120 дрон жеткіліксіз – Экология министрі орман өртімен күреске қосымша дрон керек деп отыр

Фото: Фото: СҚО әкімдігі

АСТАНА. KAZINFORM – Елдегі 158 орман шаруашылығының 126-сында ғана өртке қарсы дрон бар. Ал норматив бойынша әр шаруашылықта кемінде 1 дрон болу керек. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Үкміет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында осындай дерек айтты.

— Әзірге бізде 120 дрон бар. Өткен аптада «Қазақтелекоммен» бірлесіп өрт қауіпсіздігі жоғары орман шаруашылықтарға солардың дронын қосу туралы келістік. Ол дрондардың бірден-бір артықшылығы ақпаратты жүйелі түрде, бірден дағдарыс орталығына беруге болатынында, — деді ол.

Министрдің сөзінше, орман шаруашылықтарын дронмен толық қамтамасыз етпей отырған министрлік емес, жергілікті әкімдіктер.

— 120 дрон деген, әрине жеткіліксіз. Қосымша дрондар алу процесі басталды. Биылға ол үшін республикалық бюджеттен қаржы сұрап отырған жоқпыз. Жергілікті бюджеттер есебінен алуды жоспарлағанбыз, — деді ол.

Министрліктің баспасөз қызметі қосымша берген мәліметке сүйенсек, елдегі 158 орман шаруашылығының 126-сында ғана қажетті дрон бар. Қалған 28 орман шаруашылығын дронмен жабдықтауға республикалық бюджеттен қаражат қарастырылмаған. 

Айта кетейік, бүгінгі Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов орман өртінің алдын алуға пилотсыз ұшатын аппараттарды көбірек тарту туралы тапсырма берген еді.