12 қарашаны қызмет бабында ерлікпен қаза болған офицерлер мен сарбаздардың күні етіп белгілеу қажет - Халық Қаһарманы Б.Ертаев

АСТАНА. 13 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада осыдан бір жыл бұрын Таразда лаңкесті тұтқындау барысында қаза болған Ғазиз Байтасовты еске алу шарасы өтті.

Онда батырдың ескерткішіне гүл шоқтарын қою кезінде сөз алған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытжан Ертаев заң шығарушы органға 12 қарашаны қызмет бабында ерлікпен қаза болған офицерлер мен сарбаздар күні етіп белгілеуді ұсынатындығын мәлім етті.

«Бейбітшілік кезінде біздің азаматтарымыз, болашақты ойлап, өзінің елін сүйген патриоттарымыз, маңдайымызға біткен бауырларымыз жан беруде. Еліміздің тыныштығы, болашағы үшін. Тараздық Ғазиз Байтасовтың да өмір сүргісі келген шығар, жас, бала-шағасы бар. Бірақ болашақтағы тыныштық үшін, өз денесімен опасызды жауып, өзгелерді аман алып қалды. Бұл сөзсіз батырлық, Отанын сүйгендік!», - дейді әйгілі генерал, Ауғанстан соғысының ардагері Бақытжан Ертаев.

Оның айтуынша, бейбіт заманда халықтың тыныштығын қамтамасыз ету жағдайында ерлігімен қаза болғандардың саны бірнеше жүз адамнан асып отыр. Осыған орай, мәжілісмен 12 қарашаны қызмет бабында ерлікпен қаза болған офицерлер мен сарбаздардың күні ретінде белгілеуді заң жүзінде қабылдауға күш салатындығын айтты. 

Айта кетейік, бүгін, 12 қарашада Тараз қаласындағы қанды терактінің болғанына бір жыл толып отыр. Бұл күні елді үрейге бөлеген лаңкесші М.К.Қариев қару-жарақ дүкендерінің біріне қарақшылық шабуыл жасап, ақыр соңында өзін-өзі жарып жіберді. Сол кезде жол полициясының взвод командирі, капитан Ғазиз Байтасов қылмыскерді өз денесімен жауып, ерлікпен қаза болды.