13 ақпан. Жылнама

Фото: Kazinform

Kazinform оқырман назарына 13 ақпанға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Дүниежүзілік радио күні

2011 жылғы 3 қарашада ЮНЕСКО Бас конференциясының 36-отырысында бекітілген. Халықаралық күнді енгізуге Испания бастамашы болды. Бұл күн кездейсоқ таңдалған жоқ. 1946 жылы дәл осы күні БҰҰ өзінің радиоқызметін — БҰҰ радиосын іске қосқан болатын.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1915 жылы Семейде Еуропалық үлгідегі тұңғыш спектакль қойылды. Сахналанатын пьеса болмағандықтан, спектакльдің әдеби негізі ретінде Біржан мен Сараның айтысы алынды. Айтыстың сахналық жүйесін жасап, спектакльді қойған — Жүсіпбек Аймауытов.

1993 жылы «Қазақстанкаспийшельф» теңіз-мұнай кәсіпорны құрылды. Кәсіпорынның негізгі мақсаттары — Каспий теңізінің Қазақстанға қарасты бөлігінің жер қойнауындағы мұнай-газ қорын анықтау, мұнай операцияларын іске асыру, осы аймақтың биоқорларын, минералдық байлық көздерін ашу және жағалаудағы қайраңдық кен орындарының игерілуін тездету, теңіз байлығын қазіргі заманғы техника мен технологияны, шет елдік компаниялардың әлемдік тәжірибесі мен инвестициясын пайдалана отырып игеру, Каспий маңы аймағының өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымын жан-жақты дамыту.

1994 жылы АҚШ-та екі ел арасындағы демократиялық әріптестік туралы хартияға, ғылым мен техника, ядролық қауіпсіздік саласындағы техникалық ақпарат және ынтымақтастық туралы келісімге, Қазақстан, АҚШ және Ресей арасындағы «Инмарсат-3» жасанды спутнигін ұшыруға байланысты технологиялық кепілдіктер туралы үшжақты келісімге қол қойылды, ядролық қаруды таратпау туралы шарт ратификацияланды.

2003 жылы Алматыда ҚР Президентінің бастамасымен Бейбітшілік және келісім І халықаралық конференциясы өтті. Оған бірқатар елдердің басшылары, ресми делегациялары қатысты.

2007 жылы Ақмола облыстық филармониясының қазақ халық аспаптар оркестріне Қазақстан Республикасының танымал композиторы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, еңбек сіңірген өнер кайраткері және халық әртісі Кенжебек Күмісбековтің (1927-1987) есімі берілді. К. Күмісбеков Ақмола облысы Қорғалжын ауданы Кұмкөл ауылының тумасы, вокал өнері факультетінде музыкалық білім алды, содан кейін доцент Қ.А. Мұхитовтың домбыра сыныбын бітірді. Ең танымал шығармалары — «Ықылас туралы поэма», «Қорқыт туралы аңыз», «Ой толқыны», «Дала сыры», «Фараби сазы», «Шалқыма» және басқалары.

2013 жылы Қазақстан Республикасының алғашқы ұлттық спутник арнасы телевизия өндірісінің соңғы үрдістеріне жауап беретін жаңа графикалық әдістеумен хабар тарата бастады. Kazakh TV — қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде тәулік бойы хабар тарататын ақпараттық-танымдық телеарна. Арна «Хабар» агенттігі» АҚ құрылымына кіреді.

2017 жылы қазақстандық альпинист және танымал саяхатшы Андрей Гундарев Косцюшко Қазақ географиялық қоғамының қолдауымен Австралияның ең биік нүктесі — Жаңа Оңтүстік Уэльс штатында орналасқан Косцюшко шыңына (2 228 метр) көтерілді. Қазақ географиялық қоғамы жеті құрлықтың жеті шыңына Қазақстан Туын орнатып шығу миссиясын орындап жүрген болатын.

2018 жылы Дубайда өткен 6-шы Дүниежүзілік үкімет саммитінде Жаһандық бақыт коалициясы құрылып, оның құрамына алты ел — Біріккен Араб Әмірліктері, Қазақстан, Коста-Рика, Мексика, Португалия және Словения кірді. Коалицияны құру туралы келісімге қол қою рәсіміне БАӘ-нің премьер-министрі және Дубай әмірі Мұхаммед бен Рәшид әл Мақтум қатысты. Құжатқа алты елдің министрлері қол қойды.

