13 қараша. Kazinform күнтізбесі. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 13 қарашаға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

Фото: Kazinform

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Дүниежүзілік мейірім күні

Бұл күн 1998 жылы белгіленді. Мерекені атап өту туралы бастама Токиода өткен Халықаралық мейірімділік қозғалысының алғашқы конференциясында көтерілді. Оған Сингапур, Жапония, АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Таиланд және Австралия өкілдері қатысты. Кейін қозғалыс қатарына өзге елдердің еріктілері де қосылды.

Атаулы күннің басты мақсаты – тіл мен мәдениет айырмашылығына қарамастан, халықтарды ізгілік жолында біріктіру. Сонымен қатар әр ұлттың өзіндік болмысы мен ерекшелігін сақтай отырып, өзара түсіністік пен татулықты нығайту.

Өкпенің созылмалы обструктивті ауруына қарсы күрес күні

Бұл күн жыл сайын қараша айының екінші немесе үшінші аптасының сәрсенбісінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бастамасымен атап өтіледі. Алғаш рет 2002 жылы өткізілген бұл күнді Өкпенің созылмалы обструктивті ауруы жөніндегі жаһандық бастама (GOLD) түрлі елдердің дәрігерлерімен бірлесіп жыл сайын ұйымдастырады. Оның басты мақсаты – халықтың осы ауру туралы түсінігін кеңейтіп, оның алдын алу жолдары жөніндегі ақпаратты арттыру.

Халықаралық зағиптар күні

1745 жылғы 13 қарашада Францияда зағиптарға білім берудің негізін қалаушылардың бірі, Париж бен Санкт-Петербургте көзі көрмейтін адамдарға арналған бірнеше мектеп пен кәсіпорын ашқан белгілі педагог Валентин Гаюи дүниеге келді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының шешімімен осы күн Халықаралық зағиптар күні болып белгіленді. Атаулы күннің басты мақсаты – көру қабілетінен біржола айырылған, өмірде қиындыққа тап болған жандардың жағдайына қоғам назарын аудару.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1970 жылы Мемлекеттік сыйлыққа ие болған «Қыз Жібек» көркем фильмі экранға шықты. Фильмнің сценарий авторы Ғабит Мүсірепов пен басты рөлдерді сомдаған Асанәлі Әшімов, Құман Тастанбеков және Меруерт Өтекешева да Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығымен марапатталды. Ал 1972 жылы Тбилисиде өткен V Бүкілодақтық кинофестивальде фильм үздік көркемдік безендіруі үшін диплом мен сыйлыққа ие болды.

Фильмге арқау болған «Қыз Жібек» жырында XVI–XVII ғасырлардағы қазақ даласының тыныс-тіршілігі сөз болады. Хандықтар арасындағы тартыс пен руаралық қақтығыстар өршіген сол кезеңдегі екі жауласқан рудың жастарының қайғылы махаббаты арқылы халықтың рухани дүниесі, арман-мұраты мен ел бірлігіне деген ұмтылысы суреттеледі.

1997 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің музейі ресми түрде ашылды. Қазір музей қорында 5 мыңнан астам жәдігер сақталған. Олардың қатарында Алматы маңындағы қазба жұмыстары кезінде табылған, алтын қаңылтырлармен әшекейленген сақ жауынгерінің киім үлгісі – «Алтын адамның» макеті бар. Оны қазақстандық суретші-реставратор Қырым Алтынбеков жасаған.

2012 жылы Жамбыл облысының Шу ауданында жаңа химия өндірістерін дамытуға жол ашатын «Тараз» химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағы құрылды. 505 гектар аумақты алып жатқан аймақ жоғары тиімді технологиялар негізінде химия өнімдерін өндіруге бағытталған.

2012 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы Адам құқықтары жөніндегі кеңеске 18 жаңа мүшені сайлады. Осы дауыс беру нәтижесінде Астана БҰҰ-ның адам құқықтарын қорғау жүйесіндегі маңызды органның құрамына алғаш рет енді.

