12 жасар шахматшы Бибісара Асаубаева кезекті рет әлем чемпионы болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бибісара Асаубаева 12 жасқа дейінгі қыздар арасындағы шахмат бойынша кезекті рет әлем чемпионы болды.

Жас спортшыны Фейсбукте Инвестициялар және даму министрлігі Индустрия және туризм департаментінің директоры Марат Иғали құттықтады.

«Асаубаева Бибісара (Ресей-Қазақстан) 12 жасқа дейін қыздардың арасында шаxмат бойынша кезекті чемпион атағына ие болды! Құтты болсын!», - деп жазды ол.

 

Еске салайық, Бибісара Асаубаева қазір жарыстарға Ресей Федерациясының атынан қатысады.

Бұған дейін Қазақстанның шахмат федерациясы жас дарын иесінің Ресей шахмат федерациясына ауысуының себебін айтқан болатын. Анықталғандай, Бибісара Асаубаева мен оның менеджері әрі анасы Лиана Таңжарықованың мұндай шешім қабылдауына қаржылық мәселелер ықпал еткен.