2018 жылы Алматыда «Алтын қалам» әдеби жүлдесі ұйымдастыру комитетінің шешімімен бірінші рет әдеби «ОСКАР» сыйлығы табыс етілді. Аталған сыйлық бүгінгі заман әдебиетін дамытуға елеулі үлес қосқан қаламгерлерге берілді. Сауалнама нәтижесінде келесі азаматтар жеңімпаз атанды: Жылдың үздік баспасы — Мереке Құлкенов, Жылдың әдеби дебюті — Олег Червинский, Кiтап like (оқырмандар таңдауы) — Зира Наурызбаева, Әлеуметтік мәнге ие тақырыпқа арналған үздік кітап — Ерлан Қарин, Жылдың үздік меценаты (Әдебиетке көрсеткен қолдауы үшін) — Бауыржан Оспанов.

2019 жылы Қазақстан Республикасы мен Маршалл Аралдары Республикасы дипломатиялық қатынастар орнатты. Нью-Йоркте екі мемлекет арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастарды орнату туралы бірлескен коммюникеге БҰҰ жанындағы Қазақстанның және Маршалл аралдарының тұрақты өкілдері Қайрат Омаров пен Аматлайн Элизабет Кабуа қол қойды.

2019 жылы Назарбаев Университетінде «National Laboratory Astana» ЖМ ғалымдары Қазақстанда тұңғыш жоғары өнімді биоинформатикалық есептеу платформасын іске қосты.

2024 жылы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, «Самұрық-Қазына» АҚ Presight AI Ltd. компаниясымен Қазақстанда суперкомпьютер құру және сәйкес Деректерді өңдеу орталығын (ДӨО) салу жобасының негізгі шарттары туралы келісімге қол қойды. Бұл келісім — жасанды интеллект саласындағы әлемдік көшбасшы Presight AI Ltd. компаниясымен Қазақстанның цифрлық инфрақұрылымын дамыту жөніндегі келісімдердің жалғасы.

2024 жылы Қазақстан GovTech 2024 сыйлығының жеңімпазы атанды. «Отбасының сандық картасы» жобасы Дубайда өткен Дүниежүзілік үкімет саммитінің жаһандық аренасында «Инклюзивті цифрлық трансформация» номинациясында үздік деп танылды. Бұл мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған инновациялық шешімдерді мойындау.

2024 жылы Самарқанда Жабайы жануарлардың қоныс аударатын түрлерін сақтау жөніндегі конвенцияға қатысушы тараптардың 14-ші кездесуі (COP 14) аясында Қазақстан мен Өзбекстан Үстірт қыратының жануарлар дүниесін сақтау саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

2025 жылы EXPO көрме алаңында болашақ мамандар, жұмыс берушілер және кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарын біріктіретін «Жұмысшы мамандықтары қаласы» фестивалі өтті. Бұл Жұмысшы мамандықтары жылы аясындағы алғашқы ауқымды іс-шара болды. Фестивальде келушілер 200-ден астам мамандық және әртүрлі экономикалық салалардың ерекшеліктері туралы біле алатын 40 интерактивті көрме аймағы ұсынылды. Бірнеше күн ішінде фестивальде семинарлар, шеберлік сабақтары, инновациялық сессиялар және бос жұмыс орындары жәрмеңкелері өтті. Іс-шараның алғашқы екі күнінде оған 15 мыңнан астам адам қатысты.

2025 жылы Жамбыл облысында тоғызқұмалақ ойнау үшін пайдаланылған көне артефакт табылды. Кішкентай шұңқырлар мен қазандар тасқа тікелей ойылған, ал ойын шамамен 1400 жыл бұрын осы типтегі алаңда ойналған. Бірегей олжа Жамбыл ауданындағы Қызылтаң ауылының солтүстік-шығыс бөлігіндегі тау беткейінен табылбы. Тастың ұзындығы 2,8 метр, ені — ашамамен 1,4 метр.

Ол басқа ұқсас олжалардан оның бетіне екі бірдей ойын алаңы ойылып жасалғанымен ерекшеленеді. Бұл олжа Батыс Түрік қағанаты кезеңіне сәйкес келетін VI–VII ғасырларға жатады.

2025 жылы Мәскеу мемлекеттік лингвистикалық университетінде (РФ) «Тас алыптар аңыздары» атты қазақ ертегілері жинағының тұсаукесері өтті. Басылымға сондай-ақ әзербайжан, армян, беларусь, грузин, қытай, қырғыз, тәжік және өзбек тілдерінде ана тілдерінде және орыс тілінде жарық көрген ертегілер де кірді. Барлық ертегілерді таулар тақырыбы біріктіреді, ал әңгімелерді жоғарыда аталған лингвистикалық университеттің оқытушылары аударған. Кітап 1000 дана тиражбен басылып шықты.