1242 елді мекен бақылауда: Биыл қай өңірлерде су тасқыны каупі бар
АСТАНА. KAZINFORM — Биыл еліміздің 5 өңірінде су тасқыны қаупі жоғары. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің маманы Jibek Joly телеарнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасына берген сұхбатында мәлімдеді.
– Қазгидрометтің ақпан айына берілген алдын ала болжамы бойынша 5 облыс басты назарда тұр. Олар: ШҚО, СҚО, Қарағанды, Ақмола және Абай облыстары. Осы өңірлерде су тасу қаупі бойынша тәуекелдер бар. Ал келесі алдын ала болжам наурызда беріледі. Соған қарай қандай жұмыстар атқару керектігі белгілі болады, - дейді ҚР ТЖМ Төтенше жағдайлардың алдын алу комитетінің бас маманы Ерасыл Кәдірбеков.
Студия қонағы су тасқынына әсер ететін негізгі факторларға тоқталды.
– Бұл аймақтардағы су тасу қаупінің жоғары болуына жан-жақты факторлар әсер етеді. Қардың қалыңдығы, жердің бетінде мұз қатуы, сондай-ақ өзге де гидрометеорологиялық мәселелер есепке алынды. Қазір «биыл елімізде су тасқыны болмайды» деп толықтай айтуға келмейді. Себебі бәрі алдағы уақытта ауа райына байланысты. Егер күн бірқалыпты жылып, судың бәрі өз ретімен кетіп қалса, еш қорқыныш жоқ. Бірақ күн күрт жылып кетуі де мүмкін. Әзірге дайындықтар жоспарға сай жүріп жатыр, – дейді ол.
Министрлік өкілі елімізде су тасу қауіпі бар 1242 елді мекен барын айтады.
– Жалпы, ҚР заңнамасына сәйкес, су тасқынының алдын алу жұмыстары мен оған бюджет бөлу жергілікті атқарушы органдардың міндеті. Олардың мәліметіне сәйкес, тиісті жұмыстардың бәрі атқарылған. Ал ТЖ министрлігі бұл бағыттағы жұмыстарды нығайту және бағыт беру бойынша бірлесіп әрекет етіп жатыр. 2025 жылғы су тасқынының қорытындысына сәйкес, басты назарда тұрған 1242 елді мекен бар. Су тасқынының алдын алу шараларының уақытылы атқарылуы себепті 736 елді мекендегі қауіп барынша азайтылып, 234 елді мекенде қауіп толық сейіліп, қазіргі таңда 272 ауыл назарда тұр, – дейді Ерасыл Кәдірбеков.
Ал оңтүстік өңірлерде жауған қардың көлемі аса көп емес.
– Ол жақтағы су қоймалары су жинау режимінде жұмыс істеп жатыр. Яғни көктемгі суғару кезеңіне дайындық басталған. Атап айтар болсақ, оңтүстіктегі Шардара, Жамбыл облысындағы Тасөткел, Алматы облысындағы Қапшағай су қоймалары. Бұл келіп түскен суды су қоймаларында сақтау деген сөз, – дейді ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің өкілі Ерлан Жұмабаев.
Министрлік маманы еліміздегі су қоймалары су тасқының алдын алуға дайын екенін жеткізді.
– Қазір су қоймаларының толуы солтүстік өңірлерде орта есеппен алғанда 68 пайыз, батыс өңірлерде – 50 пайыз, орталықта – 68 пайыз, ал шығыста 85 пайызға жетіп отыр. Барлық өңірдегі су қоймаларында су тасқынының алдын алу мақсатында болжамға сәйкес бос кеңістіктер дайын тұр. Оған қоса, мамандар штаттық режимде жұмыс істеп, бәрін бақылауға алып отыр. 1 наурызда Қазгидрометтің алдын ала болжамы шыққан соң, қайта түзетулер енгізіледі. Нәтижелер әр 10 күн сайын жаңарып отырады, – дейді ҚР СРИМ өкілі.
Айта кетейік, Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров су тасқыны қаупі қай өңірлерде бар екенін, алдын алу үшін қандай шаралар қолға алынғанын айтып берді.