АТАУЛЫ КҮНДЕР
Жергілікті әскери басқару органдары күні
1991 жылғы 12 қыркүйекте Қазақ КСР Президентінің әскери комиссариатқа республикалық орган мәртебесін беру және оған республиканың барлық әскери комиссариаттарын бағындыру туралы Жарлығы күшіне енді. Қорғаныс департаменттері, басқармалары және бөлімдері Қарулы Күштердің құрамдас бөлігі және елдің қорғаныс қабілетін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Жергілікті әскери басқару органдарының бөлімшелері әскерлер мен әскери оқу орындарын штаттық құраммен қамтамасыз ету, әскери резервтерді есепке алу және оқытуды ұйымдастыру, сондай-ақ қазақстандықтар арасында әскери-патриоттық жұмыс жүргізу сияқты міндеттерді орындайды.
Жергілікті әскери басқару органдарының қазіргі жүйесі барлық облыстарда, қалаларда және аудан орталықтарында орналасқан 20 департаменттен, 31 басқармадан және 164 қорғаныс істері жөніндегі бөлімнен тұрады.
1992 жылдан бастап 676 000-нан астам азамат міндетті әскери қызметке шақырылды. Ал 31 000-нан астам әскери міндетті азамат әскери дайындыққа тартылды. Әскери оқу орындарында оқу үшін 42 000-нан астам курсант таңдалды. ҚР Қорғаныс министрлігінің Әскери-техникалық мектептерінде 50 000-нан астам маман дайындалды.
Қазақ киносы күні
«Амангелді» фильмі — алғашқы қазақ киносы. Ұлт батыры Амангелді Иманов туралы кино «Ленфильм» студиясында түсірілді. Режиссері — Марк Левин. Амангелдінің рөлін актер Елубай Өмірзақов сомдады.
Қазақтар туралы түсірілген алғашқы фильм осылай дүниеге келді. 1941 жылдың 12 қыркүйегінде Алматыда фильм түсіретін Көркем және деректі фильмдер студиясы жұмысын бастады. Кейін оның атауы «Қазақфильм» киностудиясы болып өзгертілді.
Қазақстан кинематографистері одағының басшысы Бауыржан Нөгербеков 2005 жылы бұл күнді (12 қыркүйек) «Қазақ киносы күні» деп атауды ұсынды.
Дүниежүзілік тырналар күні
Тырналардың шамамен 15 түрі бар. Кейбір түрлері Қызыл кітапқа енгізілген. Тырналар күні алғаш рет 2002 жылы Америка Құрама Штаттарында аталып өтті. Жойылып кету қаупі бар тырна түрін сақтап қалу үшін эколог ғалымдар оның жұмыртқаларын қауіпсіз жерге көшіріп, ұя салуға қолайлы басқа тырна түрінің ұясына орналастырды. Құтқарылған құстардың тұтас бір тобы ұяға кеткен күн жаңа экологиялық мереке болып жарияланды. Ал тырна табиғатты қорғау ұйымдарының символына айналды.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1931 жылы Павлодар облысының ең көне мерзімді басылымдарының бірі — Шарбақты ауданының «Мінбер» («Трибуна») газеті жарық көрді. Газет беттерінде аудан орталығындағы жаңалықтар жарияланды, ауыл өмірі де назардан тыс қалған жоқ. Ауыл шаруашылығының озаттары, үздік дәрігерлер мен мұғалімдер, егіншілер мен орманшылар газет материалдарының басты кейіпкерлері болды.
1941 жылы Қазақ КСР-нің Халық комиссарлары кеңесінің № 762 қаулысына сәйкес Алматы (көркем фильмдер) киностудиясы құрылды. 1960 жылы студияның атауы «Қазақфильм» болып ауыстырылды. 1984 жылы киностудияға ұлттық кинематографияның көрнекті қайраткері Шәкен Кенжетайұлы Аймановтың аты берілді.
