«12 миллион қазақтың құныкері кім?» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Қыркүйектің 24-і. ҚазАқпарат / - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда қыркүйектің 24-і,  бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Айқын» газетінің бейсенбілік нөмерінде «Депутаттар дабыл қақты» деген тақырыппен мақала жарық көрді. Мақаланың өзегі - Үкімет басшысы К.Мәсімовке жолданған депутаттық сауалдағы жастардың түні бойы ойын-сауық отауларын жағалап, көңіл көтерулеріне тосқауыл қою. Мәжіліс депутаты Ж.Асановтың сауалында «Әрбір қаламыздың түнгі өмірі Америкадағы Лас-Вегасқа ұқсайды. Түні бойы жұмыс істейтін кафе-ресторандарда, ойын-сауық орталықтарында - толған жастар! Мұндай түнгі ұйқысыз өмір олардың қалыпты салтына айналған. Көптеген жастарымыз күндізгі уақытын  білім алуға, спортпен айналысуға, кәсіп үйренуге емес, тәтті ұйқыға арнайды», делінген.

 Осы тақырыпқа орай «Экспресс К», «Комсомольская правда Казахстан» басылымдары да мақала арнаған.

«Қазақтілді саясаттанушылардың басты мұңы - тіл». Осы тақырыппен «Айқын» газетінде жарияланған мақалада кеше, Алматыда Қазақстан саясаттанушыларының екінші конгресі орыс тілінде өткеніне қынжылыс білдірілген. Осыған орай басылым тілшісі отандық қазақтілді саясаттану ғылымының өзекті мәселелері төңірегінде ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев, ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Ғазиз Телебаев, саясаттанушылар Ерлан Қарин, Әзімбай Ғали, Сайпулла Сапанов, Нұрлан Ерімбетовтермен ой бөліскен.

 Саясаттанушылардың екінші конгресі «Литер», «Известия-Казахстан», «Казахстанская правда» басылымдарының да назарынан тыс қалмаған.

Басқа ұлт өкілдері арасынан қазақтың қара домбырасымен халық әндерін орындап, ыстық ықыласқа, қошеметке бөленген Татьяна Бурмистрова «Айқын» басылымына «Мені «қазақтың Татьянасы» еткен - халық әндері» деген тақырыппен сұхбат беріпті. Екеуара әңгіме барысында әнші «Мені қазақтың тіліне, мәдениетіне, дәстүрі мен өміріне құмар еткен - ауыл.  Бұрындары қаланың қазақтары бойды жазып, дем алғысы келгенде, ауылға барып қайтушы еді. Жалпы, менің қазіргі білгенім де, ойыма түйгенім де ауылдан бастау алған», деген пікірін білдірген.

***

«Төл оқулықтарымыздың жарық көргеніне он жылдың жүзі болды. 2008-2009 жылы орта мектепті бітіргендер  - осы жаңа буын оқулықтарымен білім алған алғашқы түлектер. Он жыл ішінде жаңа буынның оқулықтары мен оқу-әдістемелік құралдарын қоса есептесек, 2 мыңнан аса отандық оқулық басылып шығыпты. Бірақ, мәселе санда емес, сапада», деп жазады «Нұр Астана» газеті. Аталған жайтқа байланысты тілшінің мектеп оқулықтарына жасаған шолуын басылымының бүгінгі санынан оқи аласыздар. Мақала «Оқулықты қалай  оңалтамыз?» деген тақырыппен берілген.

  «12 миллион қазақтың құныкері кім?»  «Нұр Астана» басылымында, жуырда елордадағы «Аманат» интеллектуалдық клубының отырысында  тарихшы Бүркіт Аяған, «Нұр Отан» ХДП-ның хатшысы Ерлан Қарин, жазушы Смағұл Елубай, ғалым-жазушы Тұрсын Жұртбайдың қазақ халқы басынан өткерген зұлмат жылдарға қатысты ойларын жариялаған. Отырыста негізгі баяндама жасаған С.Елубай «1897 жылы Ресей империясы тұсында алғашқы санақ жүргізілген-ді. Соның дерегіне жүгінсек, өзбектер 726 мың, түрікмендер - 280 мың, «қара қырғыздар» деп аталған қырғыздардың саны 201 мың адамды құрапты. Ал қырғыз-қайсақтар, яғни қазақтардың саны сол кездің өзінде 4 млн. 84 мың адам болған. Бүкіл түркі халықтарын қосқанда қазақтардың жартысына ғана жеткен», дейді.

***

«Астана ақшамы» басылымының бүгінгі саны Елбасы Н.Назарбаевтың «Интерфакс» агенттігі мен «Известия» газетіне ХХІ ғасыр басындағы өркениеттік дағдарысқа арналған  «Бесінші жол» атты мақаласының қазақша нұсқасын оқырман назарына ұсынған.

 Осы басылымның 4-ші бетінде қала әкімі И.Тасмағамбетов қала тұрғындарының сауалдарына жауап берген.

***

«Естеріңізде болса, Кеңес Үкіметі жылдары балабақшаға мұқтаждық онша байқалмайтын. Өтінішіңді жазып қойып, кезегіңді күтіп жүргеніңде көп ұзамай орын да бұйырып қалатын. Кейін елде аласапыран кезең басталғанда өзге байлықтарымыз сияқты балабақша ғимараттары да «ұстағанның уысында, тістегеннің аузында» кетті. Сөйтіп, сол жылдары 7 мыңнан астам балабақша сатылып кеткен-ді. Осылайша үлкендер кішкентайлардың қызығын «тартып» алды. Ал қазір оны қайтарғылары келмей, «таласып» жатыр», деп жазады «Алаш айнасы» басылымы. Бұл туралы «Мәселе» айдарымен жарияланған Ләззат Биланның «Ересектер мен балалар балабақшаларға «таласып» жатыр» атты мақаласынан кеңірек оқып-біле аласыздар.

