12 қыркүйекте Қазақстанда өтетін маңызды шараларға шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат халықаралық ақпарат агенттігі 12 қыркүйекте Қазақстанда өтетін маңызды шараларға шолу ұсынады.

АСТАНА

9.30-да ЭКСПО павильонындағы Astana Hub технопаркінде қазақтілді БАҚ-ты дамыту мен «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын насихаттау аясында оқыту семинары өтеді.

14:50-де ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті жанынан құрылған Қоғамдық бақылау тобы бизнес-процестерге қолайлы орта туғызу мен сыбайлас жемқорлық қаупін азайту мақсатында брифинг өткізеді.

15:00-де Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюросында брифинг өтеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы медиаорталықтың басшысы Төлеген Байғұлов «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы майдан» жобасының нәтижелері мен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жиырмалық» коалициясын құру туралы баяндайды.

АЛМАТЫ


10:30-да Төтенше жағдайлар мен табиғи апаттардың қаупін төмендету орталығында ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильиннің төрағалығымен Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше мемлекеттердің төтенше жағдайлар жөніндегі үйлестіру кеңесінің он бірінші отырысы өтеді.

11:00-де «Тұран» университетінің мәжіліс залында III Baikonyr Short Film Festival шарасына арналған баспасөз мәслихаты өтеді. Фестиваль 20-23 қыркүйек күндері Алматыда ұйымдастырылады.

15:00-де қалалық мейрамханалар арасында «Үздік алма мәзірі» конкурсының жартылай финалы өтеді.

19:00-де Республикалық сарай алдындағы алаңда оркестрлердің 9-шы музыкалық фестивалі өтеді.

ШЫМКЕНТ

9:45-те Шымкенттегі «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимаратында ҚР Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен «Қазақстан өңірлерінде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру» тақырыбында аймақтық үш күндік семинар-тренинг басталады.

10:00-де облыстық балалар ауруханасында тегін медициналық көмек көрсетудің жаңа моделін түсіндіру және Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі жайлы жаңа ақпараттар беріледі.