12 сәуір. Жылнама
АТАУЛЫ КҮНДЕР
Қазақстанда ғылым қызметкерлерінің күні
Президент Жарлығымен 2011 жылы бекітіліп, 2012 жылдан бастап аталып келеді. Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы еліміздегі ең жоғары ғылыми ұйым болып саналады. Ол 1946 жылы Қаныш Сәтбаевтың бастамасымен құрылған.
Бүкіләлемдік авиация және космонавтика күні (Халықаралық адамның ғарышқа алғаш ұшқан күні)
1961 жылы 12 сәуірде тұңғыш ғарышкер - Юрий Алексеевич Гагарин ғарышқа қазақ жеріндегі «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшты. Авиация және космонавтика күніне халықаралық мәртебе 1968 жылы Халықаралық авиация федерациясының конференциясында берілді. 2011 жылдан бастап оған тағы бір атау қосылды - Халықаралық адамның ғарышқа ұшқан күні (International Day of Human Space Flight). 2011 жылдың 7 сәуірі күні БҰҰ Бас Ассамблеясының арнайы пленарлық отырысында ғарыш кеңістігін игеру ісіндегі алғашқы қадамға 50 жыл толуына орай арнайы қарар қабылданды. Әлемнің 60-тан астам мемлекеті осы қарардың бірлескен авторлары болды
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1961 жылы Совет одағының ұшқыш-ғарышкері Юрий Алексеевич Гагарин Қазақстанның «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «Восток-1» ғарыш аппаратымен әуеге көтерілді. Қызылорда облысы аумағындағы № 5 полигоннан күндізгі сағат 09:07-де зымыран ұшырылып, ол тұңғыш рет Жерден ғарышқа космонавт Юрий Гагаринді жеткізді.115 минуттан кейін ғарыш аппараты Ресейдің Саратов облысы аумағына қонды.
1996 жылы консультативтік-кеңесші орган саналатын Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жоғары экономикалық кеңес (ЖЭК) құрылды. ЖЭК-тің негізгі міндеттері - стратегиялық сипаттағы әлеуметтiк-экономикалық проблемаларды шешу жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу, Мемлекет басшысы үшiн экономиканың, оның негiзгi салалары мен секторларының жай-күйi туралы баяндамалар мен талдау материалдарын даярлау, мемлекеттiң әлеуметтiк-экономикалық саясатының негiзгi бағыттары бойынша ұсыныстар әзiрлеу, шет елдерде, соның iшiнде өтпелi экономикасы бар елдерде, экономикалық реформаларды жүзеге асыру тәжiрибесiн зерделеу және оны Қазақстанда қолдану жөнiнде ұсыныстар даярлау, мемлекеттiң экономикалық қауiпсiздiгi мәселелерi жөнiнде ұсыныстар даярлау.
2006 жылы Ғарышты игерудің 45 жылдығына орай «ҚазҒарыш» паркі салынды. Ағаштарды отырғызуға «ҚазҒарыш» ҰҚ қызметкерлері, ғарыш саласының ардагерлері қатысты.
2010 жылы Павлодарда қазақ халқының ғұлама ұлы, еліміздің Ғылым академиясының бірінші президенті Қаныш Сәтбаевтың туған күніне орай ескерткіш ашылды. Қ.Сәтбаевтың қола мүсіні Жерді бейнелейтін жасыл тасты жартылай сфераға сүйенген, Қордай жерінен алынған гранит тұғырға орнатылған. Баспалдаққа қаланған тастар әртүрлі, олар ғалымның жер қойнауы байлығымен жүріп өткен жолын символдық түрде бейнелейді. Монументтің биіктігі - 8,5 метр. Ескерткіштің авторы - мүсінші, Суретшілер одағының мүшесі, Шоқан Уәлиханов атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, академик Ольга Прокопьева. Тұрғырнама жобасын белгілі сәулетші Владимир Кацев жасаған.
2013 жылы Туристер арасында кең танылып келе жатқан Астана қаласы әлемдегі беделді Бүкіләлемдік туристік қалалар федерациясына (World Tourism Cities Federation - WTCF) мүше болды. Посткеңестік елдер арасында WTCF-ке Мәскеу, Минск және Астана қаласы ғана мүше.
2016 жылы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғам өз жұмысын бастады.
2017 жылы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында Президент Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілін латын әліпбиіне кезең-кезеңімен көшуді тапсырды.
2018 жылы Испанияның Малага қаласында өткен жүзу спорты бойынша ашық чемпионатта қазақстандық спортшылар жақсы өнер көрсетті. Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин үш алтын, Әділбек Мусин екі күміс медаль, Әділ Қасқабай бір күміс және бір қола медаль, ал Айбек Камзенов тағы бір қола медальді жеңіп алды.
2019 жылы Түркістанда «Оқсыз оқиғасы» анимациялық фильмінің таныстырылымы өтті. Бұл фильмде әлемге әйгілі ғұлама Әл-Фарабидің балалық шағы, білімге деген алғашқы қадамы, жаңашылдыққа деген ұмтылысы сипатталады. Білімін ел игілігіне жұмсаған ғұламаның өз еліне деген сүйіспеншілігі, Отанға қызмет етудегі қайраткерлігі суреттелген.
Тарихи деректерге сүйенсек, Әл-Фараби қазіргі Отырар ауданы аумағындағы Оқсыз қалашығында дүниеге келген. Сондықтан фильмнің аты да «Оқсыз оқиғасы» деп қойлыған. 3D форматта әзірленген фильмнің ұзақтығы - 25 минут. Режиссері - Нуриддин Паттеев, сценариін жазған Бақытжан Құлжабай, композиторы Әйтеке Көптілеу, қоюшы суретшісі Самат Нұралиев.
2021 жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы 16 жастағы оқушы Ерасыл Тәуекел NASA-да тағылымдамадан өтті. Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10 сыныбында білім алып жүрген оқушы ғылыми жобалармен айналысады және зымыранға әуес. «Мен NASA-да тағылымдамадан өтуге өтінім бердім, себебі бұл бүкіл әлем оқушыларына заманауи ғарыш саласымен танысуға бірегей мүмкіндік, мұны жіберіп алмау керек. Физика мен математикадан бірнеше тапсырма орындау қажет болды. Ғарыш саласының барлық салалары – планетарлық геологиядан ядролық қозғалтқыш құрылысына дейін түрлі тапсырмалар болды. Барлық үміткерлер академиялық білімдері мен ғарыш саласындағы жетістіктері бойынша сынақтан өтті», - деді Е.Тәуекел.