 Осы басылымның «Құмшарық» айдарында  «Жүзі қарайған көк жәшік... қалың көрерменді қайда бастамақ?» атты мақала жарық көрді. «Ресейдің Мемлекеттік Думасы осыдан біраз уақыт бұрын балалардың денсаулығы мен өсіп-жетілуіне зиянын тигізетіндей кез келген нәрсені таңғы 6.00 мен түнгі 23.00 аралығында көгілдір экраннан трансляция жасауға тыйым салуды ұйғарды. Сөйтіп, боқтық сөздер, қатыгездік, зорлық-зомбылық сценалары, балаларды құмар ойындарымен әуестену, шылым шегу, ішімдік пен есірткіге қызығушылық сияқты жаман әдеттерге итермелейтіндей ақпараттарға тосқауыл қоюға қадам жасалды. Яғни «балалар көретін уақытта экранда тек мультиктер мен «бейкүнә» мелодрамалар ғана қалады. Ал боевик пен фэнтези жанрындағы дүниелер, арақ-шарап суша ағатын өрескел фильмдер, тіпті менттер туралы сериалдардың өзі де түнгі эфирге ойысады» деп күтілуде.  «Ұлттың ертеңі ­­- бүгінгі жас ұрпақ». Болашағын ойлаған елдер соған бүгіннен қам жасауға көшті. Біз болсақ, әлі де алаңсызбыз» деп жазады «Алаш айнасы» газеті.

***

 «Алтын орда» басылымының бейсенбілік нөмірінде Қызылжұлдыз ауылының әкімі Әбдіхамит Төлеубаевпен арадағы сұхбат жарияланған. «Ауылдың соғымын емес, сойылын соқ!» деген тақырыппен берілген екеуара әңгімеге бүгінгі ауыл келбеті мен тыныс-тіршілігі арқау болған.

 «Шалағай шешім шу шығарды». Осы тақырыппен «Алтын орда» газетінде жарияланған мақалада Бөрілі аудандық әкімдігінің және аудандық мәслихаттың шешімімен Ақсай қаласындағы бір көшеге Қарашығанақ кенішін 1999 жылдан бері игеріп жатқан әлемдегі ірі компания - КПО-ның бас директоры, ағылшын азаматы Роджер Фокстың есімі берілгені ашына айтылған.    

***

«Нұр Отан» партиясының жанынан құрылған инновациялық комитет республикамыздың 2010-2014 жылдарға арналған индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасының тұжырымдамасын жасау үшін Қазақстан, Ресей, Финляндия, Израиль, АҚШ, Англия мемлекеттерінен халықаралық деңгейдегі маман-сарапшылар тобын құрған болатын. Осыған орай «Экономика» басылымы  аталған халықаралық сарапшылар тобының жетекшісі Александр Ыдырысовтан сұхбат алған.

  Осы басылымда «Екібастұз ГРЭС-2 станциясының өндірісі артады» деген тақырыппен мақала жарияланды. Мақалада өткен аптада Елбасы Н.Назарбаевтың Екібастұз қаласында «Кегок» ұлттық компаниясы салған «Солтүстік-Оңтүстік» электр тасымалдау желісін іске қосқаны, аталған желінің Ресей мемлекетімен бірлесіп салынғаны және экономикалық маңызы жазылған. Сонымен қатар жарияланымда  «Біз үшін бұл - үлкен жеңіс. Қазақстанды индустрияландыру, оның экономикасын дамыту электр қуатынсыз мүмкін емес. Еліміздегі электр қуатының 40 пайызы Павлодар облысында өндіріледі. Біз бұрындары оңтүстік электр қуатымен қамтамасыз ете алмайтынбыз. Енді біз шетелдік энергия жеткізушілерге тәуелді емеспіз. Енді бұл мүмкіндік бізде бар», деген Мемлекет басшысының сөзін келтірген.

***

«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автобаны құрылысы барысында аралас салаларды есепке алғанда 160 мың адам жұмыспен қамтылады», деп жазады «Казахстанская правда».

Басылымның жазуынша, бұл туралы кеше Мәжілістің жалпы отырысында депутаттардың Оңтүстік Қазақстан мен Тараз қаласының шекарасын қосатын жол телімін қалпына келтіру туралы ел Үкіметі мен Ислам даму банкі арасындағы келісімді мақұлдау барысында  Көлік және коммуникация министрі Ә. Құсайынов мәлімдеген. 

  «Қазақстанға соңғы орыс патшасының туысы сапарлап келді», деп жазады «Литер» газеті. Басымның жазуынша, жоғары мәртебелі ханзада Майкл Кентский  елімізде осы аптаның соңына дейін болмақ. Ұлыбританиядан келген делегация Астана мен Алматы қалаларында болып, еліміздің жоғары деңгейлі ресми тұлғаларымен бірқатар кездесулер өткізеді. Қазақстан-Британ техникалық университетінде, «Хейлиберри» мектебінде болып, «Дала қыраны» бірлескен оқу-жаттығудың жабылу салтанатына қатысады.

 Мәртебелі ханзаданың елімізге сапар жайында толығымен «Казахстанская правда» газетінен де танысуыңызға болады.