АТАУЛЫ КҮНДЕР
Дүниежүзілік тромбозға қарсы күрес күні
2014 жылы Халықаралық тромбоз және гемостаз проблемалары қоғамының бастамасымен бекітілген. Бұл күнді атап өтудің негізгі мақсаты – аурудың себеп-салдары, алдын алу, емдеу жолдары туралы ақпарат тарату. Бұл күн 13 қазанда атап өтіледі, себебі осы күні тромбоз патофизиологиясының негізін қалаушылардың бірі, неміс ғалымы Рудольф Вирхов дүниеге келген.
Халықаралық апаттар қаупін азайту күні
1989 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен бекітілді. Бұрын Халықаралық табиғи апаттар қаупін азайту күні деп аталған.
Бұл күн алғаш рет 1990 жылы әлемнің түрлі елінде аталып өтті. Оның мақсаты – апаттардың алдын алу мәдениетін қалыптастыру және елдердің табиғи әрі техногендік апаттарға дайындық деңгейін арттыру.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1929 жылы Солтүстік Қазақстан радиохабары алғаш рет эфирге шықты. Бүгінде облыстық радио бағдарламаларын «Қазақстан телекоммуникациялары» (КАТЕЛКО) компаниясының спутниктік байланысы арқылы облыстың барлық ауданы мен Ресейдің көршілес облыстарының шекаралас аймақтарынан тыңдауға болады.
1950 жылы Қостанай облысы Амангелді ауданының құрамында Арқалық жұмысшы кенті құрылды. 1956 жылғы 27 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Арқалық ресми түрде жұмысшы кенті мәртебесін алып, бүкілодақтық комсомолдық екпінді құрылысқа айналды. Арқалық қаласының қалыптасуы боксит кен орындарын игерумен тығыз байланысты. 1965 жылғы 30 маусымда Арқалық қала мәртебесін алды. Ол кезде қала аумағы 174 гектарды, ал халқының саны 15 100 адамды құрады. 1970 жылғы 23 қарашада Арқалық жаңадан құрылған Торғай облысының әкімшілік орталығына айналды.
1990 жылы «Ақмола ақиқаты» (қазіргі «Astana aqshamy») газетінің алғашқы саны жарық көрді. Алғашында аптасына бір рет шығып тұрған басылым 1998 жылдың қаңтарында «Ақмола ақшамы», одан кейін «Астана хабары» кейіннен «Астана ақшамы», «Astana aqshamy» атанып, республикалық қоғамдық-саяси газет мәртебесіне ие болды. 1998 жылғы 10 маусымда басылым Қазақстанның жаңа астанасының тұсаукесерінен тікелей репортаждар жариялап, «Астана ақшамы» атауымен оқырманға жол тартты.
1995 жылы Қазақстанда Диабет қауымдастығы құрылды. Ол 1996 жылы 176 ел біріккен Халықаралық диабет федерациясының құрамына кірді.
1999 жылы ҚР Энергетика, индустрия және сауда министрлігінің Атом энергетикасы комитеті құрылды. Негізгі міндеттері – атом энергиясын пайдалану саласындағы мемлекеттік реттеу, Қазақстан Республикасының аумағында ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қадағалау, атом энергиясын пайдалану нысандарындағы апатқа қарсы жоспарлауды бақылау, ядро материалдары мен қондырғыларын физикалық қорғауды қадағалау.
2010 жылы Аустралияның Канберра қаласында өткен Монета сарайлары директорларының 26-шы Конференциясында Қазақстанның «Барыс» монетасы «Ең әдемі монета» және «Технологиялық жағынан ең сәтті орындалған монета» аталымдарын жеңіп алды. Монета 925 сынамалы күмістен соғылған, диаметрі – 38,61 мм, әрбірі бір миллиметр диаметрге ие екі бриллиант орнатылған.
2014 жылы Нью-Йоркте Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Әбдірахманов пен Того Республикасының Тұрақты өкілі Коджо Менан екі мемлекет арасында дипломатиялық қатынастар орнату туралы бірлескен коммюникеге қол қойды.
2015 жылы Тараз қаласында республикалық маңызы бар тарихи ескерткіш «Ежелгі Тараз» археологиялық саябағы ашылды. Аумағы 20 гектарды құрайтын саябақта кіреберіс арка, шолу мұнарасы, Достық үйі мен конгресс-холл орналасқан этномәдени орталық, этнографиялық музей, «Тараз саздары» стеласы және «Мыңбұлақ» саябағы бой көтерді. Кешен құрылысына 2,5 млрд теңге жұмсалды.
2017 жылы «Kazinform» халықаралық ақпарат агенттігі мен The Business Year (TBY) халықаралық баспасы және зерттеу компаниясы жалпы қызметті ұйымдастыру, контент алмасу, біріккен жобалар әзірлеп, бірлескен шараларды ұйымдастыру жөнінде келісім жасасты. «The Business Year» — ұлттық экономикадағы жылдық экономикалық ресурстар баспасы және алдыңғы қатарлы зерттеу фирмаларының бірі. 35 елде өкілдігі бар.
2018 жылы қазақстандық Диас Бахраддин жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарында каноэмен жекелей жарысудан алтын медаль жеңіп алды. Ол тартысты бәсекеде 1:54.66 нәтижесімен мәреге бірінші болып жетті.
2019 жылы Алматыда Халықаралық жеңіл атлетика федерациялары қауымдастығының (IAAF) I деңгейлі халықаралық курстары басталды. Мұндай курс тек Қазақстанда емес, Орта Азияда алғаш рет ұйымдастырылды.
Бағдарлама мақсаты – жаттықтырушыларға, оқытушыларға халықаралық жеңіл атлетиканың заманауи білімдері мен даму үрдістерін жеткізу, олардың кәсіби біліктілігін арттыру, сондай-ақ еліміздің орталық өңірлері мен барлық аймақтарындағы мамандардың білімін жетілдіру.
2020 жылы Куала-Лумпур қаласындағы Малайзияның Ұлттық кітапханасында Абай атындағы Қазақ әдебиеті мен мәдениеті орталығы ашылды. Орталықтың негізгі мақсаты – Қазақстанның бай әдеби мұрасы мен тарихи-мәдени құндылықтарын шетелдік аудиторияға таныстыру. Орталыққа сый ретінде қазақ әдебиетінің кітаптары мен шығармалары, сондай-ақ қазақ халқының ұлттық музыкалық аспабы – домбыра табысталды.
2021 жылы АҚШ-тың Сиэтл қаласында Ұлттық студенттік спорт қауымдастығы (NCAA) чемпионаты аясында гольфтан Pat Lesser–Harbottle Invitational турнирі өтті. Аталған жарысқа қазақстандық гольфшы Ривекка Жұмағұлова да қатысып, турнир жеңімпазы атанды.
2023 жылы Степногорск қаласында Құтқарушылар күні қарсаңында Асқар Забикулинге арналған мурал пайда болды. Қаза тапқан өрт сөндірушінің бейнесін бейнелейтін арт-нысанды суретші Абылайхан Сүлейменов №3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің (МӨСБ-3) ғимаратының қасбетіне салды.
Асқар Забикулин 2022 жылғы қарашада өртті сөндіру кезінде қайсарлық көрсетіп, үш адамның өмірін ажалдан арашалап қалды. Өрт сөндіруші үшінші дәрежелі күйік алып, ауруханада көз жұмды. Оның ерлігін мәңгі есте қалдыру мақсатында Астана қаласындағы көшелердің біріне Асқар Забикулиннің есімі берілді.
2024 жылы Жібек Құлымбетова джиу-джитсу мен грэпплингтен он дүркін әлем чемпионы атанды. Астанада өткен грэпплингтен UWW әлем чемпионатында 17 жастағы Жібек екі алтын медаль жеңіп алды. Ол екі санат бойынша сайысқа түсті: «GI» (кимоно) және «NO GI» (кимоносыз).
2024 жылы Қырғызстан астанасы Бішкек қаласындағы Ғапар Айтиев атындағы Ұлттық бейнелеу өнері музейінде «Қазақстан суретшілер көзімен» атты картиналар көрмесі ашылды. Қазақстан Республикасының күніне орай ұйымдастырылған көрме қырғызстандық суретшілердің туындыларын біріктіріп, көрермендерге Қазақстанның мәдениеті мен табиғатын, сондай-ақ халықтың тыныс-тіршілігін таныстырды.
2024 жылы Қазақстан дәстүрлі спорт пен киберспортты ұштастыратын бірегей дода — Phygital Games of the Future 2026 турнирін өткізуге ресми түрде таңдалды. Ауқымды жарысты қабылдау құқығы үшін Қазақстанмен қатар Перу мен Чили де үміткер болды. Турнир аясында қатысушылар физикалық белсенділік пен цифрлық технологияларды тоғыстырған фиджитал спорт түрлері бойынша бақ сынады.
2025 жылы EXPO Awards марапаттау рәсімінде EXPO 2025 Osaka дүниежүзілік көрмесінің қорытындылары жарияланды. Қазақстан павильоны «Theme Development» – «Көрме тақырыбын ашу» басты номинациясы бойынша «С» санатындағы шағын павильондар арасында бірінші орынға ие болды. Бұл санатта 90-нан астам ел бар. Қазақстан экспозициясы EXPO 2025 Osaka көрмесінің тақырыбын өзіндік әрі мазмұнды ашқаны үшін жоғары бағаланды.