13 маусым. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

Фото: None
АСТАНА. 13 маусым. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2012 жылғы 13 маусымға арналған күнтізбесін ұсынады.

13 маусым, СӘРСЕНБІ

Қасиетті Раджаб айының басы (Мұсылман мейрамы).

Раджаб айы - үш қасиетті айлардың бірі (Раджаб, Шағбан, Рамазан). Алла Тағаланың өзінің құлдарына жасаған ең үлкен рақымшылығы болып табылады. Бұл айларда жақсы әрекет жасағандарға сауап тиеді және жасаған күнәларына шын көңілден өкінетін жандарды Алла Тағала кешіреді.

«Раджаб» сөзі үш әріптен тұратын (араб тілінде дауысты дыбыс жоқ): «Р» - «рахмат» (Алла Тағаланың қайырымдылығы), «дж» - «джурмулгабди» (Алла Тағала құлдарының күнәлары) және «б» - «бирру Ллахи Тағаля» (Алла Тағаланың жақсылығы) деген мағынаны білдіреді.

Ресей жеңіл өнеркәсіп қызметкерлерінің күні. Маусымның екінші жексенбісінде атап өтіледі. 1980 жылғы қазанның 1-де КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумы «Мерекелік және атаулы күндер туралы» Жарлығымен бекітілген.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

16 жыл бұрын (1996) Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен энергетик, техника ғылымының докторы, профессор, Қазақ КСР ҒА-ның академигі, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Шафық Шөкинге «Халық қаһарманы» атағы берілді.

14 жыл бұрын (1998) Германияда Қазақстанның мәдени күндері басталды.

11 жыл бұрын (2001) Алматыда I республикалық «Бөбек» шақырады» фестивалі өтті.

88 жыл бұрын (1924) Орынборда қазақ ғалымдарының 1-ші съезі басталды. Маусымның 18-не дейін дейін созылған бұл жиында қазақ фольклорын жинау, зерттеу туралы қаулы қабылданды.

18 жыл
бұрын (1994) Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Энергетика және жанар-жағармай ресурстары министрлігінің негізінде Мұнай және газ өндірісі министрлігі құрылды. 1997 жылы наурыздың 4-інде Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен министрлік таратылып, іс жүргізу және мүлкін басқару өкілеттігі Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігіне берілді.

5 жыл бұрын (2007) Халықаралық баспасөз орталығында «Сұрапыл жылдар құрбандарына тағзым» атты кітаптың таныстырылымы болды.

Оған Ақмола облысының 400-ден астам майдангерлердің шығармалары енді. Кітапта Талғат Бигелдинов, Рахымжан Қошқарбаев, Әлмұқан Сембинов сынды батырлар туралы естеліктер жинақталып, Ақмола облысынан шыққан әскери дивизиялардың ерліктері баяндалады. Ұлы Отан соғысы кезінде Ақмола облысынан 70 мыңнан астам азамат майданға аттанған болатын.

Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған Талғат Бегелдинов 1922 жылы Ақмола облысының Ақмола ауданы Майлыбалақ ауылында дүниеге келді. Орынбор және Саратов қалаларындағы әскери авиация училищесін, Әскери-әуе академиясын бітіріп 1956 жылға дейін КСРО Қарулы Күштерінде командирдің орынбасары және авиация полкінде штаб бастығы қызметтерін атқарған. 1956 жылдан запастағы авиацияның генерал-майоры. Талғат Бегелдинов атындағы Халықаралық қайырымдылық қордың президенті. Бұл қор Қазақстан Республикасының және шетелдердің мемлекеттік және қоғамдық ұйымдарымен бірлесіп жұмыс істейді. 1945,1985 және 1995 жылдарғы Жеңіс шеруіне қатысқан. «Илы атакуют», «305 рейдов» және «Сражение в воздухе» кітаптарының авторы. Ленин, екі мәрте Қызыл Ту, І-,ІІ дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз, Александр Невский, ІІІ-дәрежелі Даңқ ордендерімен және медальдарымен марапатталған. Алматыда тұрады.

