13 адамның малын ұрлап, 6,9 млн теңге шығынға батырған атыраулық 7 жылға сотталды
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысында ер адам 13 жәбірленушінің малын ұрлап, 6,9 млн теңге шығын келтірген. Сот үкімімен айыпталушы 7 жылға сотталды. Қызылқоға аудандық сотында бөтеннің малын жасырын түрде бірнеше рет жымқырған Қ.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. Күдіктіге ҚР Қылмыстық кодексінің 188-1-бабының 3-бөлігінің 1) тармағымен айып тағылған.
«Сотталушы Қ. өзінің шаруа қожалығының аумағында бөтеннің бірнеше сиыры жайылып жүргенін көріп, пайдакүнемдік ниетпен бірнеше рет жасырын жымқырған. Ұрлаған малды сатып, ақшасын өз қалауы бойынша жұмсаған. Оның құқыққа қарсы әрекетінен 13 жәбірленушіге 6 млн 900 мың теңге материалдық шығын келтірілген. Оның кінәсі өзінің және жәбірленушілердің жауаптарымен, қылмыстық іс материалдарымен дәлелденді», — деп хабарлады аудандық соттан.
Бұл істе назар аударатын бір жайт бар. Бұл — сотталушының қылмыс жасаған кезде бұрынғы ұрлығы үшін пробациялық бақылауда жүргені.
Прокурор сотталушыға жаза тағайындау кезінде екі бапты қолдануды ұсынды. Біріншісі — айып тағылған баппен мүлкін тәркілеусіз, 6 жылға бас бостандығынан айыру. Ал, екіншісі — Қылмыстық кодекстің 60-бабының 1-бөлігі негізінде бұрынғы үкім бойынша жазасының өтелмеген бөлігін ішінара қосу арқылы түпкілікті 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау.
Жәбірленушілердің бірқатары қатаң жаза тағайындауды сұрады. Кейбірі жаза тағайындау мәселесін соттың құзырына қалдырды.
Сот жаза тағайындау кезінде мынадай жайттарды ескерді. Біріншіден, сотталушы кінәсін мойындап, өкінішін білдірген. Екіншіден, оның жас балалары бар. Міне, осы жайттар жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде қаралды. Алайда, сотталушы төтенше жағдай кезінде қылмыстық құқық бұзушылық жасаған. Бұл — жазаны ауырлататын мән-жай.
«Сот үкімімен Қ. ҚР Қылмыстық кодексінің 188-1-бабының 3-бөлігінің 1) тармағымен кінәлі деп танылды. Оған 60-баптың 1-бөлігімен түпкілікті 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», — деп мәлім етті аудандық соттан.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетелік, бұған дейін бұрын Атырау мұнай өңдеу зауытының экс-директорынан 2 млрд теңге залал өндірілгенін хабарлаған едік.