1998 жылы Алматы қаласында ақын, ғалым, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының ескерткіш-бюсі мен мұражайының ашылу салтанаты өтті.
2006 жылы Махмұд Қашқаридің «Диуани лұғат ат-Түрік» атты еңбегінің орыс тіліндегі алғашқы басылымы жарық көрді. Аталған еңбек түркі тілдерінің ең көне сөздігі және Орталық Азиядағы өркениет тарихы туралы маңызды білім көздерінің бірі.
Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтің немересі, шығыстанушы, филология ғылымдарының кандидаты Зифа-Алуа Әуезова ежелгі түріктердің қайталанбас мәдени ескерткішін аударуға үш жылдан астам уақытын арнады.
Басылым толықтай ХІ ғасырда Махмұд Кашқари құрастырған «Диуани Лұғат ат-түрік» сөздігінің араб тіліндегі түпнұсынан аударылған.
2009 жылы Алматыда қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген «Алматы тарихы» атты кітаптың 1, 2-томдары, «Алматы энциклопедиясы», «Жетісудың ортағасырлық астаналары», «Алматы — мың жылдық тарих» атты шығармалар таныстырылды.
Кітаптарды Ұлттық ғылым академиясының Әлкей Марғұлан атындағы Археология, Сүлейменов атындағы Шығыстану, Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институттарының мамандары бірлесе әзірледі.
Туындыларда түрлі дерек көздері негізге алына отырып, қаланың ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі түйінді сәттері жаңа көзқараста тұжырымдалып жазылған.
2012 жылы Астанадағы Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ашық аспан астындағы «Құмай» археологиялық-этнографиялық кешені ғылыми орталығы мен ландшафт мұражайын құру жобасы таныстырылды.
Кешенде жалпы тарихы 4 мың жылдан асатын қола дәуірінің, ерте темір дәуірінің (сақ кезеңі), ғұн және түркі дәуірлерінің ежелгі және ортағасырлық ескерткіштері жиналған. Шара аясында Астанадан 120 шақырым шығыста Құмай өзенінің жағасындағы «Бұйратау» Мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде орналасқан кешеннің аумағына саяхат ұйымдастырылды.
2015 жылы Астана әуежайында Халықаралық ғарыш стансасынан оралған «Союз ТМА-16М» ғарыш кемесінің халықаралық экипажын қарсы алу рәсімі өтті.
Ғарыштан оралғандардың ішінде қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетов те бар. Ол 2015 жылдың 2-12 қыркүйегі арасында 2-бортинженер ретінде ғарышқа сапарлады.
2017 жылы Қазанда өткен ХІІІ Қазан халықаралық мұсылман киносы фестивалінің қорытындылары бойынша актер Дулыға Ақмолда «Оралман» фильміндегі еңбегі үшін үздік актер атанды.
2018 жылы ҚР Ұлттық банкі күмістен соғылған номиналы 500 теңгелік және мельхиор қоспасынан соғылған номиналы 100 теңгелік «Сүйінші» коллекциялық монеталарын айналымға шығарды. Бұл монеталар «Қазақстанның әдет-ғұрыптары, ұлттық ойындары» сериясына кіреді.
Монеталар 925 сынамалы күмістен соғылған, массасы — 24 грамм, диаметрі — 37 мм, дайындау сапасы — «proof», таралымы — 2 мың дана.
Ал екінші түрі мельхиор қоспасынан соғылған, диаметрі — 31 мм, массасы — 11,17 грамм, дайындау сапасы — «brilliant uncirculated», таралымы — 30 мың дана.
Сүйінші — қуанышты жаңалық. Қазақта қуанышты хабар жеткізген адамға «қалағаныңды ал» деп, сыйлық береді. «Сүйінші» деген сөзді айтқанда кез келген адам жақсы хабар жеткізілетінін біледі.