Қошқарбаев Рақымжан (1924-1988) Ақмола облысының Тайтөбе ауылында өмірге келген. 1945 жылғы 30 сәуірде ол жауынгер Григорий Булатовпен бірге Кеңес әскерлері арасынан Рейхстагқа алдымен жетіп, жеңіс туын тікті. Берлиндегі Рейхстагқа ту тігіп, қазақтың нағыз батыр ұлт екендігін дәлелдеген қайсар азамат Рақымжан Қошқарбаевқа 1999 жылы тәуелсіз еліміздің «Халық қаһарманы» атағы берілді. Р.Қошқарбаев 1988 жылы 10 тамызда Алматыда қайтыс болды.

Үздік барлаушы Әлмұқан Сембинов (1924-1972) Ақмола ауданының Жаңабірлік ауылында дүниеге келген. 1943 жылдың қақаған қысынан жеңістің жылы самалы соққанға дейін майданның алғы шебінде болған ардагердің жолы ерлікке толы. Ол өзінің сенімді серіктері Данил Лебедкин және Николай Беловпен бірге жау бекінісінен талай рет «тіл» алып келіп, олардың жоспарлары мен құпия істерін ашып, жеңіс күнін жақындатуға көп үлес қосқан. Қызыл Жұлдыз, І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордендерімен, медальдармен. Бүгінгі таңда Астана қаласының бір көшесі майдангер атамыздың есімімен аталады.

6 жыл бұрын (2006) «Қазақстан қағазы» АҚ-ының еншілес құрылымы - «Қазқайталамашикізат» компаниясы ATS110-75 автоматты престеу құрылғысын іске қосты. Құрылғы сағатына 12 тонна, тәулігіне 280 тонна пресстелген қағаз қалдығын өндіреді. Оның алюминий банкілер, қағаз қораптар, тетрапакет, пластик ыдыстар және РЕТ шөлмектерін өңдей алатын артықшылыққа ие екендігін де айта кеткен жөн. Хабардар ете кетсек, «Қазқайталамашикізат» компаниясы қағаз қалдықтарын жинап, престеумен айналысады.

6 жыл бұрын (2006) Алматыдағы Ұлттық инженерлік академияда танымал ғалым Нәдір Нәдіровтың басқаруымен орыс тіліндегі «Күн сәулесі құбылуының физика-химиялық негіздері» кітабының таныстырылымы өтті. Мамандар мен көпшілік қауымға арналған бұл кітапта биосфераны қорғау, адамзаттың энергетикалық қуат көздеріне деген қажеттілігін қамтамасыз етуге және үнемдеуге арналған жоғары технологияны енгізу мәселелері баяндалған. «Қазақстанның индустриялық-инновациялық бағдарламасының стратегиялық бағытының бірі - елімізді энергетикалық қуат көздерімен қамту. Бұл мәселені тиімді шешу - ел болашағын дамытудың кепілі. Халық санының өсуі мен экономикалық даму үрдісінде энергетикаға деген сұраныс, әсіресе, дамушы елдерде жыл асқан сайын еселене түсуде. Оның үстіне, кен өндіру, тасымал, қайта өңдеу, мұнай және мұнай өнімдерін пайдалану табиғатқа кері әсерін тигізуде», деп жазады осы кітаптың кіріспе сөзінде академик Бақытжан Жұмағұлов. Жыл сайын Ұлттық инженерлік академиясында өткізіліп тұратын «Күн сәулесі құбылуының физика-химиялық негіздері» ғылыми-тәжірибелік семинарында осы жағдайларға айрықша назар аударылады. Кітап Ұлттық инженерлік акдемиясының құрылғанына 15 жыл толуына арналды. Бұл еңбектің жарық көруіне академик Нәдір Нәдіровтің халықаралық гуманитарлық қоры демеушілік көрсеткен.

ЕСІМДЕР

59 жыл бұрын (1953) жазушы, аудармашы, Жамбыл атындағы халықаралық жүлденің иегері «Мектеп» баспасының бас директоры САТЫБАЛДИЕВ Ерлан дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. М.Горький атындағы Әдебиет институтының аудармашылар даярлайтын бөлімін аяқтаған. Республикалық «Жазушы» баспасында редактор, «Жалын» баспасында аударма бөлімінің меңгерушісі, «Инербук» біріккен кәсіпорнының, «Өнер» баспасының директоры, Қазақ теледидары мен радиосы республикалық корпорациясының президенті болып қызмет атқарған. Қазір «Мектеп» баспасының бас директоры. Қазақ жазушыларының шығармалары мен қазақ ауыз әдебиетінің бірқатар туындыларын орыс тіліне аударған.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, Қазақстан Республикасының медальдарымен марапатталған.

