АСТАНА. ҚазАқпарат – Батысқазақстандық Ислам Қабдоллов Болгария астанасы Софияда 13-14 жастағы жасөспірімдер арасында батуттағы гимнастикадан өтіп жатқан әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қаймен Есендияровтің мәлім еткеніндей, Ислам ағылшын спортшысын ғана алға жіберіп, екінші орынға көтерілді. Тағы бір ағылшындық гимнаст үздік үштікке ілікті.
Бұл – Альберт Тілепқалиев жаттықтыратын Ислам Қабдолловтың әлем чемпионатындағы екінші табысы. Ол өткен жылы 11 жасында жеңімпаз атанған болатын.
Альберт Тілепқалиевтің айтуынша, спорт шеберлігіне үміткерлер арасындағы дүниежүзілік додаға әлемнің 39 елінен спортшылар келді. Ислам 21 гимнастпен сынға түсіп, жүлдегерлер қатарына қосылды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандықтың батуттағы гимнастикадан әлем чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ 12 жасар әлем чемпионы Ислам Қабдоллов жыл үздігі атанды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).