13 қыркүйек. ҚазАқпарат күнтізбесі
АТАУЛЫ КҮНДЕР
Халықаралық шоколад күні
Мереке 1995 жылы енгізілген. Бастапқыда Шоколад күні тек Францияда тойланып келді. Көп ұзамай әлемнің басқа елдерінде де атап өтіле бастады.
Мексика шоколадтың отаны болып саналады. Тіпті ежелгі майя тайпалары какао жемістерін ұнтақтап, xocolatl деп аталатын сусын алады. XIV ғасырда шоколад рецебін Еуропаға испандықтар әкелді.
Қатты шоколад тек ХІХ ғасырда пайда болды. Голландиялық химик Конрад ван Хаутен какао бұршақтарынан какао ұнтағы мен какао майын алды. Кейінірек ағылшын Джозеф Фрай какао майын үгітілген какаомен араластырып, шоколад пастасын ойлап шығарды. Бірнеше жылдан кейін швейцариялық Даниэль Питер бұл қоспаға ұнтақ сүт қосты - осылайша сүт шоколады дүниеге келді.
Бионика ғылымының туған күні
Бионика – тірі табиғаттың қасиеттері мен қызметтері, құрылымдары, өндірістік аналогтарын техникалық құрылғылар мен жүйелерде қолдану туралы қолданбалы ғылым.
Леонардо да Винчи инженерлік мәселелерді шешу үшін тірі табиғат туралы білімді қолдану идеясын ұсынған биониканың бастаушысы болып саналады.
1960 жылы 13 қыркүйекте Американың Дейтона қаласында бионика бойынша бірінші симпозиум өтті, ол жаңа ғылымның пайда болуын ресми түрде көрсетті.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1930 жылы №4 әскери қойма негізінде Қазақстан Қарулы Күштерінің №44959 әскери бөлімі құрылды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде және Ауғанстанға халықаралық көмек көрсету кезінде ол зауыттардан шыққан дайын өнімді сақтау, оқ-дәрілері бар пойыздарды майданға жіберу ісімен айналысты. Бүгінде Қазақстанда оқ-дәрілерді сақтайтын және оларды сынақтан өткізетін жалғыз мониторинг зертхана құрылды, зенитті-басқарылатын зымырандарды сынауға арналған шеберхана, инженерлік және атуға арналған оқ-дәрілерді қайта өңдеуге арналған құрылғы іске қосылған.
2007 жылы Астанада № 50 мектеп-лицейге аты аңызға айналған Райымбек батыр есімін беру рәсімі өтті. Райымбек батыр (1705–1785) – XVIII ғасырдағы ұлы қазақ батыры, Ұлы жүздің Албан руынан шыққан атақты Хангелді батырдың немересі. Жетісу жерін жоңғар басқыншыларынан азат еткен аңызға айналған эпикалық күрескер. Батырлығы үшін Абылай хан Райымбекті өз қолбасшыларының бірі етіп тағайындаған.
2012 жылы Корея Республикасының Президентінің Қазақстанға ресми сапары аясында Нұрсұлтан Назарбаев пен Ли Мен Бак қуаты 1320 МВт-тық Балқаш Жылу электр стансысының 1-ші модулінің құрылысын бастау рәсімінде болды.
2013 жылы ШЫҰ мемлекет басшылары Кеңесінің 13-отырысының жұмысы аяқталған соң Қазақстан, Қырғызстан, Ресей Федерациясы, Тәжікстан, Өзбекстан президенттері, сондай-ақ ҚХР Төрағасы Бішкек декларациясына қол қойды. Бұл құжатта ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ШЫҰ Хартиясының қағидаттары мен ережелері және Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының басқа да құжаттары негізінде өзара іс-қимылға бейілділігі көрсетілген.
2016 жылы Қазақстанда Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі құрылды. Ол – діни бірлестіктермен өзара іс-қимыл, діни сенім бостандығына азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету, сондай-ақ мемлекет пен азаматтық сектордың өзара іс-қимылын жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы. Қазіргі күні Мәдениет және ақпарат министрлігі болып атауы өзгертілді.