39 жыл бұрын (1973) кикбоксшы, еңбек сіңірген спорт шебері МОЖАНОВ Асқар Байжігітұлы дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында туған. Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін, Мәскеу геологиялық барлау институтын бітірген. Алғашқы бапкері В.Лелекин. Ол КСРО чемпионы (Новокузнецк, 1991), Еуропа чемпионы (Грекия, Кавала, 1992; Финляндия, Хельсинки, 1994), кәсіпқойлар арасындағы әлем чемпионы (Франция, Гавр, 1992, Бішкек, 1997), әлем чемпионы (Дания, Одензе, 1993; Украина, Киев, 1995). 1992-1995 жылдары Азия құрлығының чемпионы атанған.

88 жыл бұрын (1924) кино ісін үйымдастырушы, кинематография саласының үздігі, КСРО Кинематографистер одағының мүшесі БОШАЕВ Ізет дүниеге келді.

Ол 1959 жылдан бастап, зейнет демалысына шыққанға дейін Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының кино ісін ұйымдастырды. Ұлттық кино саласының «Қыз Жібек», «Артымызда Москва», «Атаманның ақыры», «Қан мен тер» сияқты жоғары деңгейдегі фильмдерінің директоры болды.

68 жыл бұрын (1944) Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің кафедра меңгерушісі, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Минералдық ресурстар академиясының академигі СЕЙІТОВ Нәсіпқали дүниеге келді.

Атырау облысында туған. Қазақ политехникалық институтын бітірген.  Қазақстан Ғылым академиясы Геология ғылымдары институтының аға инженері, кіші ғылыми қызметкері, ғалым хатшысы, жетекші ғылыми қызметкері, директордың орынбасары, зертхана меңгерушісі, бас ғылыми қызметкері болған. 1996-2000 жылдары Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Елтану және әлеуметтік география кафедрасының меңгерушісі қызметін атарған. Қазіргі қызметінде 2000 жжылдан бастап істейді.

Ғалымның 120-дан астам ғылыми және оқу-әдістемелік еңбектері жарық көрген.

58 жыл бұрын (1954) Маңғыстау ауданның прокуроры, Қазақстан Республикасы прокуратурасының құрметті қызметкері  БЕКБОСЫНОВ Сабыржан Мәдиұлы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Алматы құрылыс техникумын, Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Алматы облысы Іле аудандық прокуратурасының тергеушісі, облыстық прокуратураның аға тергеушісі,  аудан прокурорының орынбасары қызметтерін атарған. 1992-1996 жылдары - Алматы облысы Қаскелең ауданының прокуроры. 1996-1997 жылдары - Мемлекеттік тергеу комитетінің Алматы облысы бойынша басқармасы бастығының орынбасары. 1997-1998 жылдары - Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының бөлім бастығы. 1998-1999 жылдары - Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесі хатшылығының сектор меңгерушісі. 1999-2003 жылдары - Астана қаласы прокурорының орынбасары, бірінші орынбасары. 2003-2006 жылдары - Қазақстан Республикасының Әділет вице-министрі. 2006 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Төлем қабілеті жоқ борышкерлермен жұмыс істеу жөніндегі комитетінің төрағасы қызметін атқарды.

«Астана», «Ерен еңбегі үшін», «Тәуелсіздікке 10 жыл» медальдарымен марапатталған.

57 жыл бұрын (1955) композитор, Қазақстан Композиторлар одағының төрайымы, филология ғылымының кандидаты ҚЫДЫРБЕК Балнұр Балғабекқызы дүниеге келді. Алматы қаласында туған. К.Байсейітова атындағы республикалық арнаулы музыка мектебін, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын бітірген.

Алматы мемлекеттік консерваториясында, Қазақстан Композиторлар одағында қызмет істеген.

«Қарлығаштың құйрығы неге айыр» атты тұңғыш ұлттық балалар балетінің, «Қалқаман-Мамыр» опера-балетінің, «Наурыз мейрам хикаясы» балетінің, сондай-ақ көптеген симфониялық поэмалар мен увертюралардың, оркестрлік, камералық шығармалардың авторы. Ол - отандық музыка тарихында тұңғыш рет үрмелі аспаптар оркестріне арналған шығармалар жазған композитор.

71 жыл бұрын (1941-2001) актер, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі КЕНЖЕКОВ Алтынбек дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданында туған. Алматы консерваториясын бітірген. 1959 жылдан Балалар мен жасөспірімдер театрының әртісі болған.

Ол Ғани Мұратбаев, Шоқан Уәлиханов, Сәкен Сейфуллин, Жамбыл Жабаев, Гамлет рөлдерінде ойнап, шығармашылық мүмкіншілігінің молдығымен танылған. Сонымен қатар режиссерлік жұмыспен де айналысып, көптеген спектакльдерді сахнаға шығарып, көрермен көңілінен шыққан. Актер қазақ кино өнерінің дамуына да өз үлесін қосып, он шақты рөлде ойнаған. Сондай-ақ орысша фильмдерді қазақша сөйлетуде көп еңбек сіңірген. Ол қазақшалаған фильмдердің жалпы саны 2000-ға жуық.

Құрмет орденімен марапатталған.

66 жыл бұрын (1946) «Kazgor» жобалау академиясының бірінші вице-президенті және бас сәулетшісі, профессор, Шығыс елдері сәулетшілері Халықаралық академиясының корреспондент мүшесі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген сәулетшісі ЕРАЛИЕВ Тоқтар Ералыұлы дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысы Бөген ауданында туған. Қазіргі Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін бітірген. 1970-1988 жылдары - «Қазқалақұрылысжоба» институты шеберханасының сәулетшісі, бас сәулетшісі. 1988-1989 жылдары - Қазақстан Сәулетшілер одағының төрағасы. 1989-1991 жылдары - КСРО Жоғары Кеңесінің мүшесі. 1991-1992 жылдары - Қазақстан Сәулетшілер одағының президенті. 1992-1994 жылдары - «Үркер» шығармашылық бірлестігінің бас сәулетшісі. 1995-1997 жылдары - Алматы қалалық сәулет және құрылыс департаменті «Алматықаламемсараптама» басқармасының бастығы. 1997-1998 жылдары - Астана қаласының бас сәулетшісі. 1998-2000 жылдары - Алматы қалалық жобаларды сараптау орталығының бастығы қызметтерін атқарған.

«Парасат» орденімен мараптталған.

65 жыл бұрын (1947) Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы  ОРАЗАЛИН Нұрлан Мырқасымұлы дүнитеге келді.

Алматы облысы, Ұйғыр ауданы, Көкбастау ауылында дүниеге келді. 1965 жылы орта мектепті бітірген соң, Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түсті.

Еңбек жолын 1970 жылы "Қазақстан пионері" (қазіргі "Ұлан") газетінде әдеби қызметкер болып бастады. 1972-1984 жылдар аралығында республика Мәдениет министрлігінің репертуарлық-редакциялық коллегиясында редактор, аға редактор, бас редактор қызметтерін атқарды. 1984-1986 жылдары республикалық қуыршақ театрының директоры болды. 1986 жылы Қазақстан театр қайраткерлері одағының бірінші съезінде одақ басқармасының бірінші хатшысы болып сайланып, 1986 жылы өткен КСРО Театр қайраткерлері одағының бірінші съезінде басқарма құрамына енді. 1990-1993 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. 1993-1996 жылдары "Егемен Қазақстан" газетінің бас редакторы қызметін атқарды. 1996 жылдан бері Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы.

Н.Оразалин - ақын, драматург. Оның қаламынан туған "Беймаза көңіл", "Көктем көші", "Жетінші құрлық", "Адамзатқа аманат", "Құралайдың салқыны", "Ғасырмен қоштасу", "Сырнайлы шақ" атты жыр жинақтары мен "Шырақ жанған түн", "Аққұс туралы аңыз" пьесалары оқырмандар мен көрермендерден кезінде жақсы бағасын алған. Ол - Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Алматы қаласының құрметті азаматы.

Қазақстан жазушылар Одағы басқармасының төрағасы, Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің кеңесшісі, танымал ақын, драматург, көрнекті қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері, Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Алматы қаласының қадірлі азаматы. Н.Оразалин- жаңа заманғы қазақ поэзиясы ақындарының бірі, көптеген әдеби-көркем сыншы мақалалар мен публицистикалық мақалалардың авторы.

«Құрмет» орденімен, медальдармен марапатталған.