12 сәуір. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 12 сәуірде тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.
ЕСІМДЕР
63 жыл бұрын (1962) «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары Қайрат Қапарұлы АЙТУҒАНОВ дүниеге келді.
Алматы энергетика және байланыс институтын «инженер – экономист» біліктілігі бойынша, Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы экономикасы ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасын бітірген.
Еңбек жолын 1984 жылы топырақтану кафедрасының ассистенті қызметінен бастады. 1987-1989 жылдары агроном, аға агроном-тұқым өсіруші, кеңшардың бас экономисі болып жұмыс істеді.
1990-1992 жылдары Қызылту аудандық агроөнеркәсіп бірлестігі төрағасының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары және Көкшетау облысы аудандық әкімшілігінің аудандық жоспарының төрағасы қызметтерін атқарды. 1992-1996 жылдары коммерциялық құрылымдарда басшылық қызметтерді атқарды. 1996-2005 жылдары Көкшетау облысы әкімі аппаратының бөлім меңгерушісі, Солтүстік Қазақстан облыстық экономика басқармасы бастығының орынбасары, ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің бөлім бастығы, Астана қаласындағы «Ақмола Электржелілік Тарату Компаниясы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды. 2005-2007 жылдары ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі аппаратының басшысы, Халықаралық Қайта Құру және даму банкінің (Дүниежүзілік банк) «Ауыл шаруашылығын жекешелендіруден кейінгі қолдау» жобасын басқарды. 2007-2011 жылдары Шымкент қаласындағы «Оңтүстік» ӘКК ұлттық компаниясы» АҚ қаржы директоры, орынбасары, бірінші орынбасары, Басқарма төрағасы лауазымдарында жұмыс істеді. 2012-2016 жылдары Қарағанды облысы әкімінің орынбасары, «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, ҚР Кәсіподақтар федерациясының Басқарма төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды. 2016-2018 жылдары ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі болып жұмыс істеді. 2018-2020 жылдары С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің басқарма төрағасының орынбасары, 2020-2022 жылдары «С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті» КЕАҚ басқарма төрағасы. «Қазақ агротехникалық университеті» КеАҚ Басқарма Төрағасы лауазымын атқарған.
«Құрмет» орденімен және медальдармен марапатталған.
57 жыл бұрын (1968) Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасы Үкіметінің аппарат жетекшісі Ғалымжан Телманұлы ҚОЙШЫБАЕВ дүниеге келді.
1991 жылы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін, 1994 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің жоғары мектебн бітірген.
Еңбек жолы: 1985 жылы «Каззапсельпроект» БЖИ корректор, 1994-2004 жылдары Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінде көмекші, атташе, үшінші, бірінші хатшы, кеңесші, министр кеңесшісі, 2004-2006 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің Сыртқы саясат орталығының бас инспекторы, 2006-2008 жылдары ҚР Сыртқы істер министрлігінің арнайы тапсырмалар жөніндегі елшісі, 2008 жылдан Қазақстан Республикасының Литва Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, 2009 жылдан Қазақстан Республикасының Латвия, Эстония Республикасы және Финляндия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы, 2012-2016 жылдары Қазақстан Республикасының Финляндия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Республикасының Эстония Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы, 2016-2019 жылдары ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары, 2019-2023 жылдары ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің басшысы лауазымын атқарған.
2023 жылдың наурызынан бастап қазіргі қызметінде.
50 жыл бұрын (1975) «Райымбек батыр мешітінің бас имамы Ораз Сатыбалдыұлы СЕРІКБАЙ дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысында (қазіргі Түркістан облысы) туған. 1990-1992 жылдары Ташкент қаласында қариларды дайындайтын медресені тамамдаған. 1992-1994 жылдары Мысырдағы Аль-Азһар университетінде оқыған. 1995-1996 жылдары Исламабадтағы Әлемдік университетте білім алған. Алматы мемлекеттік Абай атындағы университетінде заң факультетін сырттай бітірген. 2012-2014 жылдары М.Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетінің «Менеджмент» мамандығы бойынша магистратурасын бітіріп, экономика ғылымдарының магистрі академиялық дәрежесін алған. 2014-2016 жылдары «Нұр Мүбəрак» университетінің Исламтану мамандығы бойынша магистрі академиялық дәрежесін алған.
Діни саладағы жұмысы Алматы Орталық мешітінің наиб имамы қызметінен басталған. Ислам институтының ұстазы, ректоры, ҚМДБ Ақмола облысы бойынша өкіл имамы, Алматы қаласы әкімшілігінің діни істер бөлімінің сектор меңгерушісі, ҚР Президенті Іс басқармасында дирекция директоры қызметін атқарды. 2000-2001 жылдары ҚМДБ төраға орынбасары, наиб мүфти, 2003-2005 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданының Бас имамы, 2011-2013 жылдары ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкіл имамы, 2013-2017 жылдары ҚМДБ төраға орынбасары, наиб мүфти, «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы қызметін атқарды. 2017-2020 жылдары Қазақстан мұсылмандарының кезекті VIII құрылтайында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти лауазымын атқарған. 2020-2022 жылдары Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы имамдардың біліктілігін арттыратын Республикалық ислам институтының директоры болды.
2022 жылдың сәуір айынан қазіргі қызметінде.
47 жыл бұрын (1978) Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Жолдас Нұрланұлы БАТЫРХАН дүниеге келді.
Атырау қаласында дүниеге келген. 1998 жылы Ақтөбе педагогикалық институтын, 2019 жылы Қазақ-орыс Халықаралық университетін бітірген.
Еңбек жолын 1998 жылы Темір ауданының Сартоғай негізгі мектебінде бастаған. 2001-2004 жылдары Темір ауданының №6 Шұбарқұдық негізгі орта мектебінің директоры, 2004-2015 жылдары Темір ауданының Тасқопа ауылдық округінің әкімі, Шұбарши кенттік округінің әкімі, Темір аудандық білім бөлімінің бастығы, Темір аудандық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бастығы, Темір аудандық білім бөлімінің бастығы, Темір ауданы әкімі аппаратының инспекторы, 2015-2022 жылдары Темір ауданы әкімінің орынбасары, Ақтөбе облысының дін істері басқармасының басшысы, Темір ауданының әкімі, Ақтөбе облысы білім басқармасының басшысы, 2023-2024 жылдары ҚР Оқу-ағарту министрлігінің балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары лауазымын атқарған.
Қазіргі қызметін 2024 жылдың тамыз айынан бастап атқарып келеді.
41 жыл бұрын (1984) Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Маратұлы ЖАРАСБАЕВ дүниеге келді.
Солтүстік Қазақстан облысында туған. М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін, Ресей халықаралық олимпиада университетін тәмамдаған. Мамандануы — дене шынықтыру және спорт, мемлекеттік және жергілікті басқару, спорттық әкімшілендіру.
2006-2007 жылдары Петропавлдағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде бокстан жаттықтырушы-оқытушы, нұсқаушы-спортшы болып жұмыс істеді.
2007-2010 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы Туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бас маманы, оқу-спорт бөлімінің басшысы, 2011-2012 жылдары ҚР Туризм және спорт министрлігінің Спорт комитетінің Ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету, инновациялық технологиялар және білім басқармасының сарапшысы, бас сарапшысы; СҚО Туризм, дене шынықтыру басқармасы басшысының орынбасары болып қызмет атқарған. 2012-2014 жылдары ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің Жоғары жетістіктер спорты және спорт резерві департаментінің Жазғы спорт түрлері басқармасының басшысы, Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің Жоғары жетістіктер спорты және спорт резерві департаментінің директоры қызметтерін атқарған. 2014-2018 жылдары ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары болды. 2018-2019 жылдары ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы қызметін атқарды. 2019-2021 жылдары ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары, 2021 жылы «Қазақстандық керлинг, едендік керлинг және петанга федерациясы» РҚБ бірінші вице-президенті, 2021-2023 жылдары ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі лауазымын атқарды.
Қазіргі қызметіне 2023 жылдың наурызынан кірісті.
126 жыл бұрын (1899-1964) ғалым, Қазақстан геологтары ғылыми мектебінің негізін қалаушы, қазақстандық металлогения ғылымының негізін салушы, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясын ұйымдастырушылардың бірі әрі тұңғыш президенті Қаныш Имантайұлы СӘТБАЕВ дүниеге келді.
Павлодар облысының Баянауыл ауданында туған. Сауатын ауыл молдасынан ашқан болашақ ғалым Павлодардағы орыс-қазақ мектебінде, Семей мұғалімдер семинариясында, Томск технология институтының тау-кен факультетінде білім алған. Мұғалімдер семинариясында Ж.Аймауытов, М.Әуезов сынды көрнекті қайраткерлермен бірге оқыған. Ш.Құдайбердіұлымен тығыз байланыста болып, оның шығармашылығын жоғары бағалаған. «Алаш» қозғалысы қайраткерлерінің іс-әрекетіне қолдау білдірген. 1920-1941 жылдары Баянауылда халық судьясы, «Атбастүстімет» тресі геология бөлімінің, Қарсақтай мыс комбинаты геологиялық барлау бөлімінің бастығы, комбинаттың бас геологы қызметтерін атқарған. 1941-1952 жылдары КСРО Ғылым академиясы Қазақ бөлімшесінің құрамындағы Геология ғылымдары институтының директоры, КСРО Ғылым академиясының Қазақ бөлімшесі Төралқасы төрағасының орынбасары, төрағасы, Қазақстан Ғылым академиясының президенті болған.
1952 жылы әміршілдік жүйенің тарапынан қысымға ұшырап, қызметінен төмендетіліп, Қазақ КСР Геология институтының директоры болып тағайындалған. 1955 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті болып қайта сайланып, өмірінің соңына дейін осы қызметті атқарған.
Қазақстанның қала, ауылдарында Сәтбаев есімімен аталатын жүздеген көше, 40-тан астам мектеп бар. Сондай-ақ ғалымға ескерткіштер орнатылған.
Оның есімі Қазақстан Ғылым академиясының Геология ғылымдары институтына, бір қала мен ғаламшарға, еліміздің ең ірі техникалық оқу орны Қазақ ұлттық техникалық университетіне берілген.
Сәтбаевтың құрметіне Жоңғар (Жетісу) Алатауы жотасындағы мұздық пен шың, Қаратаудағы ваннадий кен орнынан табылған «Сәтбаевит» минералы, «Академик Сәтбаев» гладиолиус гүлі аталған. 4 мәрте Ленин, 2-ші дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, медальдармен марапатталған.