12 қазан. Жылнама

Фото: Фото: Kazinform/ Midjourney

Kazinform оқырман назарына 12 қазанға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Дүниежүзілік қоныс аударатын құстар күні (World Migratory Bird Day)

2018 жылдан бастап ол жылына екі рет – мамыр мен қазан айының екінші сенбісінде аталып өтеді. Тарихи алғышарт 1906 жылы қол қойылған Құстарды қорғау жөніндегі халықаралық конвенция болды.

Көшіп-қонатын құстар күнінің басты міндеті - олардың популяциясын сақтау мәселелерінде халықаралық ынтымақтастықты ұйымдастыру.

Дүниежүзілік артритпен күрес күні

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бастамасымен 1996 жылдан бастап жыл сайын өткізіліп келеді. Негізгі мақсат – бүкіл әлемде ревматологиялық аурулар проблемасына қоғамның назарын аудару, артриттің барлық түрлерінен хабардар ету, аталмыш ауруға шалдыққандарды медициналық және әлеуметтік тұрғыдан емдеу, аурудың алдын алу, ерте анықтау мәселелерін шешуде дәрігерлердің, пациенттер мен қоғамның күш-жігерін біріктіру.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1965 жылы Өскемен әуежайына алғаш рет АН-24 лайнері қонды. Осы күннен бастап Өскемен мен Алматы арасында тікелей әуе рейстері ашылды.

1991 жылы Қазақстан Жастар одағы құрылды. Басты мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, жастардың зияткерлік қабілеттерін дамыту, елдегі жоғары оқу орындары студенттерінің мәдени және экономикалық құқықтарын қорғау.

1998 жылы композитор Шәмші Қалдаяқовтың (1930-1992) Алматыдағы зиратына ескерткіш қойылды.

2000 жылы «ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясына үміткерлерді іріктеу және беру ережесін бекіту туралы» Жарлық шықты.

2005 жылы Ресейдің Астрахан облысы Володар ауданындағы Алтынжар селосында ұлы күйші Құрманғазы атындағы мемлекетаралық мәдени орталық ашылды. Киіз үй пішіндес ғимаратта Құрманғазының мұражайы, қазіргі заманғы қонақүй және музыка бөлмесі орналасқан. Онда домбыра, фортепьяно, баян және теориялық музыка сыныптары бар. Ал мұражайға ХІХ ғасырдағы қазақ тұрмысының жәдігерлері, Құрманғазының киімдері мен тұтынған заттары қойылған.

2011 жылы 75 жастағы қарағандылық марафоншы Павел Сиротин 20 км қашықтықта ардагерлер арасындағы ІІ Еуропа ойындарының жеңімпазы атанды. Аталған жарысқа Еуропаның 40-тан астам елінен жиналған спортшылар қатысқан болатын.

2011 жылы Астанадағы «Ядросыз әлем үшін» Халықаралық форумының қорытындысы бойынша «Ядросыз әлем туралы» декларация қабылданды.

2011 жылы РФ Астрахан облысы Шағын Арал ауылында Бөкей хан кесенесінің ашылу салтанаты өтті. Бөкей хан тарихқа Бөкей ордасының негізін қалаушы ретінде енді. ХІХ ғасырдың бас кезінде қазақтар жоңғар тайпаларын ығыстырып шығарған тұста ол І Павел патшамен келіссөз жүргізіп, Жайықтың оң жағалауын иеленді. 1812 жылы Бөкей ордасын құрды, бұл мемлекет 1845 жылға дейін өмір сүрді. Ол Еділ мен Жайық өзендерінің арасында, қазіргі Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарының аумағында, сондай-ақ ішінара қазіргі Қазақстанмен шектесетін Ресей жерлерінде орналасты. Бөкей хан Астрахан облысында, өзінің рухани ұстазы, ғұлама Сейіт бабаның қабірінің жанына жерленді.

2012 жылы ҚР Үкіметінің №1304 қаулысымен А. Айымбетовке Қазақстан Республикасының ғарышкері мәртебесі берілді.

2016 жылы Париждегі ЮНЕСКО штаб-пәтерінде Алматының 1000 жылдық мерейтойына арналған көрме өз жұмысын бастады. Ерекше экспозиция аясында Алматы қаласының тарихы мен мәдениетінің сирек кездесетін экспонаттары жиналды.

2016 жылы астаналық суретші Алмаз Нөгербеков «Әлем палитрасы» халықаралық жобасының ІІ дәрежелі Гран-при және IV супер финалының ақшалай жүлдесінің иегері болды. Онда қатысушылар бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер бойынша жұмыстарын ұсынды. Жас суретші байқауда «Бейнелеу шығармашылығы. Кескіндеме және графика» номинациясы бойынша «Қара алтын» композициясын ұсынды.

2017 жылы Түркі академиясы халықаралық ұйымы (TWESCO) Мажарстанның Қазақстандағы елшілігімен бірлесіп, мажар этнографы, профессор Михай Хоппалдың зерттеуі бойынша «Шамандар мен жора-рәсімдер» атты фотокөрме ұйымдастырды. Көрменің ашылу салтанатына белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, көрнекті түркітанушы ғалымдар, Қазақстанда тіркелген дипломатиялық корпус өкілдері мен журналистер қатысты.

2018 жылы Татарстан астанасы Қазан қаласында Назарбаев пен Качалов көшелерінің қиылысындағы алаңда Түркістандағы Яссауи кесенесіндегі Тайқазанның көшірмесі болып табылатын «Тайқазан» мүсінінің ашылу салтанаты өтті. Мүсін қоладан жасалған және оны Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі сыйға берген. Биіктігі – 1,7 метр, диаметрі – 2,5 метр, тұғырдың биіктігі – 2,5 метр.

2018 жылы Батыс Қазақстанда Тақсай ханшайымының кесенесі ашылды. Теректі ауданының Долинный ауылының маңында орналасқан Тақсай қорғаны кешені – Қазақстанның киелі жерлерінің тізіміне кіретін 7 нысанның бірі.

2021 жылы АӨСШК (Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес) жанында оны дамытуға, соның ішінде бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты мәселелердің кең ауқымы бойынша жоғары деңгейде маңызды кеңес беретін Даналар кеңесі құрылды.

2021 жылы Тараз қаласында Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақтың жанынан «Анаға тағзым» рухани-адамгершілік білім беру орталығы ашылды.

«Біздің орталық жұмысының негізгі бағыты – қала тұрғындары, әсіресе жастар арасында рухани-адамгершілік, тәрбие жұмыстарын жүргізу. Ата-бабамыздан мұра болып қалдырылған ұлттық салт-дәстүрлерімізді, іргетасымызды ұмытпай, қастерлеуіміз керек», - деді орталық директоры Эльмира Мырзағали.

2022 жылы Астанада Қазақстанның төрағалығымен ТМД Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы өтті. Кездесу нәтижесінде Достастық алаңында өзара іс-қимылды тереңдетуге бағытталған бірқатар шешімдер қабылданды.

2023 жылы Дохада өткен Qatar Masters Open турнирінің екінші айналымында Әлішер Сүлейменов әлемнің ең үздік шахматшысы Магнус Карлсенді жеңді. FIDE әлемдік рейтингінде Сүлейменов 528-ші орында, ал Карлсон бірінші орында. Сүлейменов Павлодар тумасы, ол 2022 жылы шахмат олимпиадасында ұлттық құрама сапында өнер көрсетті.