12 қазан. Kazinform күнтізбесі. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 12 қазан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

Фото: Kazinform/ Midjourney

Бауыржан БЕКТҰРҒАН, «Әділет» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының жетекшісі

Фото: zhaikpress.kz

1980 жылы Орал қаласында дүниеге келген. Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық колледжін, Атырау мұнай және газ университетін, Ресей халықтар достығы университетін (РУДН) және Қазақ гуманитарлық-заң университетін тәмамдаған.

Еңбек жолы: 2001-2005 жылдары «Қарашығанақ» жобасы аясында «CCC-Saipem» консорциумында қауіпсіздік жөніндегі үйлестіруші қызметін атқарды. 2005-2008 жылдары «ЕРСАЙ Каспиан Контрактор» ЖШС-да қауіпсіздік, вахталық қалашық және әкімшілік мәселелеріне жауапты үйлестіруші болды. 2008-2019 жылдары «Сайпем» АҚ-ның Қазақстандағы филиалында әкімшілік мәселелер жөніндегі үйлестіруші және қауіпсіздік менеджері қызметтерін атқарды. 2019-2023 жылдары «НКОК» компаниясында нысандарды басқару менеджері, кейін корпоративтік қызметтер жөніндегі директордың міндетін атқарушы болды. 2023 жылдан 2024 жылғы қарашаға дейін «AQJAIYQ» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарды. 2024 жылғы қарашадан бастап «Батыс Қазақстан АЭЖК» ЖШС бас директоры қызметіне кірісті.

Қазіргі қызметін 2026 жылғы шілдеден бастап атқарып келеді.

Әнуар МӘДИЕВ, Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары

Фото: Қаржы министрлігі

1983 жылы Қарағанды қаласында дүниеге келген. 2004 жылы ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды заң институтын, 2006 жылы Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін тәмамдаған. Заң ғылымдарының кандидаты.

Еңбек жолы: 2004-2008 жылдары Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ішкі істер органдарында қызмет атқарды. 2008-2009 жылдары ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Заң департаментінің бас сарапшысы болды. 2009-2010 жылдары ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінде бас сарапшы қызметін атқарды. 2010-2012 жылдары Қазыбек би ауданы бойынша салық басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарып, Қарағанды облысы бойынша Салық департаменті мен ҚР Қаржы министрлігі Салық комитетінің құрылымдарында жұмыс істеді. 2012-2014 жылдары ҚР Қаржы министрлігі Салық комитетінің Қарағанды облысы бойынша Салық департаменті басшысының орынбасары болды. 2014-2017 жылдары коммерциялық ұйымдарда қызмет атқарды. 2017-2019 жылдары ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Экспорттық бақылау басқармасын басқарды. 2019-2022 жылдары Мемлекеттік кірістер комитеті Бақылау департаментінің Саудаға жатпайтын айналым басқармасының басшысы болды. 2022-2024 жылдары ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментін басқарды.

Қазіргі қызметін 2024 жылғы сәуірден бастап атқарып келеді.

Шәкен Ниязбеков, дизайнер, суретші-монументалист, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, КСРО Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туының авторы

Сурет: krg54.kz

1938 жылы Тараз қаласында дүниеге келген. 1958 жылы Ленинград көркемсурет училищесін, 1966 жылы В.И. Мухина атындағы Ленинград жоғары көркемсурет училищесін металды көркем өңдеу мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолы: 1963-1966 жылдары Ленинград электрмен дәнекерлеу ғылыми-зерттеу институтында суретші-конструктор, 1966-1968 жылдары Қазақ КСР Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің суретшісі болды. 1968-1982 жылдары Алматы қаласының бас суретшісі, 1982-1986 жылдары Қазақстан Суретшілер одағының төрағасы қызметін атқарды. 1987 жылдан бастап Алматы қаласының бас суретшісі, 1993 жылдары Қазақстан Суретшілер одағының хатшысы, 1998 жылы Алматы қаласының бас суретшісі болды.

1992 жылы Шәкен Ниязбеков Қазақстанның түкпір-түкпірінен, ТМД елдерінен, Моңғолиядан, Түркиядан және Германиядан ұсынылған жүздеген жобаның арасынан Мемлекеттік Ту эскизі бойынша өткен байқауда жеңіске жетті. Оның жобасын Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттары мақұлдады.

Суретшінің «Амангелді», «Жылқышы» атты алғашқы туындылары Алматыда өткен республикалық көрмеге қойылды. Ал «Шоқан Уәлиханов» пен «Абай» шығармалары Бүкілодақтық көрмеге ұсынылып, Қытай мен Үндістанда таныстырылды. 1967 жылы Монреальда өткен «ЭКСПО-67» дүниежүзілік көрмесінде оның «Құрманғазы» «Кісен ашқан» және «Исатай Тайманов» картиналары кәсіби суретшілер тарапынан жоғары бағаланды.

Ол алюминий мен қоладан жасалған көптеген монументтік туындының авторы. Олардың қатарында «Көбік шашқан», «Сырым Датов», «Сәкен Сейфуллин», «Әли батыр», «Музыка сазы», «Аңшылық», «Мұхтар Әуезов» шығармалары бар.

Еңбегі мен өнердегі жетістіктері үшін Шәкен Ниязбеков «Құрмет» орденімен, «Астана» (1998), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005) медальдарымен марапатталған. Сондай-ақ 1961 жылы Чехословакияда «Глобус» теледидарының дизайны үшін алтын медальға ие болған.