сыйлығына ие болған. Сонымен қатар 9 симфонияның (6-симфониясы «Құрманғазы» Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығымен марапатталған), виолончель мен трубаға арналған концерттердің, қазақ халық аспаптар оркестріне арналған «Иса Байзақовты еске алуға арналған Желдірме», «Думанда» сияқты шығармалардың, сондай-ақ «Қос қарлығаш», «Бейбітшілік туы берік қолда», «Шолпан» және басқа да 500-ден астам ән мен романстың авторы.

Ол сондай-ақ дауыс пен фортепианоға, хорға және түрлі аспаптарға арналған 100-ге жуық халық әні мен күйін өңдеген. «Бұл Шұғылада болған еді», «Дала қызы», «Шоқан Уәлиханов» фильмдеріне музыка жазған. Қазақ композиторлық мектебінің негізін қалады. Оның шәкірттері: Еркеғали Рахмадиев, Құддыс Қожамияров, Сыдық Мұхамеджанов, Анатолий Бычков, Қапан Мусин, Бақытжан Байқадамов, Нағым Меңдіғалиев, Кенжебек Күмісбеков және басқа да белгілі композиторлар бар.

Ленин, Еңбек Қызыл Ту және «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған. Қазақ халық музыкасын дамытуға сіңірген еңбегі үшін Алматы қаласындағы көшелердің біріне Евгений Брусиловскийдің есімі берілген.