12 желтоқсанда Қазақстанда өтетін маңызды шаралар

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі 12 желтоқсан күні ел аумағында өтетін маңызды шараларға шолуды ұсынады.

АСТАНА

Сағат 9-00-де Форте банк ғимаратында Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі British Chamber of Commerce in Kazakhstan-мен бірлесіп, «Бухгалтерлік есеп, аудит және оларды реттеудегі соңғы өзгерістер» тақырыбында конференция өткізеді.

Ал сағат 10-00-де Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысы болады.

Сенатта да осы уақытта шара өтеді. Атап айтқанда, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшелері Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған жемқорлыққа қарсы стратегиясын жүзеге асыру мәселелері бойынша мүдделі мемлекеттік органдардың басшыларымен кездеседі.

Дәл осы уақытта Конференц-Холлда «Адам құқығы және ұлттық қауіпсіздікке қазіргі заманғы сын-тегеуіріндер» тақырыбында IV Халықаралық жастар заңгерлік форумы өз жұмысын бастайды.

10-30-да Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің кеңейтілген отырысы өтіп, онда «ЕАЭО аясында ауыл шаруашылығы өсімдіктері тұқымының айналымы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланады.

Ақордада «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын тапсыру рәсімі өтеді. Салтанатты шара сағат 11-00-де басталады.

Сағат 11-20-да Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің кеңейтілген отырысы болады. онда есірткі заттарының айналымына қатысты заң жобасы қаралады.

Ал сағат 12-00-де Ақордада ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар шетел елшісінен сенім грамотасын қабылдайды.

Сағат 12-20-дa Орталық коммуникациялар қызметінде Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру аясында Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына арналған баспасөз конференциясы өтеді. Спикер - Алматы облысының әкімі Амандық Баталов.

Сонымен қатар осы күні сағат 14-00-де Тәуелсіздік сарайында Астана қаласының тұрғындары үшін жер мәселесіне қатысты семинар ұйымдастырылады.

Дәл осы уақытта Radisson Hotel Astana қонақ үйінде «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы лауреаттарының қатысумен салтанатты концерт болады.

Араға 45 минут уақыт салып «Нұр Отан» партиясының орталық аппаратында «Нұр Отан» партиясының үздік қоғамдық қабылдауы» республикалық байқауының қорытындысы шығарылып, жеңімпаздарға құрмет көрсетіледі.

Сағат 15-00-де Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы брифинг өткізеді.

Сонымен қатар, сағат 15-00-де  Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті коммуналдық саланың проблемалық мәселелері бойынша азаматтардың қоғамдық қабылдауын өткізеді.

Осы уақытта еліміздің Орталық сайлау комиссиясында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлау құқығын қамтамасыз ету мәселелеріне арналған отырысы болады. Шараға Парламент депутаттары, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысады. 

Сағат 15-00-де «№ 10 қалалық емханасы» ШЖҚ МКК-нің базасында «Астана - адалдық алаңы» жобасын жүзеге асыру аясында бірінші әлеуметтік медициналық зертхананың ресми ашылуы өтеді.

Сағат  17-00-де «Нұр Отан» партиясының Астана қалалық филиалы «Тарих толқынында. Кенесары хан сарбаздары» ғылыми конференциясын өткізеді.

17-00-де Елбасы кітапханасының музей ғимартында «Әлем халықтарының музыка аспаптары», «Қазақстанның спорттық даңқы» атты тұрақты тың экспозициялардың ашылу салтанаты өтеді. Олардың тұсауы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орайластырып кесілмек. Сағат 19-00-де Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мемлекеттік қызметшілердің жұмыс уақытында негізсіз бөгелуіне тексеру үшін ҚР Денсаулық сақтау министрлігін аралайды.

19-30-да Астана қаласанының «Nomad City Hall» концерт-залында Астанамыздың 20 жылдық мерейтойына арналған «АСТАНА АРУЫ 2018» Ұлттық байқауы өткізіледі.

19.30-да Астана қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясының үрлемелі аспаптар оркестрі Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында «Астана» концерт залында  «Азия дауысы»  атты  концертін тарту етеді

АЛМАТЫ

Сағат 9-00-де Риксос қонақ үйінде ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың қатысуымен Kazakhstan Healthcare Forum өтеді.

11-00-де Алматы қалалық өңірлік коммуникациялар қызметінде ауыл шаруашылығы техникалалары үшін лизингтік құрал-жабдықтарды дисконтты қаржыландыру тақырыбында баспасөз мәслихаты болады.

Ал сағат 11-00-де ҚР Ұлттық кітапханасында филология ғылымының докторы, профессор Айгүл Исмақованың «Алаш әдебиеттануы» кітабы таныстырылады.

Сағат 14-00-де Қазақстандағы ең ірі студенттік жатақханалардың бірі салтанатты түрде ашылады. С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің «Студенттер үйінің» ашылу салтанатына ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Алматы қаласының әкімі бауыржан Байбек қатысады.

Сағат 15-00-де Достық үйінде ҚР Тәуелсіздік күніне және Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын талқылауға арналған дөңгелек үстел ұйымдастырылады.

Сағат 15-00-де "Almaty Towers" бизнес орталығында   KASE БАҚ өкілдеріне арналған дәстүрлі айлық баспасөз мәслихаты өтеді. Шара барысында қазақстандық биржа нарығының қарашадағы жұмысы жайында статистикалық мәліметтер ұсынылады. Спикер - KASE басқармасы төрағасының орынбасары Андрей Цалюк.

 

Соңғы жаңалықтар