12 мың алимент төлеушінің қарызы — 18 млрд теңге

Коллаж: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде 12 мың адамның алимент қарызы бар. Бүгінде оны сомасы 18 млрд теңгеге жетіп отыр. Бұл туралы Әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков айтты.

— Бүгінде 12 мың адамның 18 млрд теңге алимент қарызы бар. Олар алименттерін төлемей жүр. Қазір біз «Әділет» ақпараттық жүйесі арқылы төлемдерді бақылауға алдық. Мәселен, бұрынғы ерлі-зайыптылар бір-бірімен сөйлеспейді делік. Демек, ақшаның аударылғанын білмей қалатын жайттар болады. Күйеуі алимент жібергенімен сот орындаушысы оны жылдар бойы жұбайына аудармай жүре береді. Ал қазір ақпараттық жүйелердің, Push-хабарламаның арқасында жұбайы бұрынғы күйеуінің арнайы есепшотқа алимент жібергенін бірден біледі. Ақша келесі күні өзінің шотына түспесе, онда ол бірден шағымдана алады, — деді ол Мәжілістің жалпы отырысынан кейін.

Әділет вице-министрінің айтуынша, азаматтар тарапынан сот орындаушыларына дәл осындай шағым болған жағдайда әділет органдары олардың лицензиясын алып қояды.

— Бұрын мұндай фактілер болған. Сот орындаушылары бұрынғы ерлі-зайыптылар араласпайтын кезде ақшаны өздеріне қалдырып келген. Үлкен сома, мәселен 50 млн теңге болса, депозитке салып, табыс алуға мүмкіндігі болды. Қазір ондайға жол берілмейді. Ақша арнайы есепшотқа түсті ме, бірден алушыға аудару қажет, — деді Бекболат Молдабеков.

Айта кетейік, бүгін мәжілісмендер әділет органдарының жеке сот орындаушыларының қызметін бақылау өкілеттігін кеңейтетін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған еді.