13 қаңтар. Тұлғалар туған күн

АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚазАқпарат 13 қаңтарға арналған «Тұлғалар туған күн» күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

65 жыл бұрын (1958) қазақстандық дипломат, I санаттағы Төтенше және Өкілетті Уәкіл дәрежесі бар Самат Исламұлы ОРДАБАЕВ дүниеге келді.

Алматы (бұрынғы Талдықорған облысы) облысында туған. Қазақ ауыл шаруашылығы институтын бітірген.

1980-1990 жылдары - В.И.Ленин атындағы Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының Шығыс бөлімінде аспирант, кіші, аға ғылыми қызметкер.

1990-1992 жылдары - Қазақ ғылыми техникалық ақпарат ғылыми зерттеу институтының бөлім меңгерушісі. 1992-1994 жылдары - Қазақ ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының ғалым-хатшысы.

1994-1996 жылдары - ҚР Ғылым және жаңа технологиялар министрлігінің басқарма бастығының орынбасары. 1996 жылы - ҚР-ның ТМД қатысушы елдерімен ынтымақтастық жөніндегі Мемлекеттік комитеттің бөлім бастығы. 1998-2000 жылдары - ҚР СІМ үшінші, екінші, бірінші хатшысы, бөлім бастығы, басқарма бастығы.

2000-2003 жылдары - Қазақстанның Беларусьтағы елшілігінің кеңесшісі. 2003-2004 жылдары - ҚР СІМ ТМД істері комитеті төрағасының орынбасары.

2004-2005 жылдары - ҚР СІМ ТМД департаментінің директоры. 2005-2006 жылдары - ҚР-ның Ресей Федерациясындағы елшілігінің кеңесшісі. 2006-2007 жылдары - ТМД атқару комитеті төрағасының орынбасары - атқарушы хатшысы.

2007-2013 жылдары - ҚР-ның Ресей Федерациясындағы елшілігінің кеңесші-елшісі. 2013-2016 жылдары ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары.

Қазақстан Республикасының Украинадағы Төтенше және Өкілетті Елшісі (2016-2020), Қазақстан Республикасының Молдова Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы (2017-2020).

Медальдармен, ҚР Президентінің Алғыс хатымен марапатталған.

52 жыл бұрын (1971) Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Әскери қауіпсіздік және қорғаныс басқармасының бастығыРусланбек Кеңесбекұлы БЕКЖІГІТОВ дүниеге келді.

Бауыржан Момышұлы атындағы әскери училищені бітірген (1989); А.Ф. Можайский атындағы әскери-ғарыш инженерлік академиясы (1994); Құқықтану академиясы – «Әділет» жоғары заң мектебі (2002).

Еңбек жолы: Әскери-әуе күштерінің әскери бөлімдерінде және Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің орталық аппаратында әртүрлі лауазымдарда қызмет ету (1994-1999); Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің құрылымдық бөлімшелерінде жауапты қызметкер (1999-2002); Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі аппаратының қызметкері (2002-2015); Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Жалпы қауіпсіздік мәселелері басқармасының басшысы (2015-2021).

2022 жылдың мамыр айынан бастап қазіргі қызметінде.

«Құрмет» орденімен (2015); 13 мерейтойлық және ведомстволық наградалармен марапатталған.