2019 жылы ел астанасы Есіл ауданының әкімдігінде «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсететін «Open аkimat» ашылды. Елордалықтар жаңа қызмет көрсету орталығында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі, Тұрғын үй қоры, Жұмыспен қамту орталығы, Қазпошта және аудан әкімдігінің қызметтерін электронды кезекке тұру арқылы қолдана алады.
2021 жылы танымал археолог Андрей Астафьев 200 жыл бұрын Каспий теңізінде болған кеменің бекіту бұрандалары мен шегелерін тапты. Тарихи жәдігер Түпқараған ауданына қарасты «Түлкілі сай» деген жерде, теңіз жағасында жатқан.
2021 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» опера труппасының директоры Азамат Жылтыркөзов еліміздің вокалдық классикалық өнері тарихында алғаш рет әлемдік деңгейдегі бірегей жобаға — Винченцо Беллинидің «Пуритандар» операсының CD-дискісіне аудиожазба жасауға қатысты.
Онымен бірге операны бельканто — тенор жұлдыздары Лоуренс Браунли, сопрано Сара Кобурн (АҚШ) орындады.
2023 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада отандық кәсіпкерлермен кездесу өткізді. Президент мемлекет пен бизнес арасындағы әлеуметтік келісімшарттың жаңа шарттарын атады. Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай кездесулерді өткізу игі дәстүрге айналғанын тілге тиек етті. Себебі, кәсіпкерлік саласы — ұлттық экономиканың негізінің бірі. Мемлекет басшысы кәсіпкерлікті дамытуға көп көңіл бөлініп отырғанын атап өтті.
2023 жылы сұлулық шоуының ақтық кезеңінде қазылар алқасының шешімімен және көрермендердің дауыс беруімен «Алматы аруы-2023» атағы Наталья Петриге берілді. Қазылар алқасының мүшесі, «Алматы аруы-2022» байқауының финалисті Томирис Заир Наталья Петриді салтанатты түрде құттықтап, тәжін тапсырды. Көрермендер мен қазылар алқасының қошеметіне ие болған жеңімпаз бағалы сыйлықтарға ие болды.
2024 жылы Ұлттық музейде Димаш Құдайбергенге арналған «Дүние дидарындағы Димаш» көрмесі ашылды. Бұл көрменің мақсаты — көрермендерге Димаштың өмірі мен шығармашылығындағы маңызды сәттерді көрсету, оның ұлттық және халықаралық деңгейде қол жеткізген жетістіктерін айқындау. Көрмеде бірнеше тақырыптық бөлімдер ұсынылды. Атап айтқанда, «Шабыт көздері» бөлімінде әншінің балалық шағы, өскен ортасы және шығармашылық дамуын бейнелейтін фотосуреттер мен заттар; «Даңққа апарар жол» — оның кәсіби білім жолындағы дипломдары мен марапаттары; «Жанкүйерлер махаббаты» — әншіге әлемнің түкпір-түкпірінен жолданған жанкүйерлердің сыйлықтары; «Ұлт мәдениетінің жаршысы» — Димаштың ұлттық музыка аспаптары мен ұлттық киімдері қойылды.
2024 жылы Алматыда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған қарсы күреске арналған «111» («Juz on bir») телехикаясының алдын ала көрсетілімі өтті. Сериал шынайы оқиғаларға негізделген. «111» «Juz on Bir» телехикаясында елдегі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жүйесін жетілдіру, оқыс жағдайларға жауап беру және заңсыз әрекеттер үшін қолданылатын қатаң жазалар бейнеленген.
2024 жылы Астанада өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының көкпар сайысында Қазақстан құрамасы Қырғызстан командасын жеңіп, алтын медальді еншіледі. Командалар ойынның негізгі уақытында 4-4 есебімен тең түсті, ал қосымша уақытта Қазақстан жеңісті жұлып әкетті.
2025 жылы Әділет министрі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің бірлескен бұйрығымен «Цифрлық ипотека» жобасы аясында Қазақстанда жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату мәмілелерін онлайн нотариалды куәландыру бойынша пилоттық жоба іске қосылды.