2016 жылы Павлодар облысы Тереңкөл ауылында қызметін атқару барысында қаза болған полиция капитандары Ахметқали Тезекпаев пен Фарид Какабаевтың ескерткіш қойылды. Качир АІІБ бастығының орынбасары, полиция капитаны Ахметқалы Тезекбаев 1997 жылдың 1 тамызына қараған түні қайтыс болды. Ахметқали аудандық полиция бөліміне әкелуі керек болған күдіктілердің бірі кенеттен полиция қызметкеріне мылтық атып, салдарынан құқық қорғау органының қызметкері оқиға орнында жан тапсырды. Качир аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторы, полиция капитаны Фарид Какабаев 2008 жылдың 26 шілдесінде қайтыс болды. Кезекті демалысында жүрген оған жаппай төбелес болып жатқаны туралы хабарлама түседі. Ол оқиға орнына жетіп, белсенді қатысушыларының бірінің ізіне түседі. Ал қылмыскер өрттен қашуға тырысып, полиция қызметкерінің басына бетон тақтайша лақтырған. Жарақат салдарынан полиция қызметкері көз жұмды.
2016 жылы Қазақстанның визажистер командасы OMC Europe Cup – 2016 макияждан Еуропа чемпионатының алтын кубогын жеңіп алды. Әлемнің абсолютті чемпионы Виктория Станевич бастаған Қазақстан құрамасы Еуропада үздік атанды. Макияж академиясының оқытушылары Виктория Станевич, Марина Басова және Елена Ушакова бес жүлделі орынға ие болып, команданы турнирдің үздіктер қатарына шығарды.
2018 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасына «Қазақстан» сөзін латын графикасында «Qazaqstan» деп жазу бөлігінде стандарттың бүкіл мәтіні бойынша өзгерістер енгізілді. Өзгерістерді жұмыс тобы Президенттің «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлығына сәйкес әзірледі.
2019 жылы Түркия Республикасының астанасы Анкарадағы Анадолы өркениеттері музейінің көрме залында Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің «Ұлы дала: тарих және мәдениет» көрмесі ашылды.
Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық турын жариялады. Осы ауқымды жоба аясында көрме Беларусь, Ресей, Әзірбайжан, Қытай, Польша, Оңтүстік Корея, Татарстан, Өзбекстан және Солтүстік Македония музейлерінде үлкен табыспен өтті.
2019 жылы Байқоңыр қаласы әкімшілігі басшысының орынбасары Ирина Назарова Қазғарыш делегациясының қатысуымен «Байқоңыр қаласы және ғарыш айлағы» медалін «ҚазАқпарат» агенттігінің меншікті тілшісі Сара Нұрғалиеваға табыс етті. Медаль тілшінің қала мен Байқоңыр ғарыш айлағының жетістіктерін дәріптеудегі белсенді қызметі, Байқоңыр қаласының әкімшілігімен көпжылдық жемісті ынтымақтастығы үшін берілді.
2021 жылы «Астана Опера» театрының камералық залына Күләш Байсейітованың есімі берілді. Осы айтулы оқиғаға орай театрда «Қазақтың бұлбұлы» атты концерт өтті. «Астана Опера» камералық залы - көптеген музыканттар өнер көрсетуге ұмтылатын елдегі беделді концерттік алаң. Бұл зал классикалық мұраны сақтай отырып, жаңарып келе жатқан қазақ қоғамының рухани сұранысын жүзеге асырып, қазақ және әлемдік музыка мәдениетінің дәстүрлерін жеткізуші. Бұл сахнада Қазақстанның ғана емес, бүкіл әлемнің танымал өнерпаздары өнер көрсетіп жүр.
2021 жылы Қазақстан Аргентинадағы 61 жылдық тарихы бар беделді мәдени фестивальдердің біріне алғаш рет қатысты. Бұл шара Димаштың Аргентинадан келген La Era Dimash (LED) фан-клубының күш-жігері, сондай-ақ Қазақстанның Росарио қаласындағы консулдығы мен оның құрметті консулы Густаво Гутьеррестің қолдауының арқасында мүмкін болды. La Era Dimash мүшелері қонақтарды Қазақстанның музыкасы, мәдениеті және пейзаждарымен таныстыратын арнайы бағдарлама ұйымдастырды. Фестивальге екі бейнебаян ұсынылды, бұл «Тұран» этникалық тобының орындауындағы «Ер Тұран» композициясы және Димаш Құдайбергеннің «Самалтау» әні.
2021 жылы Олимпиада чемпионы, «Астана» велокомандасының бас менеджері Александр Винокуров Ниццадағы Ironman 70.3 жарысында өз жас тобында үздік атанды. Ол қашықтықты (жүзу, велосипед тебу және жүгіру) 4 сағат 55 минут 22 секундта бағындырды.
2022 жылы Рим Папасы Франциск Қазақстанға ресми сапармен келді. Бұл күні понтифик Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесіп, қазақстандық қоғам мен дипломатиялық корпус алдында сөз сөйледі.
2022 жылы парламентшілердің елордаға бұрынғы Астана атауын қайтару туралы ұсынысы Мемлекет басшысының келісімімен Конституциялық заң жобасына енгізілді.