ЕСІМДЕР
109 жыл бұрын (1909-1976) Қазақстанның тұңғыш сәулетшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы, КСРО Сәулет академиясының корреспондент мүшесі БӘСЕНОВ Төлеу Құлқаманұлы дүниеге келді.
Ақтөбе облысы Шалқар ауданында туған. Санкт-Петербург азаматтық-инженерлер институтын бітірген.
Бәсенов Қазақстанда қазіргі архитектура мектебінің негізін салып, Сәулетшілер одағын ұйымдастырушылардың, сәулет саласындағы алғашқы ғалым-педагогтардың бірі. 1933-1937 жылдары Жамбылда, Алматыда, Қырғызстанда қызметтер атқарды. 1937-1941 жылдары - Алматы қаласының бас сәулетшісі. 1944-1954 жылдары - Қазақ КСР Министрлігі Кеңесі жанындағы сәулет басқармасының бастығы. 1958-1976 жылдары Құрылыс істері жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған. Бәсенов Алматы қаласының бас жоспарын, Мәскеудегі халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіндегі Қазақстан павильонын, Алматыдағы Достық даңғылының бас жобасын, Алматы әуежайының бірінші кешенін, Қазақ опера және балет театрының үйін, Амангелді ескерткішінің жоспарын, тұрғын үйлерді жобалау жұмыстарын кәсіби шеберлікпен орындап шықты. Батыс Қазақстан сәулет ескерткіштерін зерттеп, Ембі, Маңғыстау, Үстірт аймақтарындағы мемориалды-ғұрыптық тарихи құрылыстардың ерекшеліктеріне ғылыми талдау жасады. Бәсеновтің «Сам аймағындағы архитектуралық ескерткіштер», «Қазақстан архитектурасындағы өрнектер», «Архитектура және қала құрылысы», тағы басқа еңбектері жарық көрген. 1997 жылы Қазақ мемлекеттік сәулет және құрылыс академиясының үздік студенттеріне Т.Бәсенов атындағы диплом тағайындалған.
70 жыл бұрын (1948) биші, Қазақстанның халық әртісі, София қаласында өткен Жастар мен студенттердің дүниежүзілік фестивалінің лауреаты ТАЛПАҚОВА Гүлжан дүниеге келді.
Атырау қаласында туған. Алматы эстрада-цирк өнері студиясын Ш.Жиенқұлованың халық биі класы бойынша бітіріп, Мәскеу эстрада студиясында тағылымдамадан өткен. 1967 жылдан «Қазақконцертте», «Гүлдер» ансамблінде қызмет еткен. Ол дүние жүзі халықтарының көпшілігінің билерін үйреніп, қазақ сахнасына шығарған. Оның репертуарында қазақтың «Айжан қыз», «Қос алқа», «Алмас қырғауыл», өзбектің «Хорезм биі» және ұйғыр, корей, вьетнам, моңғол, үнді, мысыр, малай халықтарының ұлттық билері бар. Гастрольдік сапармен Болгарияда, Германияда, Моңғолияда, Оңтүстік Шығыс Азия елдерінде (Бирма, Малайзия, Сингапур, Шри Ланка), Үндістанда, Жапонияда, Иранда, Тайландта, Финляндияда, АҚШ-та болған.
62 жыл бұрын (1956) ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары БЕКНАЗАРОВ Бектас Әбдіханұлы дүниеге келді.
Жамбыл облысының Жуалы ауданында туған. 1983 жылы - С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін заңгер-құқықтанушы мамандығы бойынша бітірген. 1978-1981 жылдары - Жамбыл қаласындағы Орталық ауданының халық сотында сот орындаушысы. 1981-1984 жылдары - Жамбыл облысы әділет бөлімінің консультанты, аға консультант. 1984-1990 жылдары - Жамбыл облысы Жуалы аудандық халық сотының судьясы. 1990-1994 жылдары - Жамбыл облыстық сотының мүшесі. 1994-1995 жылдары - Жамбыл облыстық соты төрағасының орынбасары. 1995-1997 жылдары - Жамбыл облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасының төрағасы. 1997-2000 жылдары - Жезқазған облыстық сотының төрағасы, Алматы облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасының төрағасы. 2000-2002 жж. - Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Соттардың қызметін ұйымдастыру департаментінің директоры, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы. 2002-2006 жж. - Атырау облыстық сотының төрағасы. 2006-2009 жылдары - Алматы қаласындағы мамандандырылған қаржылық сотының төрағасы. 2009-2011 жылдары - Ақтөбе облыстық сотының төрағасы, 2011-2013 жылдары - ҚР Жоғарғы сотының төрағасы қызметтерін атқарған. 2014 жылдан - Сенат депутаты. Қазіргі қызметінде 2016 жылдың қыркүйек айынан бері.
Мерекелік медальдармен, құрмет грамоталарымен марапатталған.
46 жыл бұрын (1972) Алматы экономика және статистика академиясының ректоры КОРВЯКОВ Валерий Анатольевич дүниеге келді.
Ақтөбе қаласында туған. Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе педагогикалық институтының математика факультетін, математика және информатика (1995); Алматы экономика және статистика институтын, бухгалтерлік есеп және аудит (2002) мамандықтары бойынша бітірген.
Еңбек жолы: Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің сапында әскери қызмет (1995-1996); Ақтөбе қаласы Табиғи және техногендік төтенше жағдайларды ескерту бөлімінің бас маманы, Ақтөбе қаласы Ұлттық банк облыстық филиалының қауіпсіздік басқармасының аға инспекторы (1996-1999); Алматы экономика және статистика академиясының филиалы - Ақтөбе экономика институтында информатика оқытушысы, экономика факультетінің деканы, оқу істері жөніндегі проректор, ректор (1999-2008); Алматы қаласы ЖОО ректорлары Кеңесінің мүшесі (2008 жылдан); Қазақстан кәсіптік білім беру ұйымдары қауымдастығының президенті (2010 жылдан).
Қазіргі қызметінде - 2008 жылдан.
34 жыл бұрын (1984) VI шақырылымдағы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі САПАРОВА Әлия Сүйіндікқызы дүниеге келді.
Қостанай облысында туған. А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін 2006 жылы «журналистика» мамандығы бойынша, 2010 жылы «заңгер» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолы: «Алау-ТВ» ЖШС «Өмір ағымы» бағдарламасының жүргізушісі (2004-2006); А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде тәрбие ісі және қоғамдық келісім жөніндегі проректордың орынбасары (2006-2009); тәрбие ісі және қоғамдық келісім істері жөніндегі проректордың міндетін атқарушы (02.2009-11.2009); қоғаммен байланыс басқармасының басшысы (ҚМУ) (2009-2010); Лисаков қаласы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасарының міндетін атқарушы (01.2010-03.2010); Лисаков қаласы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары (2010-2012); Қостанай облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы (2012-2014); «Нұр Отан» партиясы Қостанай облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары (2014 жылдан).
Қазіргі қызметін 2016 жылдың наурызынан бастап атқарып келеді.