Кеңес құрамына Аргентина, Бразилия, Венесуэла, Габон, Германия, Ирландия, Қазақстан, Кения, Кот-д’Ивуар, Біріккен Араб Әмірліктері, Пәкістан, Оңтүстік Корея, АҚШ, Сьерра-Леоне, Черногория, Эстония, Эфиопия және Жапония кірді.

2013 жылы Таразда Қазақстанның ұлттық валютасы – теңгенің айналымға енгізілуіне арналған ескерткіш стела ашылды. Тұғырда «Т» әрпі түріндегі теңге бейнеленген. Оның үстіне диаметрі 120 сантиметр, салмағы жарты тоннаға жуық тот баспайтын болаттан жасалған теңге монетасы орнатылған. Монетаның сыртқы бетінде 1993 жылғы 15 қарашада Қазақстанда ұлттық валюта айналымға енгізілгені жазылған. Ал тұғырдағы жазуда теңгенің Тараздан еліміздің өзге қалаларына жөнелтілгені көрсетілген.

2013 жылы «Қазақстанның флорасы мен фаунасы» сериясымен номиналы 500 теңгелік «Каспий итбалығы» естелік күміс монетасы айналымға шығарылды. 925 сынамалы күмістен жасалған монетаның салмағы 24 грамм, өлшемі 38,6×28,81 мм. «Proof» сапасымен шығарылған монетаның таралымы 5 мың дананы құрады.

2013 жылы Қазақстан Ұлттық банкі «Республика мақтанышы» сериясымен номиналы 500 теңгелік, алтын жалатылған «Алманың отаны» естелік күміс монетасын айналымға шығарды.

925 сынамалы күмістен жасалған монетаның бетіне алтын жалатылған. Салмағы – 31,1 грамм, диаметрі – 38,61 мм. «Proof» сапасымен шығарылған монетаның таралымы 7 мың дана. Жиегі бедерлі.

2015 жылы Нью-Йорктегі «Metropolitan Classics» баспасы қазақтың көрнекті ақыны Мұқағали Мақатаевтың таңдаулы өлеңдері мен жазушы Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» повесін ағылшын тілінде жарыққа шығарды. Осылайша қазақ әдебиетінің классик туындылары шетелдік оқырманға кеңінен жол тартты.

2017 жылы Жезқазғанда Шыңғыс ханның замандасы, қолбасшы әрі жырау Кетбұғаға ескерткіш орнатылды. Тарихта даңқты қолбасшы, күйші ретінде қалған Кетбұғаға Жошы ханның қазасын Шыңғыс ханға жеткізетін «Ақсақ құлан» күйі тиесілі. Гранит тұғырға орнатылған қола ескерткіш ат үстіндегі Кетбұғаны бейнелейді. Ескерткіштің жалпы биіктігі – 10,5 метр. Мүсін авторы – Асқар Нартов.

2019 жылы елордада «Теңге – тәуелсіздік символы» атты көрме өтті. Онда 1923–1937 жылдардағы Мемлекеттік жинақ кассасының қызметі, ұлттық валютаның айналымға енгізілуі, алғашқы банкноттар мен монеталардың дизайнын әзірлеу барысы, сондай-ақ теңгенің 26 жыл ішінде өзгеру тарихы туралы архивтік құжаттар мен материалдар ұсынылды.

Көрменің мақсаты – архив деректері арқылы елорда тұрғындары мен қонақтарын Қазақстан банк жүйесінің қалыптасу тарихымен таныстыру, теңгенің тәуелсіздік символы ретіндегі маңызын дәріптеу арқылы отансүйгіштік сезімді нығайту.

2020 жылы «Kazinform» басшысы «Үркер-2020» арнайы сыйлығын Моңғолиядағы қазақтілді KazNews порталы мен Ресейдің ТАСС агенттігіне табыстады.

Марапаттау рәсімінде «ҚазАқпарат» басқарма төрағасы Асқар Омаров агенттіктің халықаралық ақпарат кеңістігіндегі дамуы Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін қарқын алғанын атап өтті.

– Ғасырға жуық тарихы бар «Kazinform» халықаралық ақпарат агенттігінің дамуы еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін жаңа деңгейге көтерілді. Сол кезде біз халықаралық ақпарат агенттігіне айналдық. Сондықтан бұл арнайы сыйлықты шетелдік серіктестерімізге табыстауды жөн көрдік. «Үркер» мүсіншесі мен сертификаттарды 100 жылдан бері серіктес болып келе жатқан Ресейдің ТАСС агенттігіне беруді ұйғардық, – деді Асқар Омаров. Ал «Kazinform» ХАА атынан Моңғолиядағы қазақтілді KazNews порталына 1 миллион теңге табысталды.

2020 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «Ежелгі түркі өркениеті» залы ашылды. Экспозиция үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім түркілердің жазба мәдениетіне арналған. Онда тас мүсіндерге қашалған көне түркі руникалық жазбалары ұсынылған. Бұл жазбалар Орта Азия, Сібір, Моңғолия мен Қазақстан аумағында болған тарихи оқиғалар туралы мол мәлімет береді. Екінші бөлімде ежелгі түркілердің мәдени-ғұрыптық кешендерінің ажырамас бөлігі саналатын тас мүсіндер қойылған. Ал үшінші бөлімнен ортағасырлық түркі дәуіріне жататын ескерткіштерден табылған ат әбзелдері, қару-жарақ пен тұрмыстық бұйымдар орын алған.

2023 жылы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің Археология орталығының ғалымдары Қаржантау жотасындағы Сілбелі шатқалын зерттеу барысында бұрын белгісіз болған жаңа археологиялық ескерткіштерді тапты. Қаңлы мемлекетінің дәуіріне жататын Сілбелі қорымы б.з.д. II ғасырдан б.з. IV ғасырына дейінгі кезеңді қамтиды. Онда ежелгі қоғамның ақсүйектеріне арналған 16 ірі қорған бар.

Археологтар бұдан бөлек, 20 қорғаннан тұратын тағы бір қорымды анықтады. Ондағы қорғандар шағын болғандықтан, жерленген адамдардың әлеуметтік дәрежесі төменірек болған деп болжанады. Археологиялық кешен теңіз деңгейінен 1 750 метр биіктіктегі қорғалатын аумақта орналасқан. Бұл оны заңсыз қазба жұмыстарынан сақтауға мүмкіндік береді. Зерттеушілер алғаш рет жерлеу құрылысы мен оның үстіндегі қорғанға зақым келтірмей, жерлеу камерасына кіріп, тарихи ландшафттың тұтастығын сақтап қалды.

2024 жылы ҚР Орталық мемлекеттік кинофотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары архивінің делегациясы «Архив – 2025» кешенді жоспары аясында Моңғолияның Ұлттық архивінде зерттеу жүргізіп, Қазақстан тарихы мен мәдениетіне қатысты құнды материал тапты. Осы мақсатта делегация Моңғолия астанасы Ұлан-Батырға арнайы іссапармен барды.

Зерттеу нәтижесінде архив қорынан 90 фотқұжат пен жалпы ұзақтығы 92 минуттық кинофильмнің көшірмесі алынды. Фильмде қазақстандық делегация өкілдерінің Баян-Өлгей аймағындағы қазақтардың тұрмыс-тіршілігімен танысқан сәттері мен мерейтойлық шаралардың шежіресі қамтылған. Ал фотосуреттерде жергілікті қазақтардың күнделікті өмірі, театр әртістерінің өнер көрсетуі, сондай-ақ әр жылдары Моңғолияға барған көрнекті тұлғалар бейнеленген.

2025 жылы Алматыда өткен Central Asia Fintech Summit 2025 саммитінде Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Қазақстанда банкаралық QR-төлемдердің бірыңғай жүйесі ресми іске қосылғанын мәлімдеді. Жаңа жүйе арқылы клиенттер банкке қарамастан, кез келген сауданы бірыңғай QR-кодпен төлей алады.