12 күн үңгірде жатқан ғалымды құтқару операциясы сәтті аяқталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Германияда елдегі ең терең Ризендинг үңгірінен шыға алмай жатқан спелеологты құтқару операциясы сәтті аяқталды, деп жазады 24.kz.

52 жастағы Йоханн Вестхаузер жер астында бас-аяғы 12 тәулік түнеген.

Естеріңізге сала кетейік, 8 маусымда ғалым әріптестерімен үңгірлерді зерттеуге аттанған. Алайда абайсыздан басын тасқа ұрып алып, жараланған ол тереңдігі 1 шақырымдық үңгірден өз бетімен шыға алмай қалады. Оның үстіне үңгірдің құламалы еңістері мен тарлығы да қиындық тудырған.

Құтқарушылар ғалымды 3 дәрігердің бақылауымен жер бетіне жатқан қалпында көтеріп алып шықты. Оны құтқару операциясына бірқатар еуропалық елдерден жүздеген адам қатысқан. Қазір ол дәрігерлердің қатаң